250 пәтерлі бес үй пайдалануға берілді

250 пәтерлі бес үй пайдалануға  берілді
ашық дереккөз
250 пәтерлі бес үй пайдалануға берілді

Еліміздің Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Гвардияшылар кентінде әскери қызметшілердің отбасы үшін салынған 250 пәтерлік екі қабатты бес үй пайдалануға берілді. Қордайға келген ҚР Қорғаныс министрі, генерал-полковник Сәкен Жасұзақов пен облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев әскерилерге пәтерлер кілтін салтанатты жағдайда табыс етті.

img_9947 img_9955Алдымен сөз алған Қорғаныс министрі баршаны еліміздің басты мерекесімен құттықтап, тәуелсіздік жылдары әскери салада жеткен жетістіктерге қысқаша шолу жасады. Әскеріміздің қорғаныс қабілеті және техникалық жарақтануы жаңа сатыларға көтерілуде. Отан қорғау қызметінде жүрген әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайы да жылдан-жылға жақсаруда. Мұның мысалын Отар әскерилерінің өмірінен де көруге болады. Мұнда отбасы мүшелерінің санына байланысты соңғы үлгіде жоспарланған 2, 3 және 4 бөлмелі пәтерлер беріліп отыр. Министрдің айтуынша, әскерилер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қамқорлығы мен ҚР Қорғаныс министрлігінің күш-жігері арқасында пәтерге ие болды. Облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлы Елбасы бастамасымен атқарылып жатқан серпінді жобалар мен ел экономикасына бетбұрыс жасаушы «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының маңызына тоқталды. Еліміздің әскери қалашықтарының инфрақұрылымын жетілдіру, әскери қызметшілердің әлеуметтік мәселеге алаңдамай, Отанға қалтқысыз қызмет етуі үшін олардың отбасы мүшелеріне қолайлы жағдай туғызу Елбасының ұдайы назарда ұстап келе жатқан өзекті мәселелердің бірі екенін атап көрсетті. Қорғаныс министрі мен өңір басшысы Отар гарнизонындағы 21450 әскери бөлімнің қызметкерлері сержанттар Руслан Қамбаров, сержант Мақсұт Нұржауов, Сергей Шибков, аға лейтенант Марат Қаржауовқа жаңа пәтер кілттерін табыс етті. Одан кейін жаңа үйдің лентасын қиып, сержант Руслан Қамбаровтың шаңырағына бас сұқты. Сержанттың қарт анасымен дидарласып, үйдің көрімдігі ретінде бағалы сыйлығын табыс етті, мереке құрметіне жайылған қоныс той дастарқанынан дәм татты. Жалпы, Тәуелсіздік мерейтойының құрметіне пайдалануға берілген бұл бес үйде барлығы 250 пәтер бар. Бөлмелері кең әрі жайлы үйлердің бәрінде негізгі жиһаздары, тоңазытқыштар мен газ плиталары қойылған.

Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол».

Қордай ауданы.

Ұқсас жаңалықтар