Ал, жұмысынан айырылған жағдайда еңбек етуге қабілетті адамдар әлеуметтік тұрғыдан қорғалады
Көптеген елдерде барлық азаматтарды қамтитын әлеуметтік қорғау жүйесі олардың әл-ауқатын жақсартып, еңбек ресурстарын кеңейтіп қана қоймай, сонымен қатар экономикалық өсім мен әлеуметтік жағдайдың тұрақтылығына алып келеді. Қазақстанда тәуелсіздік жылдары халықты әлеуметтік қорғау жүйесі қалыптасты. Мемлекет басшысы әлеуметтік саясат мәселелеріне ұдайы ерекше назар аударуда. Елбасының ««Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы басым бағыттардың бірі –еңбек және жұмыспен қамту саясатын жаңғырту болып табылады. Осылайша, әлеуметтік жаңғыртудың алға қойған міндеттері адам потенциалын тиімді пайдаланудың шараларын қарастырады. Осыған байланысты, мынадай стратегиялық міндеттер айқындалды: кәсіби дайындық жүйесін тиімді дамытуды қамтамасыз ету; жұмыссыздарды қайта дайындау; жаңа жұмыс орындарын ашу және бұрынғыларын сақтауға жұмыс берушілерді ынталандыру; шағын бизнес пен жеке кәсіпкерлікті дамытуға көмектесу; халықтың әлеуметтік әлсіз топтары мен жастарды жұмыспен қамтуға көмектесу; еңбек миграциясын ұйымдастыру бойынша шараларды қамтамасыз ету. Жұмыссыздықтан қорғау шаралары қоғамда табыстарын және әлеуметтік мәртебесін жоғалтқан топтардың болуымен байланысты әлеуметтік шиеленісті төмендетуге бағытталған мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігі болып табылады. Бұл ретте мемлекеттің осындай мәселелерді шешуге қатысу дәрежесі мен түрлері, қолданылатын құралдары мен тәсілдері көптеген елдерде әртүрлі. Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда әлеуметтік саясаттың басым міндеттерінің бірі жұмыссыздық деңгейінің өсуіне жол бермеу болды. Қазақстанда жұмыссыздарды міндетті әлеуметтік сақтандыру және мемлекеттік бюджет қаржысы есебінен әлеуметтік қолдау жүзеге асырылуда. Жұмыссыздарды әлеуметтік қорғауға – жұмысқа тұруға көмектесу, кәсіби дайындық, қайта дайындау, біліктілігін арттыру, қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру, табысы аз азаматтардан жұмыссыздарға мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек көрсету кіреді. Осыған байланысты жұмыс іздеуші тұлғалар жұмысқа орналасуға көмек пен тиісті әлеуметтік көмек алу үшін тұрғылықты жеріндегі жұмыспен қамту орталықтарына өтініш бере алады. Қазақстанның әрбір азаматы, республика аумағында тұрақты тұратын және табыс алатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар жұмысқа тұрғанда міндетті түрде еңбек шарттарын жасау қажет. Еңбек шартына отыру, жұмыс берушілер ай сайын қызметкердің табысынан мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына 5 пайыз мөлшерінде әлеуметтік аударымдар төлеп отыратындықтан, әлеуметтік тәуекел туған жағдайда қор қаржысы есебінен әлеуметтік қамсыздандырудың қосымша деңгейін алуға мүмкіндік береді. Қазақстандағы міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіндегі әлеуметтік тәуекелдердің бірі жұмысынан айырылуы жағдайы болып табылады. Бұл әлеуметтік тәуекел бойынша «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Заңына сәйкес, олар үшін жұмыс берушілер ай сайын әлеуметтік аударымдар төлеген міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушылары қордан әлеуметтік төлем алуға құқылы. Жұмысынан айырылуы жағдайына әлеуметтік төлемдер тағайындау үшін қажетті негізгі құжаттардың бірі міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушының жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органға жұмыссыз ретінде тіркелуі туралы анықтама болып табылады. Бұл ретте жұмысынан айырылуы жағдайына әлеуметтік төлем тағайындау үшін оған төлеуші (жұмыс беруші немесе өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлға) жұмыссыз ретінде тіркелгенге дейін соңғы 24 күнтізбелік айда қорға алты айдан кем емес әлеуметтік аударымдар төлеген жеке тұлға өтініш білдіре алады. Егер әлеуметтік аударымдар 6 айдан 12 айға дейін төленсе, онда аталған әлеуметтік төлем бір айға тағайындалады; 12 айдан 24 айға дейін төленсе – екі айға; 24 айдан 36 айға дейін төленсе – үш айға; 36 және одан да көп айға төленсе – төрт айға тағайындалады. Бұл жерде маңызды бір жағдай бар. «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңға сәйкес уәкiлеттi органда тiркелген жұмыссыз азаматтар - күнтiзбелiк он күн iшiнде кемiнде бiр рет уәкiлеттi органда, ал селолық елдi мекендерде тұратын жұмыссыздар айына кемiнде бiр рет поселке, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкiмдігінде белгiленуге тиiс. Ал жұмыссыздар бұл заңда көзделген уәкiлеттi органға келiп тұру мерзiмдерiн дәлелсiз себептермен бұзса, уәкілетті орган жұмыссызды есептен шығарады. Ал, жұмысынан айырылған жағдайда төленетiн әлеуметтiк төлем жұмыспен қамту мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi орган алушыны есептен шығарған ай өткен соң тоқтатылады. Мәселен, егер жұмыссыз ретінде тіркелген тұлғаға әлеуметтік төлем төрт айға тағайындалған болса, ал оның белгілену мерзімдері бұзылуымен, уәкілетті орган есептен он күннен кейін шығарса, әлеуметтік төлем есептен шығарған ай өткен соң бірден тоқтатылады. Яғни әлеуметтік төлем төрт айға емес, бір айға ғана төленеді. Жұмысынан айырылуы жағдайына тағайындалатын әлеуметтік төлемінің мөлшері жұмыссыз ретінде тіркелген күнге дейінгі 24 ай ішінде қорға түскен ай сайынғы әлеуметтік аударымдардың сомасы мен міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты болады. Осыған байланысты, жұмысынан айырылған жағдайда міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы жұмыссыз ретінде неғұрлым тез тіркелсе, соғұрлым тағайындалатын әлеуметтік төлемінің мөлшері жоғары болады. Халықаралық тәжірибеде жұмыссыздық бойынша жәрдемақы белсенді түрде жұмыс іздеушілерге беріледі. Қордан төленетін әлеуметтік төлем мемлекеттік бюджет есебінен берілетін жұмыспен қамту бойынша шараларға қосымша әлеуметтік қамсыздандыру болып табылады. Осылайша, қазақстандықтар өздерінің өмір сүру сапасын өз беттерінше жақсарта алады және әлеуметтік қолдау халықтың еңбекке, шығармашылық және қоғамдық белсенділігін арттыруға жағдай жасауға бағытталады.
Әлімқұл Тұрысов, облыс бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің басшысы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді