Меркі қалашығының нақты жасы анықталмақ

Меркі қалашығының  нақты жасы анықталмақ
ашық дереккөз
Меркі қалашығының нақты жасы анықталмақ

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универси­тетінің профессоры Мадияр Елеуов жетекшілік ететін «Тұран археологиялық экспедициясы» ортағасырлық Меркі қаласында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуде. Аталған зерттеу жұмыстары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Шу мен Талас өңірінің ұзын қорғанды қалалары» ғылыми-зерттеу жобасының аясында орындалуда. Меркі қалашығын алғаш рет Орта Азияға ғылыми сапармен келген және Шымкент, Тараз, Тарты (Құлан), Меркі, Ыстықкөл жағасы, Іле аңғары арқылы өткен В. Бартольд 1893-1894 жылдары зерттепті. Ұлы Жібек жолының бойындағы маңызды орталықтардың бірі саналатын ортағасырлық Меркі қаласын алғашқы зерттеу мен қазудың өзінде тарихы және даму кезеңдері туралы қызықты мәліметтер табылды. Қыш бұйымдар жиынтығы қыш қолөнерінің жоғары деңгейде дамығанын, оның көркемдік бағыттарын, Шығыс Түркістан, Шаш, Соғды, Хорезммен мәдени, экономикалық, саудалық қарым-қатынастары болғандығын көрсетеді. 1964 жылы К.Байпақовтың жетекшілігімен Жетісу археологиялық экспедициясының Луговой бөлімі барлау қазбаларын жүргізді. Онда жасалған кесік қаланың жоғары қабаты ХІ-ХІІІ ғасырларға жататындығын көрсетті. Жиналған археологиялық заттар (қыш) қаланың VІІ-ХІІІ ғасырларда болғандығын дәлелдейді. Ә.Марғұлан атындағы археология институтының қызметкерлері А.Досымбаева 2005 жылы және А.Нұржанов 2006 жылы қаланың орталық бөлігіне зерттеу жұмыстарын жүргізіп, бірнеше мәдени қабаттардан тұратындығын анықтады. Биылғы жылы профессор Мадияр Елеуов жетекшілік ететін «Тұран археологиялық экспедициясының» негізгі мақсаты – ортағасырлық Меркі қаласының стратиграфиялық жасын анықтау. Яғни қаланың пайда болған уақыты, өмір сүрген дәуірі мен күйреген кезеңін нақты көрсету. Экспедиция жетекшісі профессор М. Елеуов бастамасымен бүгінде сақталған қала орталығының солтүстік-батыс шетіне, Қарасу өзені ағып өтетін аумақтағы жарқабақ үстіне көлемі 8х8 м (36 м2) қазба салып, оның солтүстік-батыс бөлігіне қаланың толық жасын анықтау үшін стратиграфиялық кесік түсірілуде. Қазба барысында ортағасырлардың әртүрлі мәдени қабатына жататын құрылыстар мен тұрмыстық заттары, көптеген қыштан жасалған құмыра, кесе, құм, құмша, тегене сияқты қолмен жасалған тұрмыстық-шаруашылық қыштар, сондай-ақ қазан тәрізді ыдыстардың сынықтары кездесуде. Болашақта археологиялық қазба жұмыстары барысында шыққан қабырға қалдықтары мен жәдігерлерді зерттеу нәтижесінде ортағасырлық Меркі қалашығының пайда болған уақыты мен нақты өмір сүрген кезеңін анықтайтын болады.

Талғат Сұлтанов, аудандық тарихи-өлкетану музейінің тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау инспекторы.

Меркі ауданы.

Ұқсас жаңалықтар