Сол бір сұрқай жылдары облыста 5 мыңнан астам адам жазықсыз жазаланды, 845 адам атылып кетті
31 мамыр күні Тараз қаласында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев пен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеуқабыл Төребеков және қала басшылығы, мекеме-ұйымдардың өкілдері қуғын-сүргіннің құрбаны, халқымыздың біртуар ұлы, белгілі мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың ескерткіші мен саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған стеллаға гүл шоқтарын қойды.
Тарихымыздың ақтаңдақ кезеңіндегі қандықұйлы науқанның құрбандарын еске алуға арналған митингіде бір минуттық үнсіздік жарияланды. Митингіде сөз алған облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев жиырмасыншы ғасырдың отызыншы-қырқыншы жылдарының аралығында коммунистік солақай саясаттың зардабынан туындаған ұлт белсенділерінің жаппай қудалануы, қырғынға ұшыратылуын Мемлекет басшысы тарихымыздың шерлі беттерінің бірі ретінде атап өткендігіне, мамыр айының соңғы күнінің халқымыз үшін қастерлі сәт екендігіне, дәл осы күні бүгінгі ұрпақтың саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбаны болған алдыңғы буын – аға ұрпақты еске алып, әруақтарына тағзым ететіндігіне тоқталды. «Жиырмасыншы ғасырдың отызыншы жылдарындағы қолдан жасалған ашаршылық салдарынан 2 миллионға тарта қазақ құрбандыққа ұшырады. Саяси қуғын-сүргіннің зардаптары да орасан зор болды. Саяси жаламен жүз мыңнан астам адам сотталды. Отыз мыңдай арысымыз атылды. Олардың қатарында Тұрар Рысқұлов, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатов, Халел Досмұхамедов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Ораз және Оразәлі Жандосов сынды ұлтымыздың ұлы тұлғалары бар.
Саяси қуғын-сүргін біздің Жамбыл облысын да айналып өткен жоқ. Сол бір жылдары бес мыңнан астам жамбылдық жазықсыз жазаланды, 845 адам атылып кетті. Үштіктің үкімімен атылған жерлестеріміз меркілік Қабылбек Сарымолдаев пен Мақсұт Жылысбай, шулық Сақыпкерей Құрамысов, байзақтық Сыдық Абыланов пен Үсіпәлі Нұршанов, тараздық Сабыр Айтқожин, сарысулық Әшір Бүркітбаев, қордайлық Мағазы Масаншы, тараздық Жүнісбек Дүрімбетов сияқты халқымыздың ардақты ұлдары жарық дүниемен тым ерте қоштасты. Бұл – біздің халқымыздың бастан кешкен қасіреті. Саяси қуғын-сүргін зардабын Кеңес одағының құрамында болған республикалардың барлығының да халқы өз бастарынан өткерді. Әр жылдары күштеп жер аударылған адамдарды қазақ халқы құшақ жая қарсы алды. Өздері қиналып отырса да қамқорлық жасады. Қараша үйін паналатып, қара нанды бөлісіп жеді. Сол қиын-қыстау кезде елімізде ұлтаралық татулық орнығып, бүгінде көп ұлтты тәуелсіз ел болдық. Азаттықтың ақ таңымен бірге жазықсыз жазаланған арыстарымызды ақтау дәуірі басталды. Тәуелсіздік алғалы бері нәубет жылдарында шығандап шетел асып кеткен миллионға жуық қандастарымыз атамекенге оралды. Бүгінде, халқымыздың әл-ауқаты жақсарып, халық саны жылдан-жылға өсіп келеді», – деді облыс әкімі митингіге жиналған жұртшылыққа арнаған сөзінде. Бұдан кейін саяси қуғын-сүргін құрбандарының бүгінгі ұрпағының өкілі, еңбек ардагері Раиса Оразәліқызы Жандосоваға сөз берілді. Қазақстанның көрнекті саясаткері Ораз Жандосовтың бірге туған бауыры, қазақтан шыққан алғашқы геологтардың бірі, небәрі 33 жасында «халық жауы» деген жаламен ұсталып, ату жазасына бұйырылған Оразәлі Жандосовтың қызы репрессия құрбандарының отбасыларына жасалған қудалау кезінде бастан кешкен қиындықтары туралы, жеке басының жұмысқа орналасуының, қызмет бабында өсуінің тек әкесі ақталғаннан кейін ғана мүмкін болғандығын, бүгінгі бақытты ұрпақтың ондай зобалаңды бастан өткермеуіне тілектестігін баян етті. Митингіде жастар атынан ТарМПИ-дың студенті Данияр Ыбырай сөз сөйледі.
Сапарғали Әлібай, «Ақ жол».
Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестікке серпін берген сапарлар
- 23 қараша, 2024
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді