«Күркеде» тұратын ғалым

«Күркеде» тұратын ғалым
ашық дереккөз
«Күркеде» тұратын ғалым

1Жетпістің алтауына келсе де жұртты ғажайып өнертабыстарымен таңғалдыруда

Айғазы Балжановты қарап жүре алмайтын қажырлы қарттың бірі деп еститінмін. Үшарал орта мектебін алтын медальмен, Шымкент педагогикалық институтын үздік бітірген ұстаз Шолақтау поселкесіндегі кешкі мектепте сабақ беріп жүрген 1964 жылдың көктемінде сол кездегі қалалық партия комитетінің хатшысы П. И. Качесовтің өтінішімен жаңадан ғана шаңырақ көтерген Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтының Қаратау филиалына оқытушылыққа қабылданған. 

– Алғашқы ұстаздар легінде Кеңесбек Түменбайұлы, Тұңғышбек Ақабайұлы сияқты білімдар мамандармен бірге институт табалдырығын аттағанымды ұмытармын ба? – дейді Айғазы аға, – Сол жылғы ең алғашқы емтиханды да біздер қабылдап едік. Әуелгі кезде кешкі, кейіннен күндізгі бөлімі ашылған институтта бір кездері 2100 студентке дейін дәріс алғанын қимастықпен еске алды. Мұратбек Атайбекұлы Нұрлыбаев сияқты талапты ұйымдастырушының арқасында институттың материалдық-техникалық базасы нығайғанын да мақтана еске алды. Мәскеудің тау-кен институтының ғалымдары кішкентай ғана Қаратау қаласына келгенде таңғалады екен. Айғазы институтта табан аудармай, тұп-тура қырық жыл еңбек етті. Өзінің айтуынша, қатал болды. Шәкірттері «тым қатал еді» дейді. «Қаталдығымның арқасында, – дейді ол, – менде нашар оқитын студент болмайтын. Ар жағы айтпаса да түсінікті...». Тіке сөйлейтін, сол үшін басшылықтың жақтырмағанын да жасырған жоқ. Ол, әрине, бөлек әңгіме. Мені қызықтырғаны, оның ізденім­паздығы. Сексенге иек артса да, текке қарап жата алмайтындығы. Қызық. Ақсақал Қаратау қаласының шығысындағы саябақтағы кішкене ғана күркеде тұрады. Қаланың қақ ортасында үлкен үйі бар. Бірақ оған осы жер ұнайды. Тыныш. Бірер бас мал ұстайды, жеміс-жидек өсіріп, күтіп-баптайды. Ара-тұра сызбалар жасайды. Соның біреуін көрсетті маған. – 2017 жылы Астанада ЭКСПО көрмесі өтеді, – деді, – соған қазақ ғалымдары да атсалысуы керек емес пе? Әйтпесе, мүйізі қарағайдай-қарағайдай шетелдің ғалымдары «бұ қазақ көтере алмаса шоқпарды қарына ілгені несі?» демей ме?! Мен білсем, біздің қазақ ешкімнен кем де, сорлы да емес! Өстіп бір нығарлап қойды. Түсінбеген адам: «мына шалдың қыршаңқысын-ай» дер, ал мен намысқа шапқанына іштей қуандым. Содан, ол кісінің жаңалықтарымен рет-ретімен танысып жатырмын. – Міне, – дейді ақсақал, – айнаның бетіне күн сәулесін шағылыстырудың көмегімен атмосфералық жаңбыр жауғызудың тәсілі туралы жаңалығым. Шөл және шөлейтті жері мол Қазақ елі үшін керек-ақ дүние. Осы жаңалығымды естігендер: «Сен не, Жаратушыға қарсысың ба?» дейді. Жаратушының «қол қусырып отырма, әрекет ет» дегенін түсінбейді олар. Өзіңіз білесіз қар мен тау көшкінінен қаншама елді мекен жер бетінен жойылып жатыр. Соның барлығы жерді ашкөздікпен, есепсіз тонаудан болып жатқан нәрсе деп есептеймін. Сол сұмдықтардың алдын алып, тіпті, жоюға болады. Тауға не қыр бетіне қаратып орнатылған бірнеше айнаның күнге шағылысуынан пайда болған сәуле арқылы мұздақтар мен қарды баяу ерітіп, қауіптілікті неге азайтпасқа? Айекеңнің атқыш қаруға арналған реактивтік оғы да әскери мамандардың қызығушылығын тудыратыны анық. Мені қызықтырғаны – қала тұрғындары үшін үй -ішілік жылыжай салудың тәсілі. «Оны әрбір үй ауласына соғып алса, жыл он екі ай көк-сөктен аузы босамасы анық», – дейді Айғазы ақсақал. Жалпы «ЭКСПО-2017» көрмесінің мақсаты ортаға зиянсыз қуатқа балама іздеу десек, Айғазы ақсақалдың әр жаңалығы құптауға бек тұрарлық дүние емес пе? Әрі жаңалықтары еліміздегі өнертабыстардың мемлекеттік тізімінде тіркеліп, Әділет министрлігінің зияткерлік меншік құқығы комитетінен инновациялық патентке ие болған. Тек сұраныс, қаражат керек. Айғазы ақсақалдың қиналатын жері де осы екен. Мен осы кездесуден кейін Талас ауданы әкімдігі кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ауданбек Тауасаровпен сөйлесіп, оған сызбаларды көрсеттім. – Бізге осындай инновациялық жобалар аса қажет, – деп қуанып кетті ол. Сексенге иек артқан ғалым өстіп ізденіп жатқанда, «ау, жастар, сендер де бос селтеңге бой алдырмай, Айғазы ақсақал сияқты ізденгендерің жөн-ау» дегің келіп кетеді екен.

Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ,  «Ақ жол».

Қаратау қаласы.

Ұқсас жаңалықтар