Қытай туроператорлары ЭКСПО көрмесіне 500 мың билет сатып алмақ

Қытай туроператорлары ЭКСПО көрмесіне 500 мың билет сатып алмақ
ашық дереккөз
Қытай туроператорлары ЭКСПО көрмесіне 500 мың билет сатып алмақ
Қытай туроператорлары ЭКСПО көрмесіне 500 мың билет сатып алмақ. Бұл туралы бүгін Қазақстан мен Ресейдің XIII өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында өткен  «Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы туризмді дамытудың жаңа мүмкіндіктері» тақырыбындағы панельдік сессияда «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Ербол Шорманов  мәлім етті. «Жалпы, көрмеге 5 миллионнан астам келуші болады деп күтудеміз. Біз арнайы маркетингтік зерттеу жүргіздік. Аталған зерттеуге сәйкес келушілердің 85 пайызын өз еліміздің азаматтары, ал 15 пайызын шетелдіктер құрайды»,- деді ол. Осы ретте төраға орынбасары ЭКСПО-ға келетін туристер қатарында Ресей мен Қытай сынды көрші елдердің азаматтары көп болатындығына үміт артылатындығын айтты. «Қазіргі уақытта отандық 5 туристік компаниямен ЭКСПО-ның 74 мың билетін сатып алу бойынша келісімшартқа қол қойдық. Бұл біз үшін өте жақсы бастама. Оның одан ары қарқынды дамитындығына сенім артамыз. Мұнан бөлек,  қытайдың жетекші 3 туристік операторымен ҚХР азаматтары үшін 500 мың билет сатып алу бойынша келіссөздерді аяқтауға жақынбыз», - деді Е.Шорманов. Сонымен қатар ол «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясымен де 500 мың билет сатып алу туралы келісімшарт жасасқан. Бұл темір жол билеттері азаматтарға ЭКСПО-ға келуге мүмкіндік береді. «Бүгінгі күні 103 мемлекет пен 17 халықаралық ұйым ЭКСПО көрмесіне қатысатындығын ресми растады. Бұл біз үшін зор жауапкершілік. Осы ретте ресейлік павильонның көрме аумағында өте тиімді жерде, ірі сауда орталығына қатар орналасқанын атап өткім келеді. РФ павильонының аумағы 1008 шаршы метрді құрайды.  Әрине, бұл әлемдік ауқымдағы шара, туристер легі мол болады. Біз жыл соңына дейін, қазанның аяғында барлық негізгі құрылыс жұмыстарын аяқтаймыз және қарашаның алғашқы күндерінен бастап салынған павильондардың барлығын қатысушы елдерге беруге ресми дайын боламыз», - деді ол.

 Ақпарат көзі: ҚазАқпарат

Ұқсас жаңалықтар