«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тіл – ұлттың жаны

Тіл – ұлттың жаны
ашық дереккөз
Тіл – ұлттың жаны

Елбасымыз біздің алдымызға мемлекеттік тілдің тынысын кеңейту туралы ауқымды міндет қойып отыр

Өзге тілдің бәрін біл,

өз тіліңді құрметте

Мемлекеттік мекемелердегі іс-қағаздарының тілдік ара салмағы қандай? Сыртқы көрнекілік пен жарнама құралдарындағы мемлекеттік тілдің үлесіне қаншалықты мән беріліп жатыр? Кеше осы мәселелер облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте қаралды. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Үртай Сапақова баяндама жасады. Баяндамашы өз сөзінде «Тіл туралы» Заң талаптарының орындалуы бойынша жүргізілген тексерудің нәтижесіне тоқталып, жіберілген кемшіліктерді жіпке тізгендей айтып берді. Бүгінгі күнге дейін облыста 2148 қызметші мемлекеттік тілді оқып-үйренгенімен мемлекеттік мекемелердегі пайыздық көрсеткіш толық 100 пайызға жетпей отыр. Тексеру нәтижесі бойынша мемлекеттік мекеме бола тұра 3,1 пайыз ғана құжатты мемлекеттік тілде орындаған облыс әкімдігі мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасының орыс драма театрында, шығыс құжаттарының 6,3 пайызын ғана қазақ тілінде жолдаған «Жамбыл жылу» мекемесінде заң талаптарының сақталмайтындығы, оған басшылық тарапынан тиісті бақылаудың жоқтығы анықталған. Облыстың құжат айналымындағы мемлекеттік тілдің үлесін төмендетіп отырғандардың қатарында Техникалық реттеу және метрология комитетінің, сонымен қатар Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің облыс бойынша департаменттері сияқты мекемелер де бар. Тіпті, «мекемедегі іс-қағаздары 100 пайыз қазақ тілінде орындалған» деп тоқсан сайын мәлімет беретін басшылардың ресми тілде хат жолдайтын кездері де аз емес. Әсіресе, басқарма басшылары арасында бұрыштаманы ресми тілде жазатындар жеткілікті. Тараз қаласы мен аудан әкімдіктерінің, облыстық басқармалардың ресми сайттарына апта сайын зерделеу жүргізіліп отырады. Мұнда да қателіктер көп. Мысалы, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының ресми сайтының қазақша нұсқадағы басты бетінде «Бюджетная политика и планирование» сөзі сол күйі берілген. Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының ресми сайтындағы «тәжерибе», «арасна», «ұймдарда», «кәспкерлікті» деген қате жазулар жыл басында атап көрсетілсе де, әлі күнге дейін түзетілмеген. Сонымен қатар елді мекендердегі саяси әлеуметтік көрнекі ақпараттарда заң талаптарының сақталмаған тұстары, төл дыбыстардың дұрыс жазылмауы, әріптердің өшіп қалуы, орфографиялық және емлелік қателер молынан кездеседі. Базбір мекемелердің заңды атауы, мөрі мен мөртабаны өзгерсе де, маңдайшасы жаңартылмаған. Жүргізілген рейд қорытындысында Мойынқұм ауданындағы 19 мектептің басшылығы маңдайшаны тиісті талаптарға сәйкестендіру туралы Үкіметтің қаулысына пысқырып та қарамай отыр. Шу ауданындағы 18 ауылдық округтің 11-інің атауы бүгінгі күнге дейін «селолық» сөзінен арылмай тұр. Тараз қаласындағы «Медсити» медицина орталығы маңдайшасының өзінде тұнған қате. Біріншіден, маңдайшадағы атау бірінші орыс тілінде жазылған. Екіншіден, әріп өлшемдері әртүрлі. Бұл «Тіл туралы» Заңның 21-бабы талаптарының өрескел бұзылғандығын көрсетеді. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев баяндамаға арқау болған кемшіліктер бойынша бірқатар басқармалардың басшыларын сын тезіне алды. Еліміз азат, жеріміз байтақ. Тіліміз мемлекеттік мәртебе алғалы қашан. Бірақ, неге құжат айналымындағы мемлекеттік тілдің үлесі 100 пайызға жетпей отыр? Облыс әкімдігі құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Рахманқұл Байтелиев «Біздің мекемеге прокуратура, қаржылық бақылау органдарынан келетін кіріс құжаттарының бәрі орысша. Хаттар орысша келгеннен кейін біз жауапты орысша қайтаруға мәжбүр боламыз» десе, білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлзия Зәуірбекова «Басқармаға үш хат орыс тілінде түскен. Оған орысша да, қазақша да жауап бергенбіз» деп ақталғандай болды. Өзге де басшылар әртүрлі уәж айтуға тырысты. Алайда, Кәрім Нәсбекұлы сылтау айтушы шенеуніктерді тыйып тастады. – Елбасымыз біздің алдымызға мемлекеттік тілдің тынысын кеңейту туралы ауқымды міндет қойып отыр. Әрбіріміз төл тілімізге жанашырлықпен, ал тапсырмаға үлкен жауапкершілікпен қарауымыз керек. Қазіргі таңда Тараз қаласында қанша жарнама агенттігі бар? Олармен кім жұмыс атқарып жатыр? Жеке агенттіктер жарнаманы жазар алдында мәтінін қандай да бір мекеменің мамандарына оқытып ала ма? Болмаса оларға неге қате жібердің деп жатқан біреу бар ма? Жаңа өздеріңіз слайдтан көргендей, Шу ауданында Алға селолық округі деген атау әлі сол күйінде тұр. «Селолық» сөзінің қолданыстан алынғанын білмей ме сонда? Ол жерде аудан әкімі, оның орынбасары, ауылдың әкімі, ономастика комиссиясы қайда қарап отыр? Неге олқылықтың орнын толтырмайды? Он күн уақыт береміз, осы уақыт аралығында кемшілікті түзетпесе нақты шара қолданатын боламыз. Мұндай мәселелер бұған дейінгі басқосуларда да көтерілген. Алайда, қайталанып жатыр. Ендігі жерде кемшілікке кеңшілік болмайды, – деді өңір басшысы.

Тәртіп бар жерде тазалық бар

Аппараттық кеңесте, сонымен қатар, облыс бойынша көктемгі абаттандыру және санитарлық тазалық жұмыстарының қорытындысы да талқыланды. Осы мәселе бойынша хабарлама жасаған облыс әкімдігі энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мұхтар Төлеулиев атқарылған жұмыстармен қатар түйткілді мәселелерді де тілге тиек етті. Тараз қаласы мен аудандарда бей-берекет үйілген тұрмыстық қалдықтар, мерзімінде тазаланбаған орындар слайд арқылы көрсетіліп тұрды. Мысалы, Жуалы ауданындағы Шақпақата ауылдық округінен Алматы-Ташкент трассасына шығатын жолдың маңы кездейсоқ күл-қоқыс тастайтын орынға айналып кеткен. Қордай ауданындағы Қасық, Қақпатас, Мойынқұмдағы Қияқты, Көкөзек ауылдарының маңы да осындай күйде. Хабарламашының сөзіне сенсек, контейнерлік алаңдар мен оның ішіндегі жәшіктердің жетіспегендігінен де қоқыстың тыс жерлерге шашылуы орын алады. Бүгінде облыс бойынша екі мың 190 жәшікке қажеттілік туындап отыр. Жалпы, облыс бойынша 500 контейнерлік алаң және 2 мың 808 жәшік бар. Десек те Меркі және Мойынқұм аудандары бойынша контейнерлік алаңдар мен жәшіктер қарастырылмаған. Сондай-ақ облыс көлемінде тұрмыстық қатты қалдықтарды шығарумен бар болғаны 27-ақ кәсіпорын айналысуда. Бұлардың елді мекендердің тазалығымен айналысуға шамасы жетпейді. Мысалы, Жаңатас пен Қаратау қалаларында қоқыс шығаратын бір-бір кәсіпорын бар. Олар тек осы қалалардағы қоқыстарды шығарумен айналысады. Ал, аудандардың қалған елді мекендерінде мұндай мүмкіндік қарастырылмаған. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыс әкімі К. Көкірекбаев бейнебайланыс арқылы Тараз қаласы мен аудан әкімдерін сұрақтың астына алды. Меркі ауданының әкімі Бақтияр Көпбосынов «Биыл абаттандыру жұмысына қанша қаражат бөлінді? Оның қаншасы игерілді?» деген сұраққа «8 миллион 200 мың теңге бөлінді» деп жауап берді. Аудан басшысының жауабын облыс әкімінің өзі түзетіп, өткір сынады. – Біріншіден, сіздің аудан бойынша бұл мақсатқа 8 миллион 200 мың теңге емес, 28,8 миллион теңге бөлінген. Екіншіден, оның 2,5 миллион теңгесі ғана игеріліп отыр. Аудан әкімі ретінде сіз мұны жақсы білуіңіз керек. Бүгінгі аппараттық кеңес көгалдандыру, абаттандыру, тазалық жұмысы бойынша өтіп жатыр. Мен сізді ауылшаруашылығы немесе өндіріс мәселесі бойынша шақырып алып абаттандыру туралы сұрап жатқан жоқпын. Бұл – бір. Бұдан бөлек аудандағы сенбілік жұмыстарына 1,5 мың адам шыққан. Ал, Қордай ауданында мұндай қоғамдық жұмысқа 28 мың адам қатысқан. Әлгіндей аз адаммен қандай тазалық жұмысын жүргізуге болады? Меркі – облыстағы іргелі аудан. «Меркі» шипажайына қаншама қонақ келіп жатыр. Сыпатай кедені арқылы шетелдіктер де аудан топырағын басады. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автобаны да осы өңірдің орталығымен өтіп жатыр. Сондықтан да аудан орталығы мен оның жан-жағы таза болу керек. Тазалыққа көңіл бөліп, жұмыс істеңіз, – деді облыс басшысы. Кәрім Нәсбекұлы сонымен қатар Тараз қаласы мен өзге аудандардың әкімдеріне де нақты тапсырмалар берді. «Тәртіп бар жерде тазалық бар. Сіздердің жұмыстарыңызды осыдан-ақ аңғаруға болады» деді К. Көкірекбаев сөзінің соңында.

Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар