Фәнилік драма
Арғынбай БЕКБОСЫН. (рубаяттар) – Құдайым бұйыртпаса алғыр ақыл,
«Тағдырым бәрінен де қалды ғапыл!..» –
деместен, мынау Өмір қан базар ғой,
Қадірлім, қарыштайық барды батыл!
* * *
– Әділдікке қиянат қасарады!..
Енді ашуды кім қайтіп баса алады?!.
Қиянаттан қып-қызыл қан қарайса,
Одан, байқа, лаңкес те жасалады.
* * *
Өртенсең де қорлыққа ашынғанда,
Мұң басады ыза-ашу басылғанда.
Сол шақырар ащы арман: «Кетсем етті,
Мұнан басқа кез-келген ғасырларға!..»
* * *
Жемқор ата шақырып немерені:
– Әкеңді де үйреткем, – деген еді. –
Көп сөйлемей келгенге өтінішпен,
Біл: шамасы қандай – дүр, не береді?..
* * *
– Айдап тастап намысты, арды алысқа,
Ендігіміз... жай ғана жанбағыс па?..
– Қалай ұйқың келеді боп жатқанда,
Жақсылық пен жамандық арпалыста?!
* * *
Бір күні қош дейміз ғой бұ Жалғанға,
Кетсек те, кетпесек те біз арманда.
Тек, әттең, елім деген даналардың,
Өмірі өлшенбей-ақ ұзарғанда!..
* * *
– Ес кетердей бір көріп мүлде менен,
Сиқыр ма бұл?.. Сұлулық бұл не деген?!
Сөзбен оны бейнелеу мүмкін емес!..
Ең дұрысы, шамасы, үндемеген.
* * *
«Кетті ме, – деп жүргенде, – сайтан алып?!»,
Жан жалыны лауласа-ау қайта жанып!
Жатар ма еді тәтті шақ, ләззатты сәт,
Қайталанып, шіркін-ай, қайталанып!..
* * *
Бір басқа талант, қайрат егіз келген,
Адамды тапсам деумен ел ізденген.
Ал тапты... ішінде оның жатыр нелер?..
Мақсат па ізгілікке негізделген?..
* * *
– Бір дана сұрай қалса төрелікті,
Мақтанба деп өзіме өре бітті.
Өренің бар биігі, аласасы,
Болады аласасы көне, күпті...
* * *
Атақ сұрап көп жазып – сызғаны үшін,
Қасаңдықты сахнада бұзғаны үшін
алса... ол атақ, Құдай-ау, не береді?..
Берері анық... басқаның қызғанышын.
* * *
– Бұ Жалғанда тірелген бәрі айлаға,
Қадамыңды анық бас абайла да.
Ал шақырса Ұлы Алла – керексің сен!..
Ештеңеге айлалап қарайлама.
* * *
– Қасиеті шығар бұл бірбеткейдің:
Сізге деген көңілді еш кірлетпеймін.
Мені қанша сыйлайсыз – дәл білмеймін...
Ал мен сізді өлгенше құрметтеймін!
* * *
– Сен кеткелі, о қанша жылдар өтті!..
Дей алмаймын тез өтті, жылдам өтті.
Шаш ағарды, түсті әжім, ең ауыры –
шаттық шалқыр жүзімді мұңдар өпті...
* * *
Аспан да, Жер де әдемі жаратылған,
Күн қандай нұрын шашып дара тұрған!..
Адамзат неге алауыз алтыбақан?
Бассыздық басталмақ па жаңа, тыңнан?..
* * *
Заманды барлап, ойға енгенде мен,
Бұл жұртқа бір «Керемет» келген дер ем:
қартайдық десе Абай елуінде,
Би билеп қазір сексен ербеңдеген!..
* * *
– Ей өрен! Құлағыңды, кел ас, тыңда:
тарихты сыйлап, бетін сен аштың ба?..
Тағзым ет әрбіріне, қабатталып,
Төрт Тараз жатыр мына жер астында!
* * *
Жарқ-жұрқ еткен жұлдызы – тастары да,
Балалықтың басқа еді-ау аспаны да!
Құс Жолына түсуші ек қиял мініп...
Енді мұнар... шыннан-ақ басқаны ма?
* * *
– Қазіргі ең бір сұмдық одағайлық:
қанағат жоқ! Жоқ қою оны абай ғып.
Бұзылып бітті бейіл, ой-ниетте де!..
Құртады-ау Адамзатты Қомағайлық!
* * *
Жырларым жайлы... жақсы айтылады...
Сонда да ертелеу-ау айту әлі...
Ал енді достарыма құлаққағыс:
– Жұлдызым менің ылғи жай туады.
* * *
Түсімде қысылам да жүрем ылғи,
Онда да басар жерім – кілең ылди.
Запыста бәрінен де болды ма өңде,
Соғады кідірістеп жүрек ілби...
* * *
– Отыз жеті.. Шерханша, «Қандыбалақ»...
Мен бұл жылды дей көрме алды қалап.
Жазығым ба шыр ету жатқан кезде
ату үшін санасы барды қамап?!.
* * *
Ұрпақ жазған кітапқа, тасқа қашап:
«Адам Ата»... Болмаған басқа шатақ...
«Адам» деген адамды бірден қазақ,
Қазір де жүр басқалар басқаша атап...
* * *
– Күттім!.. Күттім... сол пойыз жылжығанша!
Минут... Секунд... Ұрлады жылды қанша?!
Кездеспедік... Кездессек – басқа тағдыр?..
Тұрмыз, міне, қаймығып... мұңды жанша...
* * *
– Сезім – сынап жастықта секіргесін,
Біліппіз бе қос арман бекінбесін?!.
Қайдасың сен?.. Бір хабар... әлде сен, сен...
Жердің... жо-жоқ, жарығым, бетіндесің!
* * *
Өмірден өзгешелік өткендегі –
Трагикомедия көптен бері!..
Ойнап жүр аншлаг қып өң «актерлар»,
Сырт жылтыр, іші пасық, бетперделі.
* * *
– Бұл бала бала болды құдай ұрған!..
Қайда да ойын-сауық, ұдайы ырбаң...
– дей ме екен мына заман: «Ойсыз өссін»?..
Шықпайды-ау, әй, ештеме уайымнан.
* * *
– Қайран ауыл!.. Ит үріп, мал шулаған...
Майдай жағып барады даусың маған!
Келіп тұрам сағынып бір өзіңді,
Барында әлі талқаным таусылмаған...
* * *
Орнын тауып, ізденіп кәсіп қылған,
Кәсіпкерге табылса нәсіп тыңнан,
Жағасына жармасар небір құлқын,
Мына елдің де еңсесін басып тұрған!
* * *
Онан да алып жалмаңдап, мұнан да алып,
Жиғандар бар дүние құмарланып.
Көбі айналды-ау кісіден кісәпірге,
Ал кейбірі – түлкіге бұлаң қағып.
* * *
– Ештеңе жоқ тұрған тым ұнамай да...
Ал көңіл зіл... Бар ма бір бұған айла?
– Е, кілтипан заманда... айналаңда...
«Күлсе қуана алмаған...» ұлы Абай да.
* * *
– Сәлем, сәлем, ақ таңым арайланған!..
Шапағыңа шарпылды қарайған маң.
Жаныма да жайсаң нұр дарығандай,
Көңіл сергек, ұйқым да қалай қанған!
* * *
– Жағаңменен араңда жаулық бардай,
Екіленіп қызбалау таулықтардай,
Мұның қалай, Талас-ау, долданғаның?..
Бар еді ғой ақылың дауды ұққандай...
* * *
– Құстай ұшып кететін бір күн менен,
Өмір көркем тек сенің күлкіңменен!
Естілмесе ол сыңғыр... «Бұл дүние –
еш әсерсіз, іші бос дүңкіл!» дер ем.
* * *
– Сүймесем, о, құдайым, жарды не етем?!
Мәңгіге ол жүрегімнен алды мекен...
Ол мені еске алды ма?.. Еске алса,
Көзінен бір тамшы жас тамды ма екен?
* * *
Афродита, Венера, Шолпан... жұлдыз,
Әртүрлі атпен аспанда болған бір қыз...
Грек-рим аруы... ренжімес,
Біздің Шолпан Айдай боп толған нұр – жүз!
* * *
«Адам тартпай қоймайды қалыбына...»
Не бұйырды әкемнен талығыма?
– «Софы Аллаяр», – деп еді бір кітабын,
Ойшыл ма еді?.. Ойшылдық дарыды ма?..
* * *
– Асылым, сен ұялып қорғанып ең,
Атыңды жырда атауға болғанымен...
Сапарлап сан жылдарға кетсең мейлі,
Менсіз-ақ мендік өлең жолдарымен!
* * *
– О, оның асқақ еді-ау мақсаттары,
Сан сында рухын да ақсатпады.
Сыйы елге: ой-қазына. Аһ, әттең-ай,
Кетуге үлгермеді-ау тастап тағы...
* * *
– Айтуға тура кеп тұр өкінішпен:
аярдың жағымпаздық өтін ішкен
дегені болып жатса, мен пақырдың
көп сөзі тұрады өңшең... өтініштен!
* * *
Сұлулыққа жұқ болмай ұстам мықты,
Ойды ондағы құдірет-күш таң ғыпты.
Бас идірген бәрін де сол керемет,
Жеңе алмады өзіне құштарлықты!
* * *
Орынтақта отырып көк тіреген,
Іс қылды ма әлеумет – көп тілеген?..
Керісінше, кербақса – о, ондайлар,
Жексұрын боп ел-жұртқа өтті деген...
* * *
– Асыл арман – сөз жазу қанаты бар!
Ұшып барса – абайлап қаратып ал.
Жатырқасаң – қайта ұшыр, ал жақтырсаң,
Ескерткіш боп өзіңде қала тұрар...
* * *
Әлмисақтан әйгілі: ғалам тыныш
болса, еркін алмағы адам тыныс.
Неге сойқан?.. Алланы мәжбүрлеу ме
қолға алуға Жер үшін жаман тың іс?
* * *
Бодандықтың «бақыты» басыбайлы,
Бақ етсе де... басқаны асырайды!..
Ал тәуелсіз ел болып, қорықпаса,
Алдап-сұлдап арқасын қасылайды...
* * *
Бір-ақ сөзбен беймәлім Лавид ақын,
Ататыпты ардақтап Нәбиге атын.
«...Бір Алладан басқаның бәрі өткінші...» –
деп ашыпты ол ақиқат табиғатын.
* * *
– Лавид ақын! Меккеге қайдан бардың?..
Бақытты сен тарихи жайдан да алдың.
Жаһандағы атақ-даңқ, бар марапат,
Бір сөзіне тұрмайды Пайғамбардың!
* * *
Жалған сезім... жалған сөз... Алдандық та
әбден бауыр бастық қой жалғандыққа!
Ал шындыққа сенуден қап барамыз,
Енді оны таппаспыз арман ғып та...
* * *
Бұлттар, бұлттар... қауышқан, ажырасқан...
Ысқырған жел... оңды-сол азынасқан...
Қаратүнек... Найзағай шатыр-шұтыр...
Әй, төзгенмен бәріне... қажыды аспан!
* * *
– Қарап тұрып сүйінем құрдасыма:
Келбеті де келісті, тұлғасы да.
Мінез қандай!.. Сабырлы... ал, әйтпесе,
Уайымы жетеді бір басына.
* * *
– Ем қонбайды-ау байғұстың кеселіне...
– Рак па еді... өлінің есебіне..?
– Жо-жоқ, дерті: ойсыздық, салғырттығы!
Толғантпайды бүгінгі... кешегі де...
* * *
– Қарап қылық, сөзіне, кескініне,
«Періште ғой бұл нағыз, – десті, – міне!..»
– Періште болған емес, болмайды да,
Пенденің жұмыр басты ешбірі де!
Тараз,
тамыз, 2016 жыл.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді