Тіл – ұлттың жаны

Тіл – ұлттың жаны
ашық дереккөз
Тіл – ұлттың жаны

Ағымдағы жылы «Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» екінші кезеңі аяқталады. Осы орайда бағдарлама аясында облыста қандай тірліктер қолға алынып, қандай шаруалар тындырылды? Бұл туралы облыс әкімдігі аппаратының кезекті кеңес отырысында жан-жақты айтылды. Облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ғалия Боранбаева баяндамасында елімізде, оның ішінде өңірімізде де тіл саясаты мемлекеттік бағдарламаның төрт бағыты бойынша жүргізілетініне тоқталды. 

– Аталмыш мемлекеттік бағдарлама қабылданған 2011 жылы мемлекеттік тілді өңір тұрғындарының 89 пайызы меңгерген болса, өткен жылы бұл көрсеткіш жүргізілген әлеуметтік талдау нәтижесі бойынша 95,09 пайызға жеткен. Облыстағы 87 этностан құралған 304951 өзге ұлт өкілдерінің 61 пайызға жуығы – қазақ тілін еркін меңгергендер. Бұл – өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілдің келешектегі толыққанды сұранысына, жарқын болашағына сенім артатынының айғағы. Тілдерді дамытуға және тілдік мәдениетті қалыптастыруға негіз болатын тіл саясатын іске асырудағы маңызды салалардың бірі оқу орындары, жалпы алғанда білім жүйесі болып табылады. Өңірдегі білім беретін 450 мектепте 6178 өзге ұлттың баласы қазақ сыныбында оқыса, 428 балабақша мен шағын орталықтардағы қазақ топтарында 3895 этнос өкілдері тәрбиеленуде. Үстіміздегі жылға дейін мемлекеттік тілді оқыту орталығында ересек тұрғындарға тек қазақ тілін тегін меңгеруге басымдық берілсе, биылдан бастап үш тұғырлы тіл саясатының негізінде барлық сала қызметкерлеріне қазақ, орыс, ағылшын тілдерін оқытуға мүмкіндік беріліп отыр. Осыған орай орталық атауы «Тілдерді оқыту орталығы» деп өзгертілді. Барлық аудандарда оқыту бөлімшелері ашылып, үш тілді үйрету курстары жүргізілуде. Өзге ұлт өкілдері көптеп шоғырланған өңірлерде қазақ тілі курстары ұйымдастырылған, – деген Ғалия Бектенқызы мемлекеттік тілді оқыту курстарында барлығы 142 топта 1526 тыңдаушы қамтылғанын, оның 132-сі қазақ, қалғаны өзге ұлттардан тұратынын жеткізді. Сондай-ақ, баяндамашының айтуы бойынша, бағдарлама негізінде аумақтық даму бағдарламасында көрсетілген үш нысаналы индикатор көрсеткіштері бойынша 2020 жылға дейін мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесін 100, ағылшын тілін меңгерген тұрғындардың үлесін 18,5, ал үш тілді меңгерген халықтың санын 14,5 пайызға жеткізу көзделген. Бұл тұрғыдағы жұмыстар қызу жүргізілуде екен. Ғалия Бектенқызы ағымдағы жылы басқарма тарапынан аудандарда Тіл туралы заңының 8, 9, 10, 11-баптарын орындау бойынша шығыс құжаттарының тілдік арасалмағына зерделеу жұмыстары жүргізілгеніне тоқталып, нәтижесінде бірқатар аудан әкімі аппараты мен оған бағынысты бөлімдердегі және ауылдық округтердегі құжат айналымында 8, 9-баптарының талаптары орындалмағанын көрсетіп берді. Олардың көпшілігі тоқсандық мәліметті жалған беріп отырған деген басқарма басшысы Меркі, Мойынқұм аудандарының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінде іс-шаралар жоспарының орындалуы туралы жинақ папкалары мүлдем жоқтығын, бағдарламаның атқарылу барысында ауылдық округтермен жүргізілген жұмыстар жайлы ешбір мәлімет кездеспейтінін де ашып айтты. Басқа да кейбір аудан, ауылдық округ әкімдерінің қолдарымен жолданған шығыс хаттарында өрескел грамматикалық қателер кездескенінен де хабардар болдық. Ол ғана емес, аудандардағы ономастика мәселесі жөніндегі жұмысшы топтың іс-құжаттарына жүргізілген зерделеу барысында Мойынқұм, Т.Рысқұлов, Меркі, Сарысу аудандарында аталған жұмысшы топтың жұмысы өз деңгейінде атқарылмағандығы анықталған. Бұл аудандар әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің іс-құжаттары номенклатурасында ономастика бағытында папкалар мүлдем енгізілмеген болып шыққан. Жұмысшы топтардың ережесі, комиссия құрамы, ағымдағы жылға арналған жұмыс жоспарлары бекітілмеген аудандар да кездескен. Баяндамашының сөзіне сүйенсек, өңірімізде идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулар саны 1018-ді құрайды. Оның ішінде 970 көше, 7 ауылдық округ, 17 елді мекен және 24 нысан қайта атауды талап етеді. Бұл мәселелердің туындау себебін атау беру және қайта атау мәселесіне рұқсат берілген сәтте жергілікті атқарушы органдардың аталған бағытта жұмысқа жауапкершілікпен қарамауы және жергілікті тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарының өз деңгейінде жүргізілмеуімен байланыстырған басқарма басшысының келтірген мәліметтерімен мұқият танысқан облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев жұмыстары мардымсыз аудандардың әкімдеріне сауалдар жолдап, сынға алды. Сондай-ақ, Кәрім Нәсбекұлы бірқатар басқарма басшылары мен тиісті қызмет иелеріне сауалдар жолдады. Мекемелердің маңдайшаларындағы қателіктердің азаймауын негізге алған облыс басшысы салада маман тапшылығы бар-жоқтығына көңіл бөліп, үш тұғырлы тіл саясатын қалыпты деңгейде жүргізу керектігін алға тартты.

Жанғазы Ахмет, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар