Тұрғындарды толғандырған мәселелер шешімін тапты

Тұрғындарды толғандырған  мәселелер шешімін тапты
ашық дереккөз
Тұрғындарды толғандырған мәселелер шешімін тапты
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының мәжіліс залында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев қоғамдық қабылдау өткізді. Тараз қаласы тұрғындарының өтініш-тілектеріне қарай туындаған сауалдарға партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Масат Берік, Тараз қаласының әкімі Нұржан Календеров жауап берді. «Самал» шағын ауданының тұрғыны Динара Рахматуллаеваны толғандырған мәселе – өздері тұратын көп қабатты үйге жөндеу жұмыстары жүргізілмей тұрғаны екен. Ал жас маман Алмаз Дәуітов жұмыс таппай жүргенін айтып, көмек сұрады. Алмаз ТИГУ-де жоғары білім алып, заңгер мамандығын меңгерген екен. Алик Жатқанбайұлы жас маманға «Серпін» бағдарламасымен Солтүстік облыстарға қызметке баруға кеңес берді. Тараз қаласының әкімі Нұржан Календеров «Самал» шағын ауданындағы №5 көп қабатты үйді жөндеуден өткізуге де, жас маманды жұмысқа орналастыруға да мүмкіндік бар екенін айтып өтті. Қала тұрғыны Әнуар Кабдрахимов 2010 жылдан бері бос жатқан жерді заңдастыра алмай жүргенін айтты. Ол заңдастырылған жерге кондитерлік өнімдер шығаратын цех ашпақшы. Қоғамдық қабылдауға келген тұрғын осы жағдайды тілге тиек еткен. Ол өзі сұрап жүрген жердің өз меншігіне берілгенін осы жерде естіді. Тараз қаласы әкімдігі жанындағы комиссия өкілдері аталған жердің заңды түрде Әнуар Кабдрахимовтың меншігіне жазылғанын мәлімдеді. Қоғамдық қабылдауда баспана мәселесін көтерген Жанар Садуақасованың да, мектепке мұғалімдік жұмысқа орналаса алмай жүргенін алға тартқан Тараз мемлекеттік педагогикалық институттың түлегі Дархан Құрманалының да көңіліндегі түйткілдер оң шешімін тапты. Алик Шпекбаев Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департамент басшысы-Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Мақсұт Нәлібаевқа көтерілген мәселелердің орындалуын назарда ұстауды тапсырды.  

Есет Досалы, «Ақ жол».

Суретті түсірген Алтынбек Қартабаев.

Ұқсас жаңалықтар