Қырым қанды безгегі адамға да, малға да қауіпті
- author «Ақ жол»
- 3 маусым, 2014
- 261
Мойынқұм, Сарысу және Талас аудандарының тұрғындары бүгінде денсаулық сақтау саласында «Конго-Қырым қанды қызбасы», ал, аталарымыз «Көкала» безгегі деп атап келген аурудың қоздырғышын /вирусын/ таратушы кенелердің табиғи ошағы болып саналатын аймағында тұратындарын жақсы біледі. Облыс басшылығы 2000 жылдан бері, ерте көктемде және күз айларында жоғарыда аталған аудан тұрғындарын кенеден қорғау үшін кенеге қарсы әр үйдің малын, қора-жайлары мен аулаларын үш рет жоспарлы түрде кенеден залалсыздандыруға арнайы ветеринарлық-санитарлық және дәрігерлік іс- шараларды атқаруға қаржы бөліп келеді. Биыл да облыстық бюджеттен осы аудандарда кенеге қарсы атқарылатын іс-шараларды жүргізу үшін керекті қаржы бөлінді.
Осыған байланысты облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы аудандарда атқарылатын іс-шаралардың кешенді жоспарын жасап, облыс көлемінде бекіткен болатын. Енді аталған кененің және оның бойындағы «Көкала» безгегінің қоздырғышы /вирусы/ қауіпті екеніне тоқталайық. Бұл кенелердің айырмашылығы – аса сезімталдығы. Олар жан-жануарларды алыстан сезіп, іздеп тауып, оларға жабысып қанын сорады. Бір-екі жыл өмір сүріп, бірден 3-4 мың жұмыртқа шашады. Бұл жұмыртқалардан өскен майда кенелер дала тышқандарының, суырлардың, қояндардың, құстардың, тағы басқа жәндіктер мен жабайы жануарлардың денесіне жабысып, қанын сорып өмір сүрсе, үлкендері ірі аңдарға, үй жануарларына, адамға жабысып, қанымен қоректенеді. Адам ағзасына кене безгектің вирусын қан сорған жерінде сілекейімен қалдырады. Олар сол жердегі майда қан тамырына еніп, қан жүйесі арқылы денеге тарап, тез өсіп, өніп, көбейіп улы заттарын бөледі. Удың әсерінен дененің майда қан тамырларының құрылыс клеткалары ыдырап, өзгеріске душар болу салдарынан тамырлардан қан сызаттап шығуына байланысты тері астында көк ала дақтар пайда болады. Кейде әр жерден тері қабаты тесіліп, қан атқылайды /мұндай өзгерістер ішкі мүшелерде де болуы мүмкін/. Осындай өзгеріс көбейген сайын дене қызуы көтеріліп, қан құрамы өзгеріп, клеткалары өз міндетін толық атқармағандықтан, ағзаға қажетті оттегінің жетіспеуінен- безгектеніп /сондықтан аталарымыз бұл ауруды «көкала» безгегі деген/, адам 3-4 күннің ішінде өліп кетеді. Ескерте кететін бір жай, аң, құстардың бойында «көкала» безгегінің қоздырғышына қарсы тұратын, яғни вирустардың уын бейтараптайтын иммунитет болса, адам ағзасында ол жоқ. Сондықтан, бұл кенелер адам өміріне өте қауіпті. Кененің адамға да, малға да қаупі күшейетін кез – қырқын кезі. Сондықтан, қойларды қырқу алдында, қырқатын жерді тазалап, дельтометрин деген дәріден әр шаршы метр жерге 3-5 грамнан шашып, қырықтықшылардың үстіне кене өрмелемеудің қамын жасаған абзал. Қырқу кезінде тойып тұрған кенені байқаусызда жарып, қолға не бетке қан шашыратып алған жағдайда дереу сумен жақсылап жуып, йод не әтір, не арақпен сүртіп дәрігерге көрінген дұрыс. Жалпы, кенелер малға жабысып, қанын сорып тұрғанда, мал ауырсынып мазасызданғаннан қоңы, сүті азаяды. Осындай жағдайға жеткізбеу үшін көктемде малдың үстін ауық-ауық тазалап тұру қажет немесе аяқтарын, бауырларын өріске шығар алдында 0,1 пайызды неоцидол ерітіндісімен ылғалдандырып, малдың түнде жататын жеріне дельтометрин дәрісін себу керек. Бұл дәрілерді мал дәрігерлердің кеңесімен өте сақтықпен қолданған дұрыс. Бұл кенелердің қауіптілігін ескеріп, өздеріңіз сақтанып, өзгелердің де сақ болуын ескерте жүрсеңіздер...
Айжан Оразбекова, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ветеринария бөлімінің бас маманы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді