Көрме қонақтарының өңіріміздегі Туристік бағыттары белгіленді

Көрме қонақтарының өңіріміздегі Туристік бағыттары белгіленді
ашық дереккөз
Көрме қонақтарының өңіріміздегі Туристік бағыттары белгіленді

ЭКСПО–2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің қонақтары мен қатысушылары аралап, тамашалайтын нысандардың басым бөлігін тарихи-мәдени мұралар құрайды. Осы орайда Мәдениет және спорт, Инвестициялар және даму министрліктерінің бірлесе отырып жасаған жоспарына сәйкес көрме қонақтарының бағыт тізбелері бекітілді. 2016 жылы 18 шілдедегі №209 бірлескен бұйрыққа сәйкес жасалған бағыт ішінде облысымыз бойынша «Астана – Тараз – Қазақ ауылы – Көксай» бағыттары қамтылған. Оған «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-мұражайының республикалық дәрежедегі ең басты тарихи-мәдени мұралары, өлкетану мұражайлары, қорықтар, табиғи көрнекі орындар еніп отыр. Олардың қатарында «Ұлы Жібек жолы» бағыты бойынша ЮНЕСКО-ның тізіміне алынған «Ақыртас сарайы» кешені, Айша бибі, Бабаджа хатун, Қарахан, Дәуітбек, Тектұрмас кесенелері мен ашық аспан астындағы «Ежелгі Тараз» археологиялық саябағы, «Төрткөл» керуен сарайы бар. ЭКСПО – 2017 көрмесін ұйымдастырып өткізуге байланысты мекемеге қарасты жоғарыда аттары аталған тарихи-мәдени мұралар аумағында әзірлік жұмыстары басталып та кетті. Бұл тұрғыда ең алдымен жедел іс-шаралар жоспары жасалып, тұжырымдама дайындалып, келушілерге арналған жол көрсеткіштер, үш тілде көрме логотипі бейнеленген ақпараттық тақталар, санитарлық орындар, қауіпсіздік мақсатындағы бейнебақылау құрылғылары және жалпы инфрақұрылым жүйелері жаңғыртылуда. Сондай-ақ, «Астана – Тараз – Қазақ ауылы – Көксай» бағыты бойынша көрме қонақтары мен қатысушыларына арналып, «Ежелгі Тараз» музейі аумағында «Болашақ энергиясының арғы тегі – Шырағдандар шеруі» тақырыбында кең көлемде көрме әзірлену үстінде. Тарихи-мәдени мұралар бойынша жасақталған бағыттар түзу мақсатында облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалымен тығыз байланыста бірлесе жұмыс жүргізудеміз. Аталған бағыттардағы тізбеге енгізілген тарихи ескерткіш орындары аумағында қонақтарға қызмет көрсету ісін үйлестіретін жекелеген туристік компаниялар мен қорық-мұражай мекемесі арасында тиісінше келісімшарттар жасалуда. Жалпы, өңірімізде ЭКСПО – 2017 көрмесі аясындағы іс-шаралар негізінен «Ежелгі Тараз» археологиялық саябағы, Қарахан, Айша бибі, Ақыртас кешендері аумақтарында өтетін болады.

Алмас МҰХТАРОВ, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының бөлім басшысы.

Ұқсас жаңалықтар