Елдігімізді ұлықтайтын еңселі монумент

Елдігімізді ұлықтайтын еңселі монумент
ашық дереккөз
Елдігімізді ұлықтайтын еңселі монумент

Өңірімізде тасқа таңба болып басылған өткенімізді, дәуірлер тынысымен үндестік тапқан ұлттық құндылықтарымызды ерекшелейтін тарихи-мәдени орындар мен ескерткіштер қатары көбеюде. Бәрі Тәуелсіздігіміздің арқасы. Егемен ел атанғалы ескімізді жаңғыртып, қайта түлетіп жатырмыз. Еңсемізді тіктегеніміз осы емес пе, елдігімізді айшықтайтын еңселі ескерткіш-монументтер тұрғыздық. Азаттықтың ақ таңы атқалы бері 25 жылда елімізде Астана мен Алматыда Тәуелсіздігімізді танытатын монументтер бой көтерді. Сондай бір нысан біздің де қаламыздың төрінен орын тепсе деген тәтті тілек тараздықтардың да көкейінде жүрген... Бұл тілек Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы қарсаңында орындалып, Төле би мен Әл-Фараби көшелерінің қиылысынан «Гүлденген Қазақстан» Тәуелсіздік монументі бой көтерген еді. Мерейлі мереке күні тараздықтар осы жерге жиналып, тәуелсіздігімізге тәу етіп, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

Салтанатты шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков, Тараз қаласының әкімі Нұржан Календеров, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, басқарма басшылары қатысты. Бұл өткенді таразылап, болашаққа ой жүгірткен сәт еді. Жұртшылық бір-біріне «Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!» деген лебіздерін арнап жатты.

Елдік мерекені ұлықтауға арналған жиынға келген облыстық «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Уалихан Болатбек Тараз төрінде еңселі ескерткіш – Тәуелсіздік монументінің бой көтергені жастарды ерекше рухтандыратынын айтады. – Бүгін көк байрағымыз көкте желбіріп, дербес мемлекет ретінде елдігімізді әлемге танытқан ең ұлық күн. Қайсар рухты қазақ жастарының ерлігі мен өрлігі әлемге танылған күн. Тәуелсіздік алған ширек ғасыр ішінде Тараз тотыдай таранып, адам танымастай болып өзгерді. Міне, енді, біздің қаламызда да осындай мерейлі мерекелерде арнайы келіп, елдігімізді ұлықтайтын еңселі ескерткіш-монумент бар. Осының бәрі Елбасымыздың сарабдал саясаты мен халқымыздың бірлігінің арқасы. 25 жылда қол жеткізген мемлекетіміздің әрбір жетістігін мақтан тұтып, елдегі тұрақтылық пен бірлікті одан әрі нығайтуға үлес қосу – біздің бұлжымас парызымыз – дейді ол. * * * Жай күндері де бұл ескерткіштің жанынан ешкім мойын бұрмай өтіп кетпейтін болар. Ал Тәуелсіздік мерекесі күні осы жерге арнайы келіп, қайсар ұлдың рухына тағзым жасау керек-ақ. Қалай десек те, тәуелсіздік рухының Желтоқсан оқиғасымен, оның қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің есімімен астасып, байланысып жатқанын жоққа шығара алмаймыз. 16 желтоқсан – Тәуелсіздік мерекесі күні қала әкімі Нұржан Календеров, облыстық басқармалардың басшылары, «Нұр Отан» партиясының аумақтық филиалының, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, студент жастар және ұстаздар мен оқытушылар Желтоқсан оқиғасының батыры, Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбековті еске алып, рухына тағзым етіп, ескерткішіне гүл қойды. Күн ашық, жер қара болғанымен, ауада ызғырық бар. Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің есімімен аталатын саябаққа жиналған жұртшылықты бір ауыр естелік шырмап алғандай, үнсіз. Өткенді оймен шолып, көңілдегі шерді іштей тізгіндейді. 86-ның Желтоқсаны... Арада 30 жыл өтсе де сол бір кездің ауыр естелігі жүректі жаншитындай. Көңілдегі сызы әлі кетпеген.

Нұрым сырғабаев, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар