Әке көрген оқ жонар

Әке көрген  оқ жонар
ашық дереккөз
Әке көрген оқ жонар

Аудандық Мәдениет үйінде Қазақстан Жазушылар мен Журналистер одақтарының мүшесі, сатирашы Бақытжан Советұлының шығармашылық кеші өтті. Бұл шара қаламгердің ердің жасы 50-ге толуына және «Бұл мен ғой» атты жаңа кітабының жарық көруіне орайластыра өткізілді. Алдымен аудан әкімі Мәден Мұсаев қаламгерді құттықтады. – Мен Бақытжанды Шу, Мойынқұм аудандарында басшылық қызметте жүрген кезінен білемін. Бақытжанның сатирада, журналистикада өзіндік орны бар. Бақытжан, сен барлық құрметке лайықсың. Өз қызметіңе адал екендігің көрініп тұр. Осында еліміздің барлық өңірлерінен өнер иелері мен қонақтар да келіпті. Бұл ақынын сыйлаған халық екенімізді айғақтайды, – деген Мәден Тоқтарбайұлы кеш кейіпкеріне Құрмет грамотасын табыстап, иығына зерлі шапан жапты. Кеште Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Маралтай Райымбекұлы сөз алып, Одақтың құттықтау хатын табыстады. Мінберге көтерілген Қазақстан Журналистер одағы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы, облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы: – Мен білетін Бақытжанның әкесі Совет ағаның орны бір бөлек. Ол кісінің балаларға арналған өлеңдері бір төбе, лирикасы бір төбе. Осындай жырдан кесте тоқып, өлеңнен тау тұрғызған ақын, Жазушылар одағының мүшесі, марқұм Совет Әлімқұловтың кенже ұлы Бақытжан бір төбе. «Әкеге тартып ұл туар» дегеніміз осы-дағы. Бүгін мұнда жазушылардың бал-қаймақтары жиналыпты. Бұл Бақытжанның толысып, толығып, руханиятқа байи түскенін көрсетсе керек. Бақытжан осылайша әке атын асқақтатып, ана атын ардақтай бер. Өзіңе шығармашылық табыс тілеймін, – деді. Сондай-ақ, ол «ақжолдықтардың» сәлемін жеткізді, сый-сияпат көрсетті. Ал республикалық «Қазақ радиосы» директорының орынбасары, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты Болатбек Төлепберген Бақытжанның курстас-достары астаналық Ғабит Мүсіреп, қызылордадан Аяпберген Салықов, Алматыдан Ержат Ашманов, Бақытжан Жаңабеков, Мінамжан Асылов, Маңғыстаудан Бақытжан Қосбармақов, Астанадан Серікқали Мұқашов, «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Губайдуллин Бақытжанмен бірге өткізген студенттік кезеңнің естеліктерімен бөлісті. Кеш барысында бірқатар аудандардың өкілдері де мерейтой иесіне жылы сөздерін арнап, құттықтау хаттарын табыстады. Сонымен қатар, Мәдениет үйінің әртістері Бақытжанның шығармашылығынан сахналық көрініс көрсетсе, әншілер әкелі-балалы Совет және Бақытжан Әлімқұловтардың өлеңдеріне жазылған әндерді орындады. Ал, Павлодар педагогикалық институтында білім алатын Совет ағаның немересі Санат атасы мен әкесіне арнаған өлеңін оқыды. – Барлықтарыңызға үлкен рахмет. Қуанышымызға ортақтасып, тәтті тілектеріңізді жеткіздіңіздер, – деп толқи сөйлеген Бақытжанның анасы, Совет ағаның асыл жары Сара апай толқи сөйлеп.

Дүйсенбек Орманов, журналист.

Жамбыл ауданы.

Ұқсас жаңалықтар