Ән шығару – еріккеннің ермегі емес

Ән шығару –  еріккеннің ермегі емес
ашық дереккөз
Ән шығару – еріккеннің ермегі емес

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдас­тыруымен «Жамбылым – ән бесігім» атты жергілікті сазгерлердің облыстық байқауы өтті. Ән-доданың мақсаты – елі жайсан Жамбыл жерін жырға қосып, жергілікті сазгерлердің шығармашылықтарын насихаттау, жаңа әндер арқылы жастардың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыру. Тараз қалалық Мәдениет үйінде өткен ән сайысында Тараз қаласы мен 8 ауданнан келген 12 қатысушы бақ сынады. Байқау талаптары бойынша олардың әрқайсысы туған жерге арналған және еркін тақырыптағы екі әннен ұсынды. Байқау барысында қатысушылар таланттарын танытуға барын салып, тырысқанымен, алайда адамның өне бойын баурап алатын ән ұсына алмады. Шығармалардың шалалығы көп. Мәтіндердің мағынасыздығы тағы бар. Абай айтқан құлақтан кіріп, бойды алатын, тыңдаған жан сілтідей тына қап, елжірейтін ән ілуде біреу ғана кездесіп жатты. Мұны қазылар алқасы да жоққа шығармады. Оның үстіне, залда орналасқан дауыс күшейткіш аппараттардың сапасының нашарлығы да әннің мәтіндерін анық естіртпеді. Қазылар алқасына төрағалық еткен ҚР-ның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, күйші, сазгер Әбдімомын Желдібаев: – Ән шығару – еріккеннің ермегі емес. Өнер майданына кіру – үлкен жауапкершілікті жүктейді. Қазақ «Ән айтсаң жаныңды жеп айтасың» деп әнге әлдеқашан бағасын беріп қойған. Өкінішке қарай, байқау біз күткендей болмады, кемшілік көп. Сазгерлердің әнді әрлеуі, өңдеуі өте сауатсыз. Айқай-шу. Мәтіндерінде қайталама сөз көп. Орындалған әндердің көбісі дерлік күнделікті айтылып жүрген ән секілді. Ән шығару оңай дүние емес. Өз басым бірінші тақырыпты таңдап, біраз уақыт сол тақырыптың соңында жүремін. Әннің ауқымы, еңсесі үлкен болады. Халықтың көңілін оятатын құдіреті болуы шарт. Кешегі Шәмшінің, Әсеттің, Әбілахаттың әндері қандай құдіретті. Бір әннен бір симфония жазуға болады. Сол секілді ұлттық колоридті, әуезді, мәтінді сақтағанда ғана ән шығады. Шығармаға жауапкершілікпен қарап, ән тақырыпқа сай болуы керек, – деп байқауда орын алған кемшіліктерді ашық айтып, қатысушыларды қамшылағандай болды. – Ән қоржынымда бар-жоғы төрт әнім бар. Мұндай өнер сайысын ұйымдастыру жас таланттардың шығармашылығына шабыт беріп, әрі қарай шыңдалып, ізденуіне жол ашады. Байқауға биыл бірінші рет қатысып тұрғандықтан, орын алған кемшіліктерді келесі жолы қайталамауға тырысамын, – деді байқауға қатысушы жуалылық Нұржан Әлішев. Халықты ырғағымен тербетіп, серпілтетін, көңілдің ажары болатын ән болмағандықтан қазылар алқасы бас жүлдені алып тастады. Сонымен, 1-орынды тараздық таланттар Мәлік Ақүрпеков пен Нұржан Жаңабаев жеңіп алды. Ал 2-орын меркілік Шәбден Омаралиев пен байзақтық Жанат Тұрғынбековке бұйырса, 3-орынды мойынқұмдық Болатбек Әбішев, тараздық Жандос Омаров, таластық Асқарәлі Жылқыбаев, жуалылық Нұржан Әлішев, сарысулық Төлеу Үшқоңыров өзара бөлісті. Жеңімпаздар арнайы диплом мен ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Шынар АСАНҚЫЗЫ, «Ақ жол».

Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар