Тұрғындардың ұсыныстарына талдау жасалды

Тұрғындардың ұсыныстарына талдау жасалды
ашық дереккөз
Тұрғындардың ұсыныстарына талдау жасалды

Халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында Жуалы ауданының прокуроры Нұрбек Ұласбекұлының тікелей бастамасымен ұйымдастырыл­ған тұрғындармен кездесу-жиындары ауданның барлық ауылдық округтерінде өткізіліп, тұрғындардың ұсыныс тілектері назарға алынған шара аудан әкімі аппаратының мәжіліс залында Б.Момышұлы ауылы, Ақсай мен Мыңбұлақ ауылдық округ тұрғындарының қатысуымен өткен жиында қорытындыланды. Оны Нұрбек Ұласбекұлы ашып, жүргізіп отырды. Ол аудан тұрғындарының құқықтық сауаттылығын арттыру туралы айта келіп, сөз кезегін ақпараттық топ мүшелеріне берді. Аудандық «Жұмыспен қамту орталығының» директоры Илияс Дүйсен «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыс барысына тоқталды. – Бүгінгі таңда жұмыссыз­дықты азайту мақсатында мемлекет тара­пынан түрлі бағдар­ламалар қабылданып отыр. Соның ішінде, алиментін төлей алмай жүрген азаматтарды қоғамдық жұмыстарға тарту да көзделген. Заң органдарына түсетін арыздардың 60-70 пайызы осы алиментке тиесілі. Зерделеу барысында көп азаматтардың жұмыссыз, алимент төлей алмайтындығы анықталып отыр. Сондықтан, біз сол топтағы азаматтарды бірінші кезекте жұмыспен қамтуды қолға алып отырмыз, – деді Нұрбек Ұласбекұлы жұмыссыздық мәселесі туралы көтерілген сұраққа жауап беріп. Сондай-ақ, аудан прокуроры үстіміздегі жылдың мамыр айынан бүгінге дейін мемлекет пайдасына 14 миллион теңге айыппұл өндірілгенін, ол өткен жылы 7-ақ миллионды құрағанын, осының барлығы аудан әкімдігі мен ауылдық округ әкімдері, құқық қорғау қызметкерлерінің бірлесе атқарған жұмысының нәтижесі екенін жеткізді. Осыдан кейін аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Сәбит Нұрлыбаев мемлекет тарапынан берілетін субсидия, «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» және басқа да бағдарламаларға тоқталды. Өткен жылы егін шаруашылығы бойынша 163 миллион қаржы игерілгенін, биылғы жылға субсидия қаралмағанын айтқан ол алдағы жылға құжат дайындау жұмыстары басталып кеткенін жеткізді. Аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Нұрахмет Сейітқұлов пен жергілікті полиция өкілі Диас Өсіпбаевтың баяндамаларына көңілі толмаған прокурор кемшіліктерді сынға алды. Нұрбек Ұласбекұлы аудан тұрғындарымен болған жиында ауыл тұрғындары көтерген сұрақтар мен ұсыныстарға талдау жасалатынын айтты.

Марат Құлибаев, журналист.

Жуалы ауданы.

Ұқсас жаңалықтар