Жапар да зейнетке шықты

Жапар да зейнетке шықты
ашық дереккөз
Жапар да зейнетке шықты

Құсбегі, «Андасай» қорығының директоры Жапар Сатылғанов зейнетке шықты. Өмірі өнегеге толы бүркітшінің атақ-абыройы бір басына жетерлік. Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы, танымал этнограф, зерттеуші-натуралист, «Қауырсын құсбегілер» клубының іргетасын қалаушы, «Қауырсын – табиғат достар клубы» атты құсбегілікті насихаттайтын кітаптың авторы. Республикалық шығармашыл жастардың «Жігер» фестивалінің лауреаты, 2013 жылы Астана маңында өткен халықаралық «Бүркітшілер» фестивалінің бас төрешісі, АҚШ-тағы «Ханкинг» саятшылар клубының мүшесі. Бұл аз ба, көп пе? Жапар Сатылғановта міне осындай атақтың бәрі-бәрі бар. Табиғат жанашырын зейнетке шығару рәсімі Бірлік ауылындағы Көктерек орман шаруашылығы мекемесінде орман шаруашылығы мен «Андасай» қорығы ұжымдары және облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының «Ормандарды қорғау жедел қызметі» мекемесінің басшысы Жақан Бөстековтің қатысуымен өтті. Жиынды Көктерек орман шаруашылығының директоры Бақыт Серібаев ашып, жүргізіп отырды. Алғы сөз Пайғамбар жасына жетіп отырған Жапар Сатылғановқа берілді. Ол өз сөзінде: «Бірлік болған жерде бәрі болады. Бұйыртқан бұл күнге жету – ел бірлігі мен ынтымақтың арқасы. Қазіргі атқарып отырған қызмет орнымды жастарға босатқым келді. Шамамен алғанда, біздің бір ауданда 100-ге жуық зейнеткер түрлі мекемелерде жұмыс істейді екен. Олардың барлығы жастарға орын босатса ше? Облыста он аудан бар. Он ауданнан мыңнан астам жас маман дер кезінде жұмыспен қамтылар еді ғой. Мұны ардагерлер ұйымдары да қолдап, жастардың келешегін ойлап қарт кісілердің өз еркімен жұмыстан босатылуын қолға алғаны жөн. Тарихқа көз жүгіртсек, қазақта ежелден «Бала билер» деген болған. Билік ісі жүріп жатқанда, жаңағы бала би мұқият тыңдай отырып, биліктің кемшін тұстары болса немесе билік етуші би тоқтап қалса, бала билер билікке араласып, өз билігін айтатын болған. Ал қариялар ұлт, ұрпақ тәрбиесімен айналысқан. Қазақ тарихында айрықша айтатын бір-ақ нәрсе бар. Бабаларымыз хандарын еш уақытта ауыстыруды ойламаған. Ал одан басқа билікте жүргендердің барлығының орнын кейінгі жастар басып отырған. Қазіргі қарияларымыздың мансап қуалап жүргені жасырын емес. Сонда ұрпақ тәрбиесімен кім айналысады? Сондықтан осылай шешім қабылдадым. Осындай құрмет әрқайсыңның маңдайыңа жазылсын!» – деген атақты құсбегінің баталы сөзіне көпшілік риза болды. 1 миллион гектар жері бар атақты «Андасай» мемлекеттік қорығын 19 жыл 6 ай басқарған Жапар Тілеужанұлы – абырой биігіне көтерілген арда азаматтардың бірі. Облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының өкілі Жақан Бөстеков: «Табиғатты қорғау саласында бұл кісінің еткен еңбегі, төккен тері көп. Мойынқұм – жер көлемі жағынан облысымыздың 43 пайызын алып жатқан ірі аудан. Бұл қазақ жерінің кеңдігін көрсетеді. Сіздің еткен еңбегіңіз еш уақытта ұмытылмайды. Жапар аға! Орман шаруашылығы, оның ішінде табиғатты қорғау саласында атқарған игі істеріңізді ауыз толтырып айта беруге болады. Алдағы уақытта жастарға сіздің ақылыңыз бен тәжірибеңіз өте керек. Ортамызда дін аман жүріңіз», – деп құсбегіге шапан жауып, құрмет көрсетті. Ал әріптесі Бақыт Серібаев Жапар құсбегінің адами қырларын атап өтсе, «Андасайдың» қорықшылары Талғат Асқаров, Алтынбек Қосыбаев, Нұржан Иманалиев құрметпен зейнеткерлікке жеткен басшыға ұжымның ризашылығын жеткізді.

Уалихан жайлау, «Ақ жол».

Мойынқұм ауданы.

Ұқсас жаңалықтар