Тәуелсіз еліміздің ширек ғасырлық тарихында тарихи жадыны жаңғырту саласы бойынша атқарылған ұлан-асыр жұмыстар, сөз жоқ, елдік пен бірліктің тұғырын биіктету мұратымен сабақтас арнада алға басты.
Кешеден жеткен тарихи жәдігерлеріміздің жай-күйіне жас мемлекетіміз бірден назар аударып, олардың ұрпақ тәрбиесіне, ұлттық ұлағат ұстанымдарына қосар үлестерінің маңыздылығына ерекше мән берді, тарихи жәдігерлерді сақтай білу, сараптай білу мақсатымен тұстас ұрпақ алдына биік міндеттер қойды. Соның бір көрінісі – кешегі Тәуелсіздіктің елең-алаңында, жас мемлекеттің ішкі-сыртқы саясатын, оның әлеуметтік-экономикалық қатынастарын реттейтін заң күші бар көптеген құжаттардың әлі де толық қабылданбай жатқан тұсында-ақ, сонау 1992 жылы мемлекетіміз «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Заңын қабылдады. Осы құжаттың шапағатымен жер-жерде тарихи-мәдени қорық-музейлер құрылды, ғасырлар бойы ұлтымыздың ұлағат нысаны, рухани ұстындарының бірі болып келген, бірақ, өкінішке орай күтімі көңіл көншітерлік деңгейден әлдеқайда төмен жатқан тарихи мұраларды күтіп, қайта жаңғырту, зерттеп-зерделеу, насихаттау жұмыстары бойынша кешенді бағдарламалар жасалынды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың дуалы аузымен: «Тараз – тарихымыздың алтын арқауы» атанған қасиетті Әулиеата-Тараз топырағында орын тепкен тарихи жауһарларымыздың жұлдызы жарқырап, олар Тәуелсіз елдің бүгінгі ұрпақтарын өткен абыз-тарихқа тағзым етуге үндей бастады, кешегі бабалар рухынан рухани қуат алып, ғасырлар қойнауынан жеткен құндылықтар шежіресінен тәлім алуға тәрбиелей бастады. Ұлттық тарихнамамызда басында тұрған бүкіләлемдік тарихи шежірелерде «Шу-Талас аңғары» деген тараумен арнайы таңбаланатын киелі мекеніміздегі «Айша бибі-Бабаджа Хатун», «Қарахан-Дәуітбек», «Ақыртас», «Баласағұн» кешендері арғысы түбі бір түркі әлемінің бергісі, «мың өліп, мың тірілген» туған халқымыздың тарихи-рухани орталықтарына айналу процесіне еркін еніп, ел игілігіне қызмет ете бастады. 2000 жылдары екі кезеңмен өткен «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында ежелгі дәуірлердің ізі жатқан ғұн, сақ, үйсін қорғандарында қазба жұмыстары жүргізіліп, облыс көлеміне орналасқан республикалық дәрежедегі 20 тарихи ескерткіш қайтадан қалпына келтірілді. Оларды кешенді зерттеу нәтижесінде ұлттық тарихнаманың жаңа беттері жазылды. Мысалы: Тараз қаласының тарихы 21 ғасырға тең екендігі, киелі қаламыздың аса ірі мәдени-рухани орталық болғандығы, Ұлы Жібек жолы бойындағы аса ірі бекет-бекіністердің бірі есебінде Шығыс пен Батыс өркениеттерін тоғыстырып, жалпы адамзат өркениетіне өлшеусіз үлес қосқандығы, бірнеше мемлекеттік құрылымдардың астанасы да болғандығы айқындала түсті. Орталық Азия аумағында теңдесі жоқ құрылым, тарихы VІІІ ғасырмен шендестірілетін, кешегі ата-бабаларымыздың құрылыс өнерін еркін игерген өрелерінен, осы заманның тілімен айтсақ, олардың алып құрылысқа қажетті инженерлік коммуникациялар қондыру өнерінен, материал тану және өңдеу тәсілдерінен толымды хабар беріп тұрған жәдігер, Ақыртас сарай кешені осы ұлттық-стратегиялық «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында үлкен орталыққа айналды. Тарихи мұра аумағында осы заманғы ғылыми-ақпараттық орталық бой көтерді. Егер тарихи мұраларды қайта жаңғырту мен археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу машақаты инемен құдық қазғандай аса күрделі екендігін ескерсек және оған жұмсалатын қаржы көлемінің де тым қомақты екендігін пайымдасақ, Тәуелсіз мемлекетіміз өзінің 25 жылдық тарихында 100 жылға татитын жұмыстар атқара білді. Киелі өлкеміз ұлтымыздың тарихындағы көп жақсылықтың басында тұрды дедік. Олай деуіміздің дәлелі – әлем картасына айтулы өзгеріс, әлемдік дамуға ірі бетбұрыс әкелген «Атлах» шайқасы, Батыс Түрік империясының Тон Ябғу, Тоныкөк оғландары «сөз бастаған» Ордасы (Мыңбұлақ мекенінде), Керей мен Жәнібек оғландар Қазақ хандығының шаңырағын көтерген Қозыбасы биіктерінің осынау киелі мекенімізде тұрғандығы. Сондықтан да болар, ұлттық тарихымыздағы кезекті кемел кезеңнің бірі – Хандығымыздың алғашқы торқалы тойын қазақ тарихында тұңғыш рет, араға 550 жылға жалғасқан жәдігер жылдарды салып барып атап өту үлесінің де, Тараз жұртшылығының пешенесіне жазылуы! Қазақстан тарихында алғаш рет бес бірдей жәдігеріміз ЮНЕСКО-ның «Бүкіл адамзатқа ортақ құндылықтар» тізіміне енді. Қазақ Хандығының 550 жылдық мерекесі қарсаңында ежелгі Тараз жәдігері аумағында кешенді құрылыс, зерттеу, қайта жаңғырту жұмыстары кешенді қалыппен қатар жүргізіліп, республикадағы тұңғыш ашық аспан астындағы археологиялық саябақ-музей, тек бір қалаға – Тараз қаласына арналған аса еңселі «Ежелгі Тараз» музейі, салтанат сарайы, тұлғалы «Достық» үйі, қала тұрғындарының тарихи-мәдени сайран-серуеніне арналып, тарихи атаулармен айшықталған әртүрлі нысандары бар демалыс саябағы, еліміздегі екінші «Бәйтерек» – «Шолу мұнарасы» бой көтерді. Текті жұртымыздың бойын тебіренткен отансүйгіштік, өзара жарасым мен келісім, қажырлы еңбек, кешегі кемел ұрпақтан аманат есебінде жеткен асыл мұраларға деген ыстық ықылас секілді құндылықтардың бүгінгі салтанаты – атыңнан айналайын Тәуелсіздік мұратынан тараған шұғыла! Ширек ғасырда өрлік пен ерлікке толы мыңжылдықтар таңбаланған тарихи шежіреміздің талай беттері оқылды, талай парақтары жазылды! Той-тойға ұлассын, Мәңгілік Еліміздің еңсесі әрқашанда биіктей берсін!
Тәкен Молдақынов, «Ежелгі Тараз ескерткіштері»
қорық-музейінің директоры.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді