«Жаңару» жемқорлықтың жолын кеспек

«Жаңару» жемқорлықтың жолын кеспек
ашық дереккөз
«Жаңару» жемқорлықтың жолын кеспек

Өткен жылдың соңында Астана қаласында «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» қоғамдық бірлестігі құрылып, өз жұмысын бастаған болатын. Көп ұзамай-ақ басқа аймақтармен қатар облысымызда да жаңа бірлестіктің филиалы ашылып, іске кірісті. Жұма күні облыстық әділет департаментінің ғимаратында филиал жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңестің алғашқы отырысы өткізіліп, алдағы міндеттер айқындалды.

Басқосуда баяндама жасаған филиал директоры Қасымхан Төлендиев «Жаңарудың» басты мақсаты Елбасының жемқорлыққа қарсы сындарлы саясатын қолдау және жүзеге асыру екендігіне тоқталды. – «Жаңару» бірлестігі жемқорлықпен күрес бойынша жол картасын, яғни заңнамалық үрдіс пен құқық қорғау тәжірибесін, атқарушы билік пен арнайы мемлекеттік органдардың, азаматтық қоғам мен жұртшылықтың әрекеттерін біріктіретін іс-қимылдардың тиімді бағдарламасын, сонымен бірге, нормативтік-құқықтық актілердің қоғамдық жемқорлыққа қарсы сараптамасы жүйесін құруды көздеп отыр. Сондай-ақ, «Жаңару» мемлекеттік қаражатты заңсыз, мақсатсыз пайдалану, талан-таражға салу, адамдардың құқықтарын бұзу фактілері бойынша журналистік зерттеулер жүргізбек. Қазір бірлестіктің жанынан журналистік клуб құрылған. Қоғамдық сенім орталығы жұмыс істеуде. Онда білікті, тәжірибелі заңгерлер, журналистер, партия белсенділері, азаматтық қоғам мүшелері топтастырылып жатыр, – деді Қ. Төлендиев. Кеңес отырысы барысында «Жаңару» «Нұр Отан» партиясы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі қоғамдық кеңестің жұмысын қайталамай ма?» деген сұрақ қойылды. Бұл сұраққа Қ.Төлендиев «Жаңа бірлестік «Нұр Отан» партиясы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі қоғамдық кеңестерге бәсекелес күш емес, керісінше Елбасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы тапсырмаларын бірігіп, ынтымақтастықта іске асыратын мүдделес және мақсаттас қоғамдық ұйым» деп жауап берді. Басқосу соңында кеңес мүшелеріне, бірлестіктің Тараз қаласы мен аудандардағы өкілдеріне тиісті тапсырмалар берілді.

Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».

 

Ұқсас жаңалықтар