«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Керемет жазушының ғаламат құпиясы

Керемет жазушының ғаламат құпиясы
ашық дереккөз
Керемет жазушының ғаламат құпиясы
Беймәлім Карло Николай Васильевичтің анасы аса діндар адам еді. Жазушыға да сол қасиеттер дариды. Ал әкесінен оған күдікшіл қасиет жұғады. Бәлкім, сондықтан болар, Гоголь жас кезінен беймәлім бір сырға үңілу, сиқыр әлеміне сену мен түстерді зерттеуге ынтасы зор еді. Кейіннен бұл әдеті оның шығармаларында да көрініс тауып жатты. Гоголь Полтава училищесінде оқып жүрген кезінде оның кіші інісі қаза табады. Николай үшін бұл орны толмас қаза ауыр соғып, оны тіпті оқудан шығарып алуға тура келеді. Сөйтіп оны Нежинскідегі гимназияның біріне оқуға жібереді. Онда болашақ жазушы гимназия актері ретінде танылды. Ол барлығымен дерлік қалжыңдасып, түрлі әзілдер ойлап тауып жүретін. Алайда, оның ішкі сезімі мен жоспарлары, жеке өмірі жайлы жан адам білмеуші еді. Сондықтан, оны гимназия оқушылары Вальтер Скоттың «Қара қортығындағы» «Беймәлім Карло» атымен атап кетеді. «Вий» халық аңызы ма? Украина тарихын зерттеу Гогольді «Тарас Бульба» повесін жазуға шабыттандырады. Кейін бұл атаумен 1835 жылы «Миргород» баспасынан жинағы жарық көреді. Аталған жинаққа жазушының мистикаға толы «Вий» повесі де енген еді. Алғы сөзінде жазушы ол шығармасын еш өзгертусіз жазылған халық аңызы екенін айтады. Алайда, зерттеушілер халық фольклорынан Гоголь шығармасының желісіне сай келетін бірде-бір оқиғаны кездестірмегендерін айтады. Вия атауын жазушы украин мифология­сындағы «Темір Ния» атауы мен украинша қас мағынасын беретін «вия» сөздерін қосып, өзі ойлап тапқан. Шығарма кейіпкерінің ұзын қастары да осыдан пайда болған. 1852 жыл. 12 ақпанға қараған түн 1839 жылы жазушы қатты науқастанып, бір өлімнің аузынан қалады. 1850 жылы күз мезгілінде Гоголь Одессаға келіп, сонда өзін бұрынғыша жақсы сезінеді. Тың күш жинап, талмай еңбек етуге кіріседі. Сөйтіп, ол бұрыннан қолға алып, аяқтай алмай жүрген «Өлі жандардың» екінші томын жазуға кіріседі. Алайда, шығарманы аяқтай салып, жазушы өзін «далада қалғандай» сезінеді. Оны өлім туралы ой мазалап, дегбірі қашады. Шіркеу қызметкері де жазушыға өлім жайлы, Құдай алдындағы таразы жайлы көп ой айтып, қорқынышын үдете түседі. Гоголь шығармаларына табынатын Пушкиннен біржолата «арылу» керектігін ескертеді. 1852 жылдың 12 ақпанға қараған түні жазушы портфелінен бірнеше ақ парақты ғана алып қалып, қалған жазбаны өртеп жіберуді тапсырады. Зерттеушілер ол жазба «Өлі жандардың» аяқталған екінші томы еді деседі... Осы түннен кейін Гоголь тафефобияға, яғни тірі күйінде көміліп кетуден қорқатын ауруға ұшырайды. Қорқыныш билегені соншалық, жазушы бірнеше рет өзі өлген жағдайда бірден көмбеу туралы өсиет жазып қалдырды. Тек өлгені әбден белгілі болып, денесі бұзыла бастағанда ғана жер қойнына тапсыруды өтініш етті. Жоғалған бас сүйек Николай Васильевич Гоголь 1852 жылдың 21 ақпанында бақилық болды. Оны Свято-Данилова шіркеуі маңына жерлейді. 1931 жылы шіркеу мен оның жанындағы қорым жабылып, Гогольдің денесі «Новодевичье» қорымына ауыстырылады. Осы кезде жазушының бас сүйегі жоқ екені анықталады. Әдебиет институтының профессоры, жазушы В.Г.Лидинаның пікірінше, Гогольдің бас сүйегі моладан 1909 жылы ұрланған болуы мүмкін екен. Ол театр музейінің іргетасын қалаушы меценат Алексей Бахрушиннің тапсырысымен әдейі ұрланған деген болжамын айтады. Мәскеудегі Бахрушиннің театр музейінде белгісіз үш адамның бас сүйегі сақталғанын, оның бірі осы Гогольдікі болса, бірі әртіс Щепкиндікі, ал үшіншісі мүлде белгісіз екенін алға тартады. Жазушының ұрланған «басы» кейіннен жазушы Михаил Булгаковтың атақты «Шебер мен Маргаритасында» көрініс табады. Ал Гогольдің өзі достарына арнап жазған хаттарында: «Мен ауыр халде ауырып жатсам да, ақыл-есімнің толық кезінде мені өле салысымен жерлемеуді, тек денем бүліне бастағанда ғана көмуді өтінемін» дейді. Ал жазушының денесін өзге қорымға ауыстыру кезінде оның табыт ішінде қайта тірілгені, ол жерден шығу үшін табыттың ішін тырналап, ақыр соңында қатты үрей мен қорқыныштан жүрегі жарылып өлгені туралы әңгімелер бар. Сондай-ақ, ол бастапқы жатқан күйін өзгертіп, басқа қырына қарап жатты дегенді айтқандар болған. Қалай болғанда да, жазушының құпия мен мистикаға толы өмірі де, оның өлімі мен жоғалған бас сүйегі де әлі күнге дейін жұмбақ күйінде қалып отыр. Оның денесі бүгінде бас сүйексіз «Новодевичье» қорымында жерленген.

Ұқсас жаңалықтар