Қытайдан керуен шақыртқан

Қытайдан керуен шақыртқан
ашық дереккөз
Қытайдан керуен шақыртқан

Облыс басшысы қаламгерлерге ағынан жарылды

Жақында жаңадан ашылған «Руханият» орталығында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев облыстағы әдебиет пен өнер өкілдерін қабылдағаны белгілі. Сол жерде өңір басшысы қозғаған әңгімелер жүрегімізді тербеді. Сол әсерімді газет оқырмандарымен бөлісуді жөн көрдім. Сол жиында облыс басшысы бізге Таразда тойланған Қазақ хандығының 550 жылдық тойына Қытайдың Шэньси провинциясындағы Сиань қаласынан 130 түйеге жегілген арнайы керуеннің келуінің сырын айтып берді. Оның өз мәні бар екен. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев 2015 жылы Шэньси провинциясына арнайы іссапармен барғанда қытай тілінде тілек білдірген еді. Сол сәтке куә болдық. Сонда Шэньси провинциясының басшысы «Сіздің бұлай сөйлеуіңіз бізге көрсеткен өте үлкен құрметіңіз деп есептеймін. Сондықтан, сіздер жақта өтетін тойға қандай тарту жаса десеңіз, жасатамын. Сіздің қытайша сөйлегеніңіз үшін» деді. Облыс басшысы баяғы көшпенді дәстүрімізді көрсететін түйе мінген адамдардан құралған керуеннің Сианьнан Таразға дейінгі жолды жүріп өтуін сұранады. Провинция басшысы бұл сұранысты қолдап, 6600 шақырым қашықтыққа түйелі керуен жіберді. Тойдың басталарынан бірнеше ай бұрын 130 түйемен шыққан керуеннің 43 түйесі 550 жылдықтан бірер күн бұрын Таразға жетті. Бұл түйелердің келуі жөнінде Елбасының байқампаздығын паш ететін бір әңгіме бар. Оны облыс басшысы үнемі айтып жүреді. «Хандықтың 550 жылдығы Таразда өтіп жатқан кез. Керей мен Жәнібекке арналған ескерткіш Елбасының қатысуымен ашылып, сол шарадан Президентпен бірге қайтып келе жатырмыз. Қалаға кіреберісте жол бойымен жағалап келе жатқан түйелерді Елбасы бірден байқап қойды. «Кәрім, көліктің жылдамдығын бәсеңдетіңдерші. Мынау қайда бара жатқан түйелі адамдар?» деді. Мен Президентке жағдайды түсіндірдім. Президент сонда «Көлікті тоқтатыңдар», деп тоқтаған көліктің терезесінен түйедегі қытайлықтарға ұзақ қарап тұрды. «Ой, мынау, Қытай азаматтары 6600 шақырым жол жүрген адамға ұқсамайды ғой» деп әзілдегені бар», – дейді облыс басшысы. Міне, бұл жағдайдың өзі бір тарих. Сол сапарда Президент облыс басшысына риза болып, Кәрім Нәсбекұлына өзінің қол сағатын сыйлағаны да бекер емес.

Шырын Мамасерікова, ақын, Меркі ауданының Құрметті азаматы.

Ұқсас жаңалықтар