Паң қалпында иілмеген қайран бас

Паң қалпында  иілмеген қайран бас
ашық дереккөз
Паң қалпында иілмеген қайран бас
Қазақ неткен дана әрі ұстамды, ә, Дым демедік батыр басы ұшқанда. Дүйім елдің батыры Ер Кейкінің, Басы келді иілместен дұшпанға! Сордан кейін күткен жандай бар бақты, Көшіп жүріп жеңдік моңғол, қалмақты. Бас сауғалап шетел асқан сатқыннан, Қазақ үшін кесілген бас ардақты. Атқан жауын дәл көздеген Ер Түрік, Ерлігіңе сүйсіндік һәм елтідік. Тірісінде ұлтын сүйген батырым, Сол атыңа өлген соң да татыдың, Петерборды тәубесіне келтіріп! Орындалып, шейіт-арман ақырғы, ә, Тоқтағандай барлық тарап ақылға. Батыр басы бақ боп келіп еліне, Ата-баба рухы тыныш жатыр ма? Жаса, менің Азаттығым, теңдігім, Миллиондарды бас идірді, жеңді ұлың. Сахарамда сауыт киіп, ат мініп, Қамшы тартып шапқым кеп тұр мен бүгін! Соның бәрі сенің арқаң, Елдігім! Тұран дала, бұрын сені сор күтті, Кім көрмеген, қасірет пен зорлықты. Паң қалпында иілмеген қайран бас, Паң қалпында елге келіп орнықты!

Табиғат АБАИЛДАЕВ, ақын.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар