Қорқыт Ата туралы не білеміз?
Өмірі құпия-сыр мен таңғажайып аңызға толы тұлғалар жайлы «Тылсым дүниенің» әрбір санында мейлінше мол ақпарат беріп келеміз. Өмірі тылсымға толы сондай сом тұлғаның бірі, күллі түркіге ортақ аңызға айналған адам – Қорқыт ата. Аңыз бойынша, анасы Қорқытты құрсағында үш жыл бойы көтеріп жүріпті. Жылына бір рет толғақ қысып отырады екен. Қорқыт дүниеге келер алдында әлемді үш күн, үш түн бойы көзге түртсе көргісіз қараңғылық басады. Сұрапыл қара дауыл соғып, ел-жұртты қорқыныш сезімі билеген. Осыған орай баланың атын “Қорқыт” деп қойған дейді.
Қорқыт ата жөніндегі аңыздарда түркі халықтарының өмір мен өлім мәселесі туралы көзқарастары көрініс тапқан. Аңыз бойынша, Қорқыт ата ұйықтап кетіп, «егер өлімді есіңе алмасаң, мәңгі өмір сүресің» деген аян естиді. Біраз уақыт өткен соң бір баспақты қуып жүріп, жете алмағасын,«Өлсем де, жетемін!» дейді. Соны айтуы мұң екен, Әзірейіл келіп, «Сен өлімді еске алдың, енді өлесің!» дейді. Аңызда Қорқыт ата өзінің жүйрік желмаясына мініп, халқы бақытты өмір сүретін жерұйықты іздеуші, ғұмыр бойы өлімге қарсы күресуші жан ретінде суреттеледі. Ел-жұртты өзінің жырымен де, күйімен де аузына қаратқан, ғұмырының соңында бірлігі ыдырай бастаған жұртының алауыздығына күйінген Қорқыт ата мәңгілік өмір сырын іздеп дүниенің төрт бұрышын кезіп кетеді. Бірақ, қайда барса да, алдынан көр қазып жатқан адамдарды жолықтырады. «Кімнің көрі?» деген сауалына «Қорқыттың көрі» деген жауап естиді. «Қайда барсаң да Қорқыттың көрі» деген сөз осыдан қалған. Ақыр аяғында жер кіндігін тапсаң, тірі қаласың деген аян естіп, туған жері – Сыр өңіріне оралады. Содан мәңгі өмір тек өнерде деген ойға келіп, қобыз аспабын ойлап шығарады деседі. Екінші бір алуан аңызда Қорқыт әзірейілмен кездеседі. Әзірейіл Қорқыттың жанын салып алатын сандық істеп ала келеді. Қорқыт әзірейілмен сөйлесіп тұрып, сандыққа оның өзін алдап салады да кілттеп суға ағызып жібереді. Кей аңыздарда жер ортасы Сырға қайтып оралған Қорқыт өлерін сезген соң, айнымас серігі – Желмаясын сойып, соның терісін қайық қылып ертелі -кеш қобыз тартады. Өзінің жақын досы Дарабоз арқылы ол жар дегенде жалғыз қарындасы Ақтамаққа соңғы арыздасу-қоштасу сәлемін жолдайды.Тағы бір аңыз бойынша, өзен ортасына кілем жайып, үстінде отырып қобыз тартқанда, күй күшімен суға батпайды екен. Қорқыт қобыз тартқан жылдары өлім болмаған, тек бақытты тіршілік болған дейді. Бірақ, Қорқыт ата шаршап, ұйықтап кеткен сәтінде судан кішкентай қайрақ жылан шығып, оны шағып өлтіріпті дейді. Аңызда ажал ашық келмей, жылан кейпінде келеді. Бұдан халықтың өлімге деген көзқарасын, «ажал айтып келмейді» деген философиялық тұжырымның негізін көреміз. Қорқыт ата туралы аңыздарда кездесетін үлкен философиялық мәселе – уақыт пен кеңістік мәселесі. Бұл аңыздарда Қорқыт ата өлімнен қашып, бүкіл ғарышты аралайды. Түсінен шошынған ол ажалдан құтылу үшін ертеңіне дүниенің екінші шетіне көшіп кетеді. Мұнда ол баяғы түсті тағы көреді. Таң атысымен тағы да жолға шығады. Не істерін білмей, жердің ортасына бармақ болады. Жер ортасы Сырдың жағасы, қазіргі Қорқыт моласы тұрған тұс екен.Мұхтар Әуезов: «ажалды тоқтату мүмкін еместігін мойындағысы келмеген Қорқыт ата жұрттан безіп, айдалаға, табиғат аясына кетеді, бірақ таулар да, жазықтар да, ормандар да оған өлім күтіп тұрғанын айтады. Содан қорқып, шырғайдан алғашқы қобызды жасап, жер бетінде бірінші болып күй тартады. Сөйтіп өлмеудің амалын өнерден табады», – деп жазады. Қазақ аңызындағы Қорқыт ата бейнесі енді өлімнен қашқан шаман емес, керісінше, өмір үшін күрескен, өлімнен құтылуды қандай бір құдіретті күштен емес, өнерден іздеген, ажалмен айқасқан алып рухани тұлға болып көрінеді. Зерттеушілер өлімнен қашқан Қорқыт ата философиясын әйгілі шумер эпосы «Гильгамеш туралы жырдағы» Гильгамеш әрекетімен салыстырады. Мұхтар Әуезов Қорқыт аңызын адамзатқа от ұрлап әкеліп сыйлаған Прометей туралы грек аңызымен теңестіреді. Тарихи деректер мен ғылыми пайымдауларды түйіндей келе, Қорқыт атаны исламды әлі толық қабылдамаған түркі тайпаларының мәдени рәмізі деп қарастыруға болады. Аңыз әңгімелерде Қорқыт өзінің желмаясына мініп, халыққа мәңгілік бақыт әкелетін жерұйықты іздеген данагөй ойшыл. Зерттеуші Е.Тұрсыновтың түсіндіруі бойынша, бұл жердегі желмая қобыздың рәміздік бейнесі болып табылады. Өйткені, ол мәңгілік өмірді қобыздың сарынынан табады. Ең ақырында қобыз күйімен көз жұмып, артындағы ұрпақтарына өлмес күйлерін қалдырады. Академик Әлкей Марғұлан былай деп жазса: «Ол кісі туралы айтылатын қария сөз Орта Азиядағы түркі тілдес елдердің көбінде бар. Бірақ, қазақ халқы ескі оғыз-қыпшақ тайпаларының тарихи қонысына мирас болған, олардың түбегейлі ұрпағы болғандықтан, Қорқыт туралы айтылатын тарихи жырлар, аңыздар, ән-күйлер қазақ пен түркімендерде көбірек жолығады», Әлішер Науаи Қорқыт жайында: «Түркі ұлысы арасында Қорқыт атадан даңқты, одан асқан кісі жоқ еді. Оның даңқына ешкім тең келмейтін. Өзінен кейінгі көп жылғы келешекті болжап айтқыш данышпан еді, оның таңғаларлық нақыл сөздері осы күнге дейін бар». Зерттеушілер Қорқытты 295 жыл жасаған деседі. Оны жұрт әруақ, бақсы, әулие ретінде де қадірлеген, ардақтаған, дерттен айығу мақсатымен кезінде оның қабіріне келіп түнейтін де болған. Дүниежүзі әдебиетінде де Қорқыт тәрізді өлімге қарсы күрескен бейнелер болған. Соның бірі грек мифіндегі – Прометей, осетин аңызындағы Амран, үнді аңызындағы – Сидхарт.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді