Соғыс ардагерінің құрметіне

Соғыс  ардагерінің  құрметіне
ашық дереккөз
Соғыс ардагерінің құрметіне

Өткен жылы апатты жағдайдағы білім мекемелерінің мәселесін шешу үшін республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға салынған Т.Рысқұлов ауылдық округіндегі 300 орындық №7 орта мектепке Ұлы Отан соғысының ардагері болған, Социалистік Еңбек Ері Аманжол Тұрғымбаевтың есімі берілді. Білім ошағында Еңбек ерінің ескерткіш-мүсіні орнатылды. Тәлімі мол, тағылымды бастама. Ер есімі еленген күні аталған білім ордасында ауқымды іс-шара өткізілді. Ескерткіштің ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің білім саласына баса көңіл аударып отырғанын айтып өтіп, мектеп табалдырығын алғашқы рет аттаған бүлдіршіндерге сәттілік тіледі. Оқушылар мен ұстаздарды – Білім күнімен құттықтады. Жиында Аманжол Тұрғымбаевтың қызметтестері, қоғам қайраткері Ирак Қасымұлы, Зоя Резлюк және қызы Лима Аманжолқызы Социалистік Еңбек Ерінің өмірінен сыр шертіп, жеткен жетістіктерін сөз етті. Немересі Айдын Аманжолов кәсіпкерлер атынан мектепке компьютер сыйлады. Бір айта кететіні, бұл мектепте Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевпен аттас бала білім алуда. Қазір 7-сыныпта оқып жатқан Нұрсұлтан Назарбаев – оқу ісінің үздігі. Мектептегі белсенді оқушылардың бірі. Содан болар, дәстүрлі форматтан тыс алғашқы қоңырауды соғу мәртебесі Нұрсұлтанға берілді. Ұлы Отан соғысының ардагері Аманжол Тұрғымбаев атындағы орта мектептің алғашқы қоңырау салтанаты оқушылар үшін тосын сыйға толы болды. Мерекелік шарада Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева, әншілер Қайрат Нұртас, сазгер Арман Дүйсенов ән шырқап, «Гүлдер» ансамблінің бишілер тобы өнер көрсетті.

Нұрболат Әлдибеков, «Ақ жол».

Меркі ауданы.

Ұқсас жаңалықтар