Табиғат – сырын ұға алғанға құт

Табиғат – сырын ұға алғанға құт
ашық дереккөз
Табиғат – сырын ұға алғанға құт

Осынау ұлы далада ежелден аттың жалы, түйенің қомында күн кешкен ата-бабаларымыз талбесік – табиғат-ананың әралуан сырын ұғып, мұңын тыңдай білгендіктен, жер қайысқан мал өсіріп, сатса алтын, ішсе тамақ, кисе киім, мінсе көлік жасап, ешкімге жалтақтамай-ақ күн кешкеніне тарих куә!

21

Бірақ, қандай да бір жан-жануарды өскен ортасына қарай шектеу немесе қорғау адамға да, табиғатқа да пайдалы. Міне, жалпы аңшылық кәсібі осындай сұраныс-мұқтаждықтан шыққан. Мәселен, қазір бір басына он мыңдап бәйге, сыйақы беріп, жыл он екі ай аулауға рұқсат берілген аса қауіпті жыртқыш – қасқырдың өзін қазақтар тері жүні ішікке жарайтын күзге дейін ауламаған. Буаз жануар мен оның жас төлін өлтіру де ауыр күнә саналған.

Сондықтан қазақ аңшылары, аң-құстың ұрпақ өсірер кезі басталар наурыздың басында-ақ қару-жарақ, қақпандарын су тиіп-шірімес, күн өтіп жасымас үшін, кебежеге салып, күзге дейін сақтауға қойған... Аңшылықтағы ата қағидасын қазір ұмытып барамыз. Сөзім дәлелді болу үшін айтар бір ғана мысалға тоқталсақ. Қазақстанға үйректер ұрпақ өсіріп, көбейтуге көктемде жылы жақтан арып-ашып келеді. Оларды мылтықтың оғымен қарсы аламыз. Бұл қандай адами сипатқа сай келеді?! Бұл – табиғатты қорғаудың қазақи қағидасына жат қылық. Сондық­тан әрбір аңшы көк­темгі аңшылықтан өз еркімен бас тартуы керек!..

23

Сусыз өмір жоқ! Су – аң мен құстың, балық атаулының қорғаны мен жаны. Онсыз жан-жануар жапа шегіп, оңай «отқа да, оққа байланып, өрісінен ауып» жоқ болары анық.Өзендер жан-жануар көбейіп, балық уылдырық шашар кезде сан жерден байланып, табиғатқа кері әсерлі кесапатқа айналады. Жабайы жануарлар шекара, ел таңдамайды, тағылардың өз «заңы» бар. Табиғат байысын деген әр азамат, шені мен шекпеніне қарамай, «тағылар заңына» бағынып, іс жүргізсе ғана игі... Көбіне олай болмайтыны да бар... 2000 жылы Табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау вице-министрі болған, бүгінгі облысымыздың әкімі Кәрім Көкірекбаев мырза аң мен құстың маусымдық миграциялық жолы (өріс аудару) бар Мойынқұм ауданындағы бір аймаққа ұлттық саябақ жасауға көп әрекет жасады. Қызметі ауысқан соң, кейінгілер қолдамай, бұл бастаманың аяқсыз қалғаны өкінішті болды. Бастама қол­дау тауып Мойынқұмнан ұлттық парк ашылғанда, Жамбыл облысы түгілі Алматы облысы «Алтын Емел» Ұлттық мемлекеттік табиғи саябағы бағалы, қызыл кітапқа жазылған қарақұйрықтарға да көп қамқор болар еді... Менің зерттеуімше, «Алтын Емелдегі» қарақұйрықтар күзгі күйекке салым біз ұлттық саябақ жасаймыз деген аймаққа мың басқа дейін өріс аударады. Ал, биылғыдай қалың қыста олардың қайтпай, жаппай жапа шеккені де көп... Бұл туралы сол «Алтын Емел» ұлттық саябағының бұрынғы басшысы Сауытбек Құрманалиев ағамызға кезінде хабарлап, министрлікке талап-тілекхат та жазылған. Кейінгі жаңа басшы да, биылғы қатты қыс болардың алдында, бұл мәселені естігенде, шындығында санақ бойынша 1000 басқа жуық қарақұйрықтардың жер ауғанын айтқан... Сол жануарлардың мұндай миграциясын біз зерттемесек, «білдей маман» деп жүргендеріміз мұны білмей өтер ме еді, кім білсін?! 20

Иә, зерделі шын маман болса, білуі тиіс. Қазір саябақта тал-дарақтың құртын жеп, оларға қарсы санитарлық рөл атқаратын кішкене «жаужүрек» торғайлар тым азайып, жойылуға шақ қалды. Бұл – табиғат үшін аса қауіпті... Шымшық, торғайлардың азаюы саябаққа сырттағы сасық өлексені ауылға тасып, ауру таратқан қарақарғалар көп ұя салуынан болды. Кезінде аталарымыз оларды ауылға жолатпай қуатын. Осындай зиянкес қарақарғалардың санын шектеу 22

туралы тиісті орынға талап қояр білікті мамандар тапшы... Ғылыми, биологиялық тұрғыда қарақарғалар қырғауыл, шіл, бөдене, үйрек, торғай сияқты құстардың ұясын талқандап, жұмыртқа-балапандарына дейін жеп қоятын аса қауіпті жыртқыш саналады. Осы сасық қарақарғалар кей аудандардағы қыруар қаржы төгіп тіккен үлкен күрежол, мектеп, әкімдік, бала­бақша, дәрігерлік нысандар ауласындағы тал-дарақ, саябақтарды да өлтіре бастады. Мұны «экологтардың жұмысы» дейтіндер де бар. Бірақ, табиғат баршамызға ортақ. Экологтар, орман, аң, балық, су, шаруашылықтары қызметі бір арнаға түйіссе, қаржылай да, қамқорлық жөнінен де көп ұтарымыз анық. Мәселен, соңғы жылдары облыстағы орман шаруашылығы күзетіне 1 тікұшақ, 1 ұшақ бөлінген. Бұлар тек орман күзетіне бөлінгендіктен көлік, қаржы, адам күшін үнемдер күнде төбесінен ұшып өтетін су, аң-құс, балық шаруашылығының миграциялық, биотехникалық жұмыстарына «арнайы» қатыса алмайды. Демек, ала қойды бөле қырқып жүнге жаримыз, – деп отыр. Биыл қыс қатты болды, басқа түгілі бауырына қимаған кейбір шаруалардың біраз малы табиғаттың тосын мінезінен шығын болып, іштен тынып жүр... Мал олардікі болғанымен, бәрі қазақтың қазынасы, табиғаттың төлі ғой, соған қиналасың... «Табиғат тани алмағанға жұт», – деген де осы! Иә... Ұшқан құс, жүгірген аң, жүрген адам, Деп келген бәрі өмірге бақыт табам! Солардың құдіреті жер-су-аспан, Тапсын, - деп іздегенін есік ашқан ... Адамдардың – сізбен біздің міндетіміз: көп болып, қолға алып, осы үлкен есіктің табалдырығынан төріне дейінгі табиғат сыйы мен сырына қанық болып, күзетте тұру. Ол әркімнің өз өмірі үшін де қажет! Осы жолда бір болайық, ағайын!

Жапар Сатылғанов, этнограф-натуралист, құсбегі.

Ұқсас жаңалықтар