Қабылхановтардың қымызы

Қабылхановтардың  қымызы
ашық дереккөз
Қабылхановтардың қымызы

Қарақыстақ ауылында тұратын Дінмұхамед Қабылханов тоқсаныншы жылдардың соңына дейін ауыл шаруашылығы саласында аянбай еңбек етті. Шопанның ақ таяғын қолына ұстады, трактор руліне де отырды. Дегенмен, нарықтық кезеңнің заңы басқаша екенін Дәкең жұрттан бұрын түсінді. Оны да «түсіндірген» нарықтың өзі болды. Ұзақ жыл тірнектеп жинаған жүзге жуық уақ малы жылға жетпей қажеттілігіне жұмсалып кеткенде отағасы ұзақ ойға шомды. Бұлай қамсыз отыра берсе, енді қалған үш жылқысын да көп ұстап тұра алмайтынын ұқты. Ұқты да тәуекел етті. Қарақыстақ ауылының тұсынан өтетін ұзын жолдың (бұрынғы Ұлы Жібек жолының сілемі) бойынан шағын қымызхана ашты. Бұл 1997 жылдың жазы еді. Құдай ісінің сәтін салғанда жары Базаркүл де қымыз баптағанға өте епті, шебер болып шықты. Ол да кәсіпкерлікті дамыту үшін бюджеттен жалақы алатын жұмысынан қол үзді. Әйтпесе, ауылдың алдыңғы қатарлы кітапханашысы еді. Ол кезде қымыз сататындар сирек. Жылқы сүтінен жасалған сусындарына сұраныс артып, ниеттері оңға басты. Айналасы үш жылдың ішінде осы кәсіптен-ақ нәпақаларын айырып, жылқы санын 23-ке жеткізген. Ешқандай несие алмай-ақ, мал санын еселеп көбейтіпті. Жібек жолы бойынан дәмхана ашуы да отбасылық бизнесті арттыра түскен. Дәкеңнің ұлы – боксшы. Ол жастар арасында екі дүркін ел біріншілігінің чемпионы, Азия біріншілігінің күміс жүлдегері атанған. Аслан жарақатына байланысты спортпен қоштасқан екен. Бұл күнде ата-анасы бастаған қымыз бизнесін қыздыруға кірісіпті. Жалпы, тәулігіне мұнда 300 литр қымыз өндіріледі. Оның 100 литрі Тараз қаласынан ашқан арнайы орында жүзеге асып, сатылады. Әсіресе, таңертең саумал іздеп келетіндер өте көп екен. Олар таза саумалды бие сауымы кезінде ішкенді жөн көреді. Көпшілігі сырқаттарынан айығып, Қабылхановтарға алғысын айтуда. Саумал мен қымыз асқазан, бауыр ауруларына мың да бір ем. Қан аздығы ауруынан да құлан-таза айықтырады. 2000 жылы құрылған «Аслан» шаруа қожалығы он адамды жұмыспен қамтып отыр. Олардың орташа жалақысы 60-70 мың теңге көлемінде. Бұл қожалық жылқы бордақылаумен де шұғылданады екен. Соңғы екі айдың ішінде 40 жылқы бордақылап сатыпты. Үлкен қыздары Ақбота Қазақ аграрлық университетінің магистратурасында білім алып жүрсе, кішісі Айтолқын 6-сыныпта оқиды. Аслан ерте отау құрып, ата-анасын қуантыпты. Келіншегі Әйгерім Әбжапарова да нағыз істің адамы болып кездескен. Бұл күнде дәмі тіл үйірген тәтті қымызды баптап, қалың көпшіліктің сұранысын дер кезінде өтеп үлгеріп жүрген де осы – Әйгерім. Үш баланың анасы. Дінмұхамед атасы мен Базаркүл апасы балдай тәтті немерелері Әли, Нұрали, Ералының қылықтарын қызықтап, шат-шадыман шаттыққа бөленуде. Бұл шаңырақ иелерінің қашанда дастарқандары жаюлы, қымыздары құюлы, пейілдері дархан. Ал қыста қымыз сапырған шаруа қожалықтың мұқтаж жандарға, жетімдерге, балалар үйіне көрсетіп жүрген қайырымдылығы өз алдына. – Істің көзін тапқанға біздің елде кәсіпкерлікті дамытуға мол мүмкіндік бар. Оны өз тәжірибем арқылы сезініп отырмын. Ешқандай несие алмай-ақ, жылқы санын жүз басқа жеткіздім. Алдағы уақытта «Даму» қоры арқылы 15-20 миллион теңге көлемінде несие алу жоспарында бар. Ол қаржыға уақ мал бордақылау алаңын және саумалмен емделушілерге арналған демалыс орнын салуды көздеп отырмын, – дейді қожалық басшысы Дінмұхамед Қабылханов.

Есет ДОСАЛЫ, «Ақ жол».

Т. Рысқұлов ауданы.

Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар