Батыр бейнесі мәңгі есте

Батыр бейнесі мәңгі есте
ашық дереккөз
Батыр бейнесі мәңгі есте

Ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғаушы полиция қызметкерлерінің ішінде ар-ожданы таза, қызметіне адал тәртіп сақшылары көп. Олардың өз қызметтерін адал, абыроймен атқаратыны дәлелдеп жатуды да қажет етпейді. Ел амандығы үшін басын өлімге тігіп, қарулы қаскөй қылмыскердің жолын кесу жолында өз өмірін құрбан еткен полиция капитаны, Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасовтың ерлігі – осы сөзіміздің дәлелі. Бұл оқиға осыдан тура бес жыл бұрын болған еді. Кеше қасиетті жұма күні Тараз жұртшылығы ержүрек ұлдарын еске алып, батыр рухына тағзым етті. Еске алу шарасы ішкі істер департаменті басшылығының, ішкі істер органдары ардагерлері, батырлардың туыстары мен жақындары, мемлекеттік мекемелер және жастардың Ғазиз Байтасовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Бір минут үнсіздік жарияланып, зеңбіректен үш дүркін оқ атылып, Мемлекеттік Гимн орындалғаннан кейін ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Берік Құтбаев сөз сөйледі. – Бүгін біз лаңкесті тоқтату барысында қаза болған батырларымыз Ғазиз Байтасов, Полат Аянқұлов пен Жақсыбек Байсейітовті еске аламыз. Олар қысқа ғұмырында еңсесін жоғары ұстады, өз міндеттерін адал атқарды. Ерлеріміздің ерлік ісі – өшпес даңқ. Мәңгілік Ел болуды мұрат тұтқан біздер ерлік білекте емес, елін сүйе білген жүректе екендігіне көз жеткіздік. Бұл полицейлердің ерліктері баршамыздың санамызда мәңгіге сақталады, жастарымызды ерлікке, отансүйгіштікке үндейді, тайсалмас табандылық пен қайыспас қайсарлыққа тәрбиелейді. Батыр полицейлердің ерлігі – ел есінде, – деді Берік Медербекұлы. Халық Қаһарманының ағасы Үсіпәлі Халиев облыстық ішкі істер департаменті басшылығы мен жеке құрамына алғыс айтып, ел үшін жанын қиған ерлердің отбасыларын қамқорлықтан тыс қалдырмайтындары үшін ризашылығын жеткізді. Іс-шарада жас полиция қызметкерлеріне алғашқы арнаулы атағы тапсырылды. Олар алдыңғы буын ағаларындай антына адал болатындықтарына сендірді.

Наурызбек САРША, «Ақ жол».

Суретті түсірген Алтынбек Қартабай.

Ұқсас жаңалықтар