Дәулеталды Жанбаев, Құрметті құрылысшы, айтыс жанашыры, «Алтын орда» ЖШС-ның бас директоры: «Жаңатастың өркендей беретіні қуантады»

Дәулеталды  Жанбаев,  Құрметті  құрылысшы,  айтыс  жанашыры, «Алтын  орда»  ЖШС-ның  бас  директоры: «Жаңатастың өркендей беретіні қуантады»
ашық дереккөз
Дәулеталды Жанбаев, Құрметті құрылысшы, айтыс жанашыры, «Алтын орда» ЖШС-ның бас директоры: «Жаңатастың өркендей беретіні қуантады»
Дәулеталды Жанбаев – Жаңатаста тұрып-ақ бақытын еңбектен тапқан азамат. өмір жолын Қарапайым құрылысшыдан бастап бай тәжірибе жинақтап, өз алдына серіктестік құрып, әлеуетті құрылысты жүргізе алатын кәсіби маманға айналды. Осы саладағы ұзақ жылғы еңбегі үшін жуырда «Қазақстан Республикасының Құрметті құрылысшысы» атағын алды. Құрылыс саласының маманы бола тұра айтыс өнеріне бүйрегі бұрып, оған жанашырлық танытып келеді. Осыған орай төл өнеріміздің жанашыры Дәулеталды Дәуітбайұлымен әңгіме-дүкен құрғанды жөн көрдік. – Дәулеталды Дәуітбайұлы, сіздің бар саналы өміріңіз Жаңатаспен тығыз байланысты екенін білеміз. Өткен өмір жолыңызға шолу жасасаңыз... – Туған жерім – Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданы, Жарықбас ауылы. Жаңатас қаласы – өскен, қалыптасқан жерім. Мектеп қабырғасында жүргенде журналист болуды армандадым. Алайда, әкем Жаңатаста оқығанымды қалады. Кім біледі, көзімнің алдында, жақын жерде жүрсін деген шығар. Әкемнің қалауына тоқтап, 1975 жылы Жаңатас қаласындағы Қаратау тау-кен құрылыс техникумының кешкі бөліміне оқуға түстім. Күндіз дәнекерлеуші болып еңбек етіп, кешкілік білім алып жүрдім. Кейіннен Қаратау политехникалық институтын құрылыс мамандығы бойынша бітірдім. Содан Қаратау тау-кен байыту комбинатының жөндеу цехында шебер болып еңбек еттім. 1979 жылы «СМП- Индусстрой» тресінде прораб болдым. Төменгі деңгейінен бастап құрылыс саласының барлық сатысынан өтіп келемін. Қаратау тау-кен комбинатында комсомол комитетінің хатшысы да болдым. Жастармен жұмыс жанымды жадырататын. Ондай өмір баспалдағы тәжірибе жинап, шыңдалуыма, қалыптасуыма, айналамдағы кісілерге түсіністікпен қарауыма, оларды құрметтей білу қабілетін қалыптастыруыма ықпал етті. Атамекенім осы қаладан онша алыс емес. Жаңатас қаласы жастығымның куәсі болды. Одан бергі жылдарымның да осы шаһармен байланысты болғанына еш өкінбеймін. – Әңгіме Жаңатас туралы өрбіп кетті ғой. Осы шаһардың кешегісі мен бүгінгісін салыстырар болсаңыз, нені ерекше айтар едіңіз? – Жаңатаста өткен ғасырдың 80-жылдары 67 мың халық тұрды. Бір ғана Қаратау тау-кен комбинатының өзінде 16 мың адам еңбек етті. Қаланың дәуірлеген шағын да көрдік. Құлдыраған, дағдарысты бастан кешкен сәттерінің де бел ортасында жүрдік. Еш жаққа көшіп кеткен жоқпыз. Не көрсек те елмен бірге көрдік. «Көппен көрген ұлы той» дегенді қазақ бекер айтпайды. Қазіргі таңда Жаңатаста 22 мың халық бар. Дегенмен, алдағы жылдарда қала халқының саны едәуір өсетініне сенімім мол. – Құрылысшы ретінде қолыңыздың табы сіңген осы қаладағы қандай құрылыстарды атап берер едіңіз... – Осы қаланың жылу жүйесін жүргізуге, шағын аудандарда көп қабатты үйлердің бой көтеруіне менің де үлесім бар. Сол жылдары Итен Әлімтаев, Эльдар Алиев, Александр Нехаенко, Жұмалы Орынбаев, Есенғали Жугинисов деген кісілер өмірлік ұстазымыз болды. Бұл күнде облыс жұртшылығына есімі белгілі Болат Мәдікенов, Рахманқұл Байтелиев, Ерімбек Қозыбақов секілді азаматтармен қатар еңбекке араласып, жас күнімізден сыйласып келе жатырмыз. – Жұрт қопарыла көшкен Жаңатаста тұрақтап қалдыңыз. Неге? Өзге үлкен қалаларға қоныс аударуға мүмкіндігіңіз болды емес пе? – Осы сауалды осы күні өзіме жиі қоямын, мен «Жаңатаста неге қалдым?» деп. Әрине жас кезімізде Жаңатаста қолдау көп болды. Комбинатта еңбек еткенімізде айлығымызға 60 пайыз қосымша үстеме төлейтін. 200 сом жалақысы барлар 320 сом алатын. Әуелі осындай қолдауға қызыққан болармыз. Кейіннен дағдарыс басталғанда талай достарым өзге жақтардан кәсіпкерлікпен айналысып, жалақысы жақсы жұмыс іздеп кетті. «Балам, ағаш бір жерден көгереді» дейтін әкем марқұм. Әкемнің осы сөзі көңілімнен кетпей, Жаңатаста қалып қойдым. Одан жаман болған жоқпын. 2006 жылдан бері «Алтын орда» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін ашып, құрылыс саласы бойынша тапсырыстар шеңберінде жұмыс жүргізіп келеміз. Өмірімде зор маңызға ие Жаңатастың қайта көркеюіне де тамшыдай үлесімді қосып жүргеніме көңілім толады. 1-ықшам аудандағы №8 үйді түгел күрделі жөндеуден өткізіп, жұрт игілігіне бердік. №7 көп қабатты үйді осыдан біраз жыл бұрын сатып алған едім. Ол көп қабатты үйді (60 пәтерлік) де өз қаражатыма жөндеп, тұрғындардың пайдалануына беріп отырмын. Тағы бір 60 пәтерлік көп қабатты үйді 50 пайыз жөндеп біттік. Құдай қаласа, оның да игілігін қала тұрғындары көреді. «Заңғар» супермаркетін ашып қойдым. Мен басқаратын жауапкершілігі шектеулі серіктестікте 50 адам, «Заңғар» сауда кешенінде 42 адам еңбек етеді. Яғни, 100-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отырған жайым бар. «Алтын орда» серіктестігі мемлекеттік тапсырыс шеңберінде аудандық аурухана құрылысына, орталық қазандыққа күрделі жөндеу жүргізді. Саудакент, Түгіскен ауылдарындағы мәдениет үйлерін, Байқадам атындағы орта мектеп-интернатты күрделі жөндеуден өткіздік. Бірнеше көп қабатты үйлердің жөнделуіне ықпал еттік. Жаңатаста құрылыс жұмыстарын жандандыруға үлес қосып жатқаным – қаланың болашағына сенгеннен. Халыққа химия саласы керек. Менделеев кестесіндегі элементтердің көпшілігі осында Жаңатастан шығады. Ресейдің «ЕуроХим» компаниясы алып зауыт құрылысын жүргізуі үмітімізді оятты. «ЕуроХимде» 5 мың адам еңбек етеді деп күтілуде. Бұл дегеніңіз – қалаға тағы 20 мың тұрғын қосылады деген сөз. Сондықтан Жаңатас қаласының болашағы үлкен. Мен оған еш күмәнсіз сенемін. – Соңғы жылдары атамұра айтыс өнерін қолдап, демеушілік көрсетіп келесіз. Мұндай ойға қалай бекіндіңіз? – Айтыс – қазақтың ғажайып өнері. Қазақ – әу бастан сөзге шешен, тілі өте құнарлы халық. Сөз өнері – ұлтымыздың баға жетпес байлығы. Сол рухани байлығымызға жанашырлық таныту, қолдау бүгінгі таңда өте қажет. Бабаларымыздан мирас болған атамұра өнерді, шешендікті келешек ұрпаққа «өлтірмей» табыстау бүгінгі ұрпақтың міндеті дер едім. Айтысқа осы мақсатта демеушілік көрсетіп келемін. Бала күнімізде Қобыланды, Алпамыс жырларын жаттап өстік. Әдебиетші, журналист болуды да армандадық. Алайда, құрылысшы болу маңдайымызға жазылған екен. Шүкіршілік. Биыл үшінші жыл қатарынан Саудакент жерінде өткен республикалық айтысқа демеушілік жасап, қолдау көрсеттім. Біздің ауданда ұйымдастырылған айтысқа әр жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының үздіктері Бекарыс Шойбеков, Біржан Байтуов, қызылордалық жүйрік, «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов, оралдық Жансая Мусина, Талғат Мықи келіп, айтыс көркін қыздырды. Өз облысымыздың жүйріктері Алтынкүл Қасымбекова, Алик Бекмұсаев, Күміскүл Сәрсенбаевалар да көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Әсет Дүйсебаев, Нұрлыбек Құрманов, Дархан Әбдіманат, Дидар Апбасов секілді жастардың аяқ алысы да жаман емес. Міне, мұның барлығы айтыстың жиі өтуінің нәтижесі. Алдағы уақытта да мұндай игі жұмыстарға қолдау көрсете бермекпін. Бастысы, сарысулық тұрғындар атағынан ат үркетін ақындарды өз ауылынан көріп риза. Ауданның бұрынғы әкімі Қанатбек Мәдібек айтысты қолдап, жанашырлық етті. Қазіргі аудан басшысы Бейбітбек Жайлыбаевтың да өнерге құрметі жаман емес. – Спортқа да қолдау танытасыз ба? – Әрине. Ауыл спортын дамыту – игі мақсат. Боксшы жерлесіміз, КСРО чемпионы Серік Өмірбеков атындағы жарысқа демеушілік көрсеттім. Аудан аумағынан облыстық, республикалық түрлі жарыстарға баратын жасөспірімдердің де қадамын құптап, мүмкіндігінше қолдау жасап тұрамын. Жаңатас қаласындағы мектептердегі әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көп балалы отбасыларға қолұшын беріп, көмектесіп келеміз. – Қарапайым халықтың жанашыры болып жүрсіз. Депутаттыққа түсіп, бағыңызды сынап көрдіңіз бе? – «Нұр Отан» партиясының мүшесімін. Аудан әкімі болып тұрғанда Жангелді Омаровтың тарапынан аудандық мәслихатқа депутаттыққа түсіңіз деген ұсыныс болды. Бірақ, құрылыс жұмыстарын жүргізу көп уақытымды «жеп» қоятындықтан, ол кезде депутаттыққа түсуден өзім бас тартқанмын. Онсыз да елмен етене, қоғамдық істердің бел ортасында жүрмін. Алайда бұл игі істерді депутат болу үшін атқарып жүргенім жоқ. – Сіздің тарихты тану, зерделеу мәселелеріне де назар аударып жүргеніңізден хабардармыз. Осы тұрғыда қолға алған істеріңізді өз аузыңыздан естігіміз келеді... – Тарихи дүниелер – мен үшін сүйікті тақырып. Ілияс Есенберлиннің тарихи шығармаларын он рет қайталап оқыдым десем, артық айтпаспын. Көркем әдебиет пен тарихи шығармалар – керемет рухани байлық. Өз өңіріміздің тарихына да сергек қарап жүремін. Мәселен, құймақұлақ қарияларымыздың айтуы бойынша, Есей би кезінде Тәуке ханның оң қолы, кеңесшісі болған екен. Бірақ Есей би жайлы тарихта аз жазылған. Есей биді беріректегі Есей ханмен шатастыратындар да бар. Сол секілді осы өңірде Ерназар деген әулие өткен. Оның баласы Жамбылға халық Қоқан хандығына қарсы көрсеткен ерліктері үшін «хан» атағын берген. Міне, осы Ерназар әулие мен баласы Хан Жамбылдың сүйектері Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданының Арыстанды, Қарабас өзендері маңындағы қыратта жатыр. Сол замандағы дүрбелең жағдайларға байланысты екеуі бөлек-бөлек жерленген. Келешекте осы кісілердің басына кесене тұрғызып, шырақшы отырғызсақ деген ойым бар. Бұл жұмыс жүзеге асса, әруақ үшін де атқарған игі ісіміз болар еді. Бұл ретте Ерназар әулие, Жамбыл ханның әр өңірдегі ұрпақтарымен де хабарласып, ұсынысымды айтып отырмын. Құдай қаласа, алдағы жылдары бұл тірлікті қолға алатын боламыз. – Әңгімеңізге рахмет.

64564++5Сұхбаттасқан Есет Досалы, «Ақ жол».

Сарысу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар