Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, әлемдегі ересек жандардың он пайызы шылымқорлықтан көз жұмады. Ал, Қазақстанда темекі тартатындардың саны төрт миллион адам. Жыл сайын, олардың 25 мыңы шылымның кесірінен қайтыс болады екен. Зерттеу нәтижелері ерлерге қарағанда, нәзік жандылардың шылымға үйірсектігін көрсетіп отыр. Темекі түтінінің құрамында 5000-ға жуық химиялық зат бар. Қазіргі уақытта темекінің салдарынан туындайтын 25-тен астам ауру түрі анықталған. Мәселен, өкпе обыры, созылмалы бронхит, ишемиялық жүрек аурулары және басқалары. Сондықтан, ДДҰ 31 мамырды «Дүниежүзілік темекісіз» күн деп белгілеген.
Осыған орай, Тараз қаласындағы тұңғыш Президент саябағында «Никотинді дәруменге айырбаста!» атты акция ұйымдастырылды. «Мақсат – темекіні тұтынуды төмендету үшін, билікті оған салықты жоғарылатуға шақыру» дейді облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының мамандары. Еліміздегі саясаттың арқасында темекіге қарсы күрес өз нәтижесін бере бастаған секілді. Мәселен, саябақта жүрген әрбір он адамның жетеуінің темекі шекпейтіндіктері белгілі болды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша, облысымызда 2009 жылдан бері темекі өнімдеріне тәуелділерге және тастағысы келгендерге көмектесу үшін үш орталық құрылып, жұмыс істеуде. Аталған акция барысында облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы мен «Жамбыл облысының жастар мәслихаты» қоғамдық бірлестігінің мамандары көк түтінді будақтатып жүргендерге қолындағы темекілерін дәруменге ауыстыруды ұсынып, жағымсыз әдеттен бас тартуға шақырды. Ал, жүргіншілерден жиналған темекіні белсенділер сындырып, арнайы жәшікке лақтырды. Бұл күні темекілерін алма мен тәттіге ауыстыруға ниет білдіргендер көп болды.
Шынар САҒИЕВА, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді