«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Мектепте қазақ тіліне бөлінетін сағат саны көбейеді

Мектепте қазақ тіліне бөлінетін сағат саны көбейеді
ашық дереккөз
Мектепте қазақ тіліне бөлінетін сағат саны көбейеді

Үштілділік жүйесін енгізуге байланысты мектептерде қазақ тіліне бөлінетін сағат саны да көбейеді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Ақпараттық-талдау орталығы» АҚ департамент директоры Елдос Нұрланов айтты, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

 Елдос Нұрланов сөз басында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ОЭСР) мүше елдердің көптілділік тәжірибесіне тоқталды.

«Еуропа елдерінде көп тілді білім беруге осыдан 20 жыл бұрын көшті. Әрбір еуропалық оқушы кем дегенде екі шет тілін оқуға мүмкіндігі бар. Нәтижесінде бүгінгі таңда еуропалықтардың 54 пайызы кемінде бір шет тілін біледі. 25 пайызы екі тілді, 10 пайызы үш тілді жетік меңгерген. Тіл мәселесі қозғалғанда, көпшілігіміз Жапонияны еске аламыз. Жапония да көп тілді білім беру үрдісінен қалыс қалмақ емес», - дейді Е.Нұрланов.

Өйткені, оның айтуынша, бүгінгі таңда Жапония көрші елдерден ағылшын тілі индексі бойынша қалыс қалып отырғанын түсінді. Бұл мемлекет өзінің болашағын ағылшын тілмен байланыстырып отырғандықтан, үшінші сыныптан ағылшын тілін оқуға кіріскен. Ал 2020 жылдан кейін күншығыс елі Азия құрлығында ағылшын тілінен көш бастауды мақсат тұтып отыр.

«Жапонияда ағылшын тілін 14-16 жастан оқиды деген ақпарат жүр. Бұл ескірген мәлімет. Осы жылдың мамыр айында мен Париж қаласында Жапонияның үлкен делегациясымен кездесіп, ағылшын тіліне қатысты олардың қандай жоспары барын білдім. Жапонияның білім министрінің сайтына кіріп, жоспарының барына көз жеткіздім», - дейді ол.

Маманның айтуынша, ағылшын тілін меңгеру деңгейі жоғары мемлекеттердің бірқатар даму көрсеткіші де көш ілгері.

«Ағылшын тілі ана тілі саналмайтын елдерде оның деңгейін саралайтын зерттеу бар. Ағылшын тілі білімінің индексіне сәйкес, осы зерттеуге ілінген мемлекеттердің дені, олардың басым көпшілігі скандинав елдері, ағылшын тілін неғұрлым жақсы білсе, экономикалық дамуы да соғұрлым жоғары. Жастардың арасындағы жұмыссыздық деңгейі соншалықты төмен, ғылыми қызметтерден өндірілетін тауарлардың экспорты да соғұрлым жоғары. Бұл дәлелденген факті», - дейді ақпараттық-талдау орталығының өкілі.

Оның пайымдауынша, Қазақстанда халық саны көп болмағандықтан, қоғамда үштілділік саясаты мемлекеттік тілдің дәрежесін төмендетеді деген қауіп бар.

«Еуропаның көптеген елдері білім беру саясатын жүргізеді. Оны қаншалықты сапалы жүргізетініміз бізге байланысты. Жаңартылған оқу бағдарламаларына сәйкес, ағылшын тіліне бөлінетін сағат саны көбейеді. Сонымен қатар, қазақ тіліне бөлінетін сағат саны да 300-ден астам сағатқа көбейеді. Сондай-ақ, ағылшын тілін пән ретінде ғана оқытып қоймай, шетелдік тәжірибеге сәйкес, кейбір пәндерді ағылшын тіліне көшіру жоспары бар. Бірақ, мұнда екі нәрсені ескеру керек. Біріншіден, біз бұл жоспарды біртіндеп, дәйекті жүзеге асырмақшымыз. Екіншіден,  жоғары сыныптарда ғана 2019 жылы белгілі бір пәндерді, соның ішінде физика, химия, биологияны таңдап отырмыз. Мектептердің мүмкіндігі болатын болса, солардың алқалы шешімімен ғана енгізіледі. Демек, біз бұл іс-шараны дәйекті жүргізіп, мемлекеттік тілге еш зиянын тигізбеуді көздеп отырмыз. Сайып келгенде, бұл тікелей орындаушылық мәдениетіне және тілге дегенжанашырлығымызға байланысты болады», - деп қорытты сөзін Е.Нұрланов

Ақпарат көзі: BNews.kz 

Ұқсас жаңалықтар