Биік мұнаралы үлкен сағат орнатылса

Биік мұнаралы үлкен сағат орнатылса
ашық дереккөз
Биік мұнаралы үлкен сағат орнатылса

Әлбетте, біз әрбір атқан таңды үйдегі қабырға-сағатқа қарап мөлшерлеп, күні бойы атқарар ісімізді жоспарлаудан бастаймыз. Ертеңгісін де, түсте де, кешке де оған бір қарап қоюды ұмытпаймыз. Онсыз күн жоқ десе де болады. Өйткені, уақытқа тәуелдіміз. Үйде бір жөні болар, ал түзде, әсіресе, қала ішінде әркімнен бір сағат сұрап жүру де әбес іс. Менің байырғы тұрғын ретінде білетінім, өткен ғасырдың елуінші жылдарында қаламыз «Жамбыл» аталатын тұста Абай және Пушкин көшелерінің қиылысында бағанада үлкен сағат ілулі тұратын. Оны ескірді ме, әлде, заман өзгерді ме, бертінде мүлде алып тастады. Ал еліміздің біраз өңірінде ондай құрылғы әлі де сақтаулы. Өткенде телехабардың бірінен Қызылорда қаласының орталығында үлкен сағат орнатылып қойылғанын көріп қалдым. Жуырда «24 kz» телеарнасы Қостанай қаласына жасаған саяхат барысында осындай дүниенің тарихын тамсана баян етті. Бұл уақыт өлшеуішіңіз сәт сайын ән әуелетіп, күй күмбірлетіп тұрады екен. Ондай дүние мына Павлодарда да бар. Біздіңше, бұл дегеніңіз қала үшін әрі сән, әрі мәдениет. Кейбір шетел қалаларында тарихи жәдігер ретінде сақталған атамзаманғы сағаттар әлі жұмыс істеп тұр. Туристер оны тамашалауға арнайы уақыттарын да бөледі. Менің айтайын дегенім, мұндай дүние біздің қаламызда да болған, қазір жоқ. Оны қайта қалпына келтіруіміз керек секілді. Рас, орталық алаңның елеусіздеу бұрышында уақыт пен ауа райын көрсететін шағын табло бар. Бірақ оған назар аударып жатқан жұртты көрмейміз. Міне, сондықтан облыс орталығының көрнекілеу бір тұсына ғажайып өрнектері бар, бір "алып"сағат орнатылып қойылса, құба-құп болар еді. Бұл ұсынысымызды қала басшылары қаперге алар деген сенімдемін.

Барат МЫҢБОСЫНОВ, зейнеткер.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар