Бабалар еккен шынарды балалар саялайды

Бабалар еккен шынарды балалар саялайды
ашық дереккөз
Бабалар еккен шынарды балалар саялайды
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың экономиканы әртараптандырудағы сарабдал саясатының арқасында өндірістің өркендеуі қысқа мерзім ішінде жаңа сипат ала бастады. Облысымыз аграрлық әрі өндірістік аймақ ретінде елдегі Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын белсенді жүзеге асырып отырған өңірлердің біріне айналды. Облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының келтірген мәліметтеріне сүйенсек, жалпы өңірлік өнім 90-жылдардың басынан бүгінге дейін 10 миллиард теңгеден 1 триллион теңгеге дейін өсіпті. Соңғы 15 жылда өнеркәсіп өнімі өндірісінің көлемі 2,5 есеге артса, кейінгі 6 жылдың өзінде жаңадан 43 өндірістік нысан іске қосылыпты. Бұл – жақсы. Алайда, біз орағытып өте алмайтын бір жай бар. Жалпы, өндіріс орындары ашылған сайын ауаға шығарылатын зиянды заттардың да көлемі ұлғая беретіні белгілі. Мысалы, облыс бойынша 2006 жылдары атмосфераға өндіріс орындарынан 20 мың тонна зиянды заттар шығарылса, 2015 жылы бұл көрсеткіш 39,9 мың тоннаға өскен. Тиісінше қоршаған ортаға эмиссиялар үшін бюджетке төленетін төлемдер артып келеді. Атап айтқанда, 2006 жылдары төлемдердің осы түрінен бюджетке 307,1 миллион теңге түссе, биыл табиғат пайдаланушылар тарапынан бюджетке 1,8 миллиард теңге төленіп отыр. Жалпы, өңірде 2400-ден астам табиғат пайдаланушылар тіркелген болса, олардың 269-ы І санаттағылардың қатарына жатқызылады. Биыл жыл басынан бері облыс бойынша экология департаменті тарапынан табиғат қорғау заңнамаларын сақтауға бағытталған 87 іріктеп тексеру, 215 жоспардан тыс тексеру ұйымдастырылды. Нәтижесінде 1300-ден астам бұзушылықтар анықталып, 23 миллион теңге көлемінде әкімшілік айыппұлдар салынды. 116 миллион теңгеге келтірілген залалдар бойынша талап-арыздар берілді. Табиғат пайдаланушылардың есебінен 1,2 миллиард теңгеден астам қаржыға табиғат қорғау шаралары жүргізілді. Оның ішінде өндіріс орындарының маңайын көгалдандыру және көгеріштендіру, зиянды қалдықтарды азайту үшін жаңадан құрылғылар орнату, шайынды суларды тазарту және басқа да шаралар қамтылған. Бүгінде халықаралық экологиялық міндеттемелерге сәйкес, тұрғындардың жоғары тұрмыс деңгейімен және табиғи ресурстарды ұтымды пайдаланумен сипатталатын «жасыл экономикаға» ерекше мән беріліп келеді. Бұл жерде өңірлер үшін айрықша қаралатын мәселе – қалдықтарды тиімді басқару. Яғни, көшелердегі тазалық, кездейсоқ күл-қоқыстарды болдырмау, тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау немесе қайта өңдеу арқылы пайдаға асыру жүйелі түрде айналысуды қажет ететін салалардың бірі ретінде қарастырылып отыр. Қазір облыстағы 377 елді мекенге қызмет көрсету үшін 168 тұрмыстық қатты қалдықтарды жинайтын полигондар жұмыс істейді. Барлық полигондардың қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсаттары рәсімделген. Оларда 2,6 миллион тоннадан астам қалдықтар жинақталған. Жыл сайын Тараз қаласының өзінен орта есеппен 60,0 мың тонна тұрмыстық қатты қалдықтар шығарылуда. Облыстық прокуратураның бастамасымен қыркүйек-қазан айларында тұрмыстық қатты қалдықтарды бөлек жинау, сұрыптау, ұнтақтау, сығымдау немесе басқа да тәсілдер арқылы алынған материалдарды кәдеге жаратумен айналысатын жаңа жобалар енгізу жөнінде екі рет мәжіліс ұйымдастырылды. Мәжілістерге осы жұмыстарға инвестиция салуға ниет білдіріп жүрген компаниялар мен тұрмыстық қатты қалдықтарды жинайтын кәсіпорындардың өкілдері қатысты. Онда қалдықтарды бөлек жинаудың тиімділігі мен еліміздің басқа өңірлеріндегі оң тәжірибелер таныстырылды. Қоршаған ортаның ластануы автокөліктердің саны артқан сайын сезіле бастайды. Яғни, ауаға шығатын улы заттардың қоспасы белгіленген мөлшерден артық болады. «Қазгидромет» кәсіпорнының облыстық филиалы ұсынған мәліметтер бойынша Тараз қаласының аумағында атмосферадағы көміртек тотығының мөлшері 6,0 мг/м3, азот диоксидінің мөлшері 0,26 мг/м3. Бұл қалыпты мөлшерден 2 есеге жоғары. Мысалы, Тараз қаласында жеке азаматтардың иелігіндегі автокөліктердің көбейіп келе жатқаны белгілі. Сондықтан, «Таза ауа» атты рейдтік тексеру шаралары тұрақты жүргізіліп тұрады. Жыл басынан бері 3386 автокөліктен сынама алынып, анықталған 1375 бұзушылықтар бойынша 2,2 миллион теңге айыппұл салынды. 33 қоғамдық көлік талаптарға сәйкес жөндеуден өткізілгенге дейін тоқтатылды. Уақыт жылжып, ел жаңарса да мағынасын жоғалтпай келе жатқан халықтың дана сөздері бар. Мысалы, «Бір тал кессең, он тал ек», «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» және «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген өсиеттер қазіргідей техника дамыған кезеңде де көпшілікті табиғатты аялауға шақырады. Сондықтан, елді мекендердегі жасыл желектердің аумағын кеңейту аса маңызды. Бұл жөнінде облыста қалалар мен ауылдық жерлерде «жасыл белдеулер» қалыптастыруға арналған арнайы жоспар құрылды. Жоспар бойынша 2017 жылға дейін бұл аумақтардың көлемі 1,4 мың гектарға дейін жеткізілуі тиіс. Табиғат пайдаланудағы тепе-теңдікті, заңдылықты сақтауды қадағалауда экология департаментінің атқаратын жұмысы қомақты. Егемендіктің алғашқы жылдарында басқа да мемлекеттік органдармен қатар экология саласындағы құрылымдар өздерінің жұмыстарын тұрақты жетілдіріп отырды. Бұл іс қазір де өзектілігін еш жойған жоқ. «Бабалар еккен шынарды, балалар саялайды» дейді халық. Ендеше барша жерлестерімізді тал егуге, табиғатты аялауға және тұратын жерімізді таза ұстауға шақырамыз!  

Малика БАЙСЕҢГІРОВА, облыс бойынша экология департаментінің зертханашысы.

Ұқсас жаңалықтар