«Жамбыл жауһарының» жеңімпаздары

«Жамбыл жауһарының» жеңімпаздары
ашық дереккөз
«Жамбыл жауһарының» жеңімпаздары

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық торқалы тойына орай облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты халық шығармашылығы орталығы «Жамбыл жауһары» атты қылқалам шеберлері мен фотографтардың виртуалды байқауын өткізді. Тұңғыш рет «В контакте» әлеуметтік желісін қолдану­шылардың дауыс беруі арқылы ұйымдастырылған өнер аламанында жеңімпаздарды халық таңдады. Байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсімі облыстық көрме залында болды. Жалпы, көрме залына қойылған қатысушылардың туындылары көркемдігімен көз тартады. Қазақ тарихының темірқазығына баланған Тараздың сулы да, нулы, көркем жерлерін суретшілер қылқаламмен келістіре бейнелеген. Тарихи орындардың бейнесін де майлы бояумен әдемі өрнектей білген. Фотографтар да шаһардың көрікті жерлерін әр қырынан, түрлі ракурспен түсіргені, ізденгендері аңғарылып тұрды. Байқау қорытындысында фотосурет аталымы бойынша 4543 дауыс жинаған сарысулық Нұршаш Ермаханова үшінші орынды иеленсе, 5874 дауыс алған меркілік Нұрдәулет Исатаев екінші орынға орнықса, туындысын 6650 желі қолданушылары жеңімпаз деп тапқан тараздық Қайсар Тұрсынбаев бірінші жүлдені иеленді. Ал бейнелеу өнері аталымында 319 дауыс иемденген жамбылдық Айдар Сейтханов үшінші орынды еншілесе, 1195 дауысқа қол жеткізген жуалылық Бауыржан Тәжімұратов екінші, 1718 желі қолданушының қолдауына ие болған тараздық Тұрар Әбумансұр жеңімпаз атанды. Виртуалды дода жүлдегерлеріне бағалы сыйлықтар мен дипломдар тапсырылды.

Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар