Әр отбасы үшін ырыс пен береке жылы болсын!

 Әр отбасы үшін ырыс пен береке жылы болсын!
ашық дереккөз
Әр отбасы үшін ырыс пен береке жылы болсын!

Облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлы Көкірекбаевтың облыс жұртшылығын Жаңа жыл мерекесімен құттықтауы

Құрметті жамбылдықтар! Жаңа жыл – әлем халықтары асыға күтетін айрықша мереке. Баршаңызды ізгі жаңалығымен келер Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Тарих қойнауына кетіп бара жатқан 2016 жыл қазақстандықтар үшін маңызды шешімдерге, жетістіктерге толы болды. Бірлігі жарасқан еліміз Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын сән-салтанатпен, толайым табыстармен атап өтті. Ширек ғасыр ішінде Қазақстан мерейлі мемлекет ретінде әлемге танылды. Бүгінде әрбір қазақстандық болашаққа еңсесін тіктей қарап, өз өмірінің келесі парағын зор сеніммен ашуда. Осының барлығы Елбасы, Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың көреген, сарабдал саясатының жемісі. 2016 жылы еліміз болашақтың бағдарын айқындаған бес институттық реформаның «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары мен ел ертеңін нығайтатын «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясын орындауға кірісті. Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейлердегі мәслихаттар депутаттарының сайлауын жоғары ауызбіршілікпен өткіздік. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Вашингтонда өткен жаһандық форумда жариялаған «Әлем. ХХІ ғасыр» Манифесі Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы мен Қауіпсіздік Кеңесінің ресми құжаты мәртебесін алды. Қазақстан алғаш рет БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдарға тұрақты емес мүшесі Бразилияның Рио қаласында өткен Жазғы Олимпиада ойындарында жоғары жетістіктер көрсетіп, еліміздің әлемдік аренада мәртебесі биікке көтерілді, барша қазақстандықтардың үміті ақталды. Алдағы жылы еліміз халықаралық ЕХРО-2017 көрмесін өткізеді. Бұл бүкіләлемдік қоғамдастықтың және оны тамашалаушы миллиондаған адамның назарын өзіне аударатын ірі оқиға. Өтіп бара жатқан жыл жамбылдықтар үшін де нәтижелі жыл болды. Аймақ экономикасының барлық саласының қарқынды дамуына қол жеткіздік. Индустриялық карта аясында жаңа өндіріс орындары іске қосылып, жүздеген жаңа жұмыс орындары ашылды. Ауыл шаруашылығы саласында оң өзгерістер көрініс тапты. Жолдар жаңартылып, елді мекендерді газдандыру жұмыстары жалғастырылды. Тұрғын үй бағдарламасы жүйелі жүзеге асып, қоныс тойын тойлаушылар қатары артуда. Көптеген жаңа әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді. Осының барлығына барша жамбылдықтардың ерен еңбегі мен бірлігінің арқасында қол жеткіздік. Алдағы жылы да облыс жұртшылығы ынтымақ пен келісімнің өнегелі үлгісін көрсетіп, еліміздің жарқын болашағы үшін бірлесе еңбек ететіндігіне сеніміміз мол. Құрметті жерлестер! Баршаңызды жаңа 2017 жылмен шын жүректен құттықтай отырып, Сіздерге мықты денсаулық, баянды бақыт тілеймін! Жаңа жыл жақсылығымен келсін! Әр отбасы үшін ырыс пен береке жылы болсын! Жаңа жыл құтты болсын, ағайын!

Ұқсас жаңалықтар