«Rазарма» тұрғындары неге алаңдайды?

«Rазарма» тұрғындары неге алаңдайды?
ашық дереккөз
«Rазарма» тұрғындары неге алаңдайды?

Редакциямызға Тараз қаласының №11 аумақтық округі «Казарма» шағын ауданының Жұмаділ Нұржанов, Халида Маханова бастаған бір топ тұрғындары атынан шағым хат келіп түсті. Хатта темір жолдың қос қапталын жағалай орналасқан «Казарма» шағын ауданы мен оның маңайындағы саяжайлардың аумағы жылдан-жылға кеңейіп, тұрғындар санының арта түскені, әйтсе де, ауылда ауызсу, газ, дәрігерлік амбулатория мәселесі оң шешімін таппай отырғаны, жоғары сыныптағы балалар өзге ауылға тасымалданып оқытылатыны, 4-сыныпқа арналған тозығы жеткен бастауыш мектептің тарлық етіп жүргені айтылған.

«Бұрын ауылымыз Жамбыл ауданына қарайтын. Балалар сол кезде көрші ауылға қатынап оқитын. Бұл әсіресе, бастауыш сыныпта оқитын балғындар үшін қиын еді. Сондықтан, 2005 жылы аудан басшылары ауыл азаматы Досжан Елубаевтың баспанасына өз келісімі бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізіп, бастауыш мектепке айналдырды. Қазір мектептің сыйымдылығы өте тар. Бізге жақын орналасқан «Химик» саяжайынан – 400, «Радуга» саяжайынан 240 оқушының көбісі алыс ауылға қатынап оқиды. Осыған орай, үш жыл бұрын жаңа мектеп салу қажеттігі жөнінде мәселе көтеріліп, Тараз қаласы әкімдігінің 2013 жылғы 24 маусымдағы №547 қаулысымен жаңа мектеп салынатын орын белгіленіп, 3 гектар жер телімі бөлінген болатын. Қалалық білім бөлімі заңды түрде 166443 теңге төлемақы аударып, келісімшарт арқылы 2014 жылдың 13 мамырында мектеп соғылатын алаңның топографиялық түсірілімін жасатқан болатын. Алайда, іс аяғы құрдымға кетіп отыр...» деп жазыпты тұрғындар. Біз мәселенің мән-жайын білу үшін аталған шағын ауданға барып, тұрғындармен кездескен едік. – 13 адам қол қойған хатты жазуға түрткі болған жағдай осы. Мәселені тиісті мекеме басшыларына жеткізгіміз келді. Себебі, талай жылдан бері ауызсудың тапшылығын көріп отырмыз. Мамыр айында әр отбасы 30 мың теңгеден жинап, тозығы жеткен орталық кәріз құбырын өз күшімізбен жаңарттық. Одан бөлек, тағы да үйме-үй 18 мың теңге қаржы жинап, су құбырын кіргізіп алдық. Бірақ, су күніне бір сағат қана беріледі. Құбыр жаңартылса да, ауызсуды қалағанымызша пайдалана алмай отырмыз. «Көгілдір отынды» тұтыну да арман болып тұр бізге. Дәрігерге қаралу үшін «Құмшағал» шағын ауданына баруымызға тура келеді. Әсіресе, балалы әйелдерге обал. Мектептің жайы тағы бар. Зейнет жасындағы біздерді жастардың болашағы алаңдатады, – деді тұрғын Құрманкүл Жылысбаева. Расында да, бастауыш мектеп дегеніміз ортадан төмен бәкене там екен. Тозығы жеткен ғимараттың кейбір бөлмелерінің едені айра-жайра болып жатыр. Сірә, жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатса керек. Аталған №59 бастауыш мектептің директорының шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары Бақтыгүл Нұрпеисованың айтуынша, екі ауысыммен оқытылатын мектепте, даярлық сыныбын қосқанда, 98 оқушы бар екен. – Мұнда осы маңайдағы 6-7 саяжай тұрғындарының балалары оқиды. Егер тұрғылықты жерімізден жаңа бастауыш мектеп салынып, жанынан шағын орталық ашылса, тұрғындар мұнша қиналмас еді. Өйткені, 5-11 сынып оқушылары «Құмшағал» шағын ауданына қатынап оқиды. 60 жылдан астам уақыттан бері балалар тасымалданып оқытылуда. Осы машақаттан арылсақ екен дейміз, – дейді ол. Ал №11 аумақтық округтің бас инспекторы Мұрат Аққұлиевтің бұл мәселелерге қатысты айтар жауабы дайын екен. Мектеп жайына алаңдаушылық танытып отырғандар жақын маңдағы ауылдардан заманауи үлгідегі мектептер салынып, «Казармадағы» стандартқа сай келмейтін білім мекемесі жабылып қалса, жұмыссыз қаламыз деп жанталасып жүргендер екенін айтады. – Округ бойынша 6 ауыл, 24 саяжай бар. Жалпы, округтегі тұрғындар саны – 19 мың. Бар-жоғы 25 үйден құралған «Казарма» шағын ауданы тұрмақ, 500-ден астам түтіні бар «Құмшағал» шағын ауданында да, тіпті, округ бойынша бірде-бір ауылға газ кіргізілмеген. Газ құбырын тарту жөнінде жобалық-сметалық құжатты 73 миллион теңгеге жасатқанбыз. Округ түгелдей республикалық бюджет есебінен 2017 жылы газдандырылатын болды. Ал дәрігерлік амбулатория салуға тұрғындардың саны жетіспейді. Көктемде тұрғындар есебінен кәріз құбырлары жаңғыртылып, әр үйге су құбыры тартылды. Бірақ, әлі күнге дейін тұрғын үйлерге есептеуіш құралдары орнатылған жоқ. Сол үшін су күніне 1-2 сағатқа ғана босатылып отыр. Есептеуіш құралдарын орнату – «Темір жол су» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің міндеті. Ал ауылдан мектеп салдыру үшін бала саны жеткілікті болуы қажет. Сондықтан, бастауыш сыныптан басқа сынып оқушылары 3 шақырымнан астам қашықтықта орналасқан «Құмшағал» шағын ауданына тасымалданады. Онда бұрынғы ескі мектеп және биыл құрылысы аяқталған 300 орындық жаңа мектеп бар. Келер жылы екі шақырым жердегі «Береке» саяжайынан 900 орындық мектеп бой көтермек. «Казарма» шағын ауданының балаларын сол жерге тасымалдап оқыту көзделуде. №59 бастауыш мектеп бала оқытуды жалғастыра береді, – дейді ол.

Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар