- Advertisement -

Заңғар

174

- Advertisement -

кісілік қасиетке бай тұлға Сұлтан Жиенбаев жайлы сыр

Сонау соғыс жылдары танкіге қарсы қолданылатын қарулы рота командирі ретінде батылдығы мен алғырлығы һәм алымдылығымен аты шыққан оның кейінгі бейбіт өмірдегі тірлігі де аңыз іспеттес. Мемлекет және қоғам қайраткері, Алматы қаласының құрметті азаматы Сұлтан Сүлейменұлы Жиенбаевты көзі ашық, көкірегі ояу зиялы қауым тегіс біледі десек, асыра айтқандық болмас сірә. Қашанда құрметтеп сыйлайды, өнегелі ісі мен кісілігін тәнті тұтады. Өйткені, алдыңғы аға буынның шоқтығы биік осы асыл ағамыз – сонау сұрапыл соғыста ерліктің өшпек үлгісін танытса, бертіндегі нешебір бейбіт өмірде ісімен де ерекше көзге түскен айтулы тұлға. Әсіресе, бұрынғы рота командирі фашистермен болған жойқын шайқастарда үшінші рейх танкілерін отқа орандырғанын, қанды көйлек қаруластары мұндаға дейін жыр ғып айтып келеді. Ал ағамыз болса, соғыс туралы әңгімелеуге онша құлықты еместігіне таңғалып та жүрдік. Сөйтсек, мұның да өзіндік себебі-сыры бар екен. Ең жақын жүрген сырлас азаматтардың айтуынша, бұл кісі құрамында болған Қазақстанда жасақталған 100-дербес атқыштар бригадасының көптеген жауынгерлері майдан даласында опат болған. Ұлы Отан соғысының тарихында Ржев, Великие Луки, Невель қалалары бағытындағы болған ұрыстардың қисапсыз адам шығынымен аяқталғанын білеміз. Сол қасап қырғынның ортасында болған адамның соғыс туралы әңгімеде сараңдық танытатыны да жөн шығар.
Міне, соғыстың жеңіспен аяқталғанына жетпіс жылдан асып барады. Ал бүгінгі жастар жағы сол қасіретпен келген жеңістің құнын біле бермейді. Мұның өзі соғыс ардагерлерінің көңіліне кәдімгідей қаяу түсіретіні анық қой. Осыдан ба, ағамызды бұл мәселе де қатты толғандыратыны оның «Қазақ жүздігі» атты естелік кітабында ашық айтылған. Өйткені, бұл кісіні кейінгі ұрпақтың «Сол соғыс туралы айта берудің қажеті не? Өтті-кетті емес пе?» деген жаңсақ пікірлері ойландыратыны айдан анық. Оның аталған кітабындағы «Тарихты бұрмалап, бұрынғының бәрін мансұқ етуге болмайды» деген пайымы да содан шығар. Бұл ретте, әлбетте, оқ пен оттың ортасынан елге аман-есен оралып, табандары туған жердің топырағына тиген Әзілхан Нұршайықов, Тахауи Ахтанов, Қасым Шәріпов, Жекен Жұмаханов, Әбдіжәмит Бектемісов сынды майдангер, танымал шығармашылық адамдарын Сұлтан Сүлейменұлы бойтұмардай тәнті тұтады.
Иә, өткен өмір тұнып тұрған тарих іспеттес. Сонау 1921 жылдың 22 шілдесі күні бау-бақшаға бөленген, миуалы Алматы шаһарында бау-бақша баптаушы Сүлеймен Халыұлының отбасында шыр етіп дүние есігін ашқан оның алдында өмір атты үлкен жол жатты.
Сол кездегі астананың орта мектебін озаттар қатарында бітірген зерек бозбала бірден С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің физика-математика факультетіне түседі. Алайда, сол бір қиын-қыстау кезеңде жоғары оқу орнында емін-еркін білім алып, білікті мамандыққа ие болу қиынның-қиыны тұғын. Ал Сұлтан Сүлейменұлы болса, университетті еңбекпен ұштастыра білді. Яғни, жоғары оқу орнында оқи жүріп-ақ Алматы «Қазақ мал бордақылау» кеңсесінде, сосын «Қазақстатистика» басқармасындағы құжаттарды реттеумен көз майын тауысқаны еңбек өтілінде тайға таңба басқандай жазулы тұр.
Өткен ғасырдың індеті боп тарихта таңбаланған соғыс өрті тұтанғанда, өршіл де өжет Сұлтан Жиенбаев бірден өзін майданға аттандыруды өтініп, әскери комиссариаттың табалдырығын аттаған болатын. Ондағылар да мұны құп көріп, көзінен от шашқан жалынды жасты алдымен Орта Азия әскери округіндегі (САВО) саяси жетекшілер дайындайтын қысқа мерзімді курсқа жіберуді жөн санаған. Ал 1941 жылдың қақаған қысында ол Қазақстанда жасақталған әйгілі 100-атқыштар бригадасының құрамында майдан шебіне жеткен-ді.
Бес қаруын сайланып, жолындағысын жайпап келе жатқан жаумен жан аямай шайқасқа кірген сәттері әлі күнге көз алдында. Әсіресе, 1942 жылдың қараша айындағы қақаған қара суықта 100-атқыштар бригадасы құрамына енген 39-армияның қорғанысқа көшіп, Шестаки, Молодой Туд, Дроздово, Появилово сияқты елді мекендерді қорғағаны есінен кетпейді оның. Себебі, 25 қарашада Молодой Туд деревнясы маңындағы өте-мөте ауыр шайқаста ерекше көзге түскен-ді. Бір өзі емес, әрине. Сол бір от оранып, оқ бораған ауыр сәтте сержант Қарабек Бұрышев пен қатардағы жауынгер Төребек Тоқмағамбетов, Шәкір Тәжібаев, Жұмаділ Әубәкіров, Қалжан Әлжапов, Хәкім Көшеков және Райымжан Әшкеев сынды қайсар қазақтар жоғары командирлердің аузына ілікті. Өкінішке қарай, осы ауыр шайқаста олар қаза (Шәкірден басқасы) тапты ғой.
Әлбетте, майдангердің ерлік жолын тізбелей берсе, таусылмайтын жырмен тең. Сұрапыл шайқастарда өз ротасын бастап жауға атойлаған С.Жиенбаев 1944 жылға дейін үш рет ауыр жараланса да саптан шықпады. Бұл туралы және жалпы 100-атқыштар бригадасы хақында 1985 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген соғыс ардагерлері Әкентай Халимуллин мен Александр Проколенконың «Мәншүктің жұлдызды сәті» атты естелік кітабында өте-мөте жақсы айтылған. Ал ұрыс даласында үш рет жараланып, майдан даласында көрсеткен ерлігі үшін жауынгерлік І дәрежелі Ұлы Отан соғысы, «Ұлы Жеңіс» ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған жеңімпаз командир Сұлтекең үшінші рет ауыр жарақат алуына байланысты майданнан босатылып, елге оралады.
Алматыға оралған соң 1944–1950 жылдар аралығында Түркістан-Сібір темір жол бойында еңбек ететіндерді азық-түлікпен қамту саласында жетекшілік қызмет атқарады. 1950 жылы Мәскеу қаласындағы КСРО Сауда министрлігінің өндірістік тауарлар басқармасының бастығы қызметіне тағайындалады. 1954 жылы сауда жүйесін нығайту негізіндегі бұйрық бойынша Алматы орталық әмбебап дүкенінің (ЦУМ) директоры қызметін атқара бастайды.
Сөз жоқ, әр саланың өзіндік қиындығы, шешімін табуы керек түйінді мәселелері болмай тұрмайды. Абзал жан аталмыш жүйені өрге бастыру барысында да аянбай тер төкті. Соның бәрін айтпағанның өзінде, сол кездегі Алматыға жаңа орталық әмбебап дүкен құрылысын соққызу үшін Мәскеуге әлденеше рет жол тартып, ондағы шенеуніктердің есігін тоздырғаны, ақырында 200 жұмыс орындық сауда нүктесін салу үшін рұқсатқа қол жеткізудің өзі оңай тірлік емес еді. Тіптен, осы мақсатпен сол кездегі КСРО Сауда министрі А.И.Микоянның қабылдауына ілігу үшін Мәскеуде апталап жатқаны ше? Осының бәрі, түптеп келгенде, туған еліне жақсылық жасасам деген ниеттен туған тірлік еді. «Бәрін айт та, бірін айт» демекші, аталған сауда орнының тек елімізде ғана емес, бүкіл КСРО аумағы бойынша жарияланған кеңестік жүйе бәсеке-жарысында Одақтың ауыспалы Қызыл жалауын жеңіп алғаны нақ осы тұс тұғын.
1954 жылдың күзінде Алматы қалалық партия комитетінің әкімшілік, жоспарлау, қаражат және сауда органдарының бөлім меңгерушісі болып бекітіледі. Бұл жауапты қызметті Сұлтекең 1959 жылдың күзіне дейін абыроймен атқарады да, сол жылы Алматы қаласы, Фрунзе аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланады. Өсу баспалдақтарымен жоғары өрлеген ол 1960–1962 жылдар аралығында Қазақстан Компариясы Орталық комитетінің бөлім меңгерушісі болып еңбек етті. 1962 жылдан Қазақ ССР-ның Сауда министрі қызметінде болды.
Жалпы, 1962–1970 жылдар аралығында, яғни С.Жиенбаев Сауда министрі қызметін атқарған тұста еліміздің сауда саласы айтарлықтай алға басты. Мұны да азды-көпті таратып айтар болсақ, бұл аралықта республиканың тауар айналымы тұрғындар есебімен алған 20 пайызға, ал ауылдық жерде 25 пайызға дейін көтерілді. Барлық өңірлерде (Гурьев облысынан басқа) ірі-ірі әмбебап дүкендер соғылып, азық-түлік және көкөніс сақталатын қоймаларға мұздатқыш қондырғылар орнатылды. Тіптен, ауылдық жерлердің өзіндегі дүкендер қаладағыдай кейіпке келтіріліп, қолжетімді тауарлармен толықтырылды. Басқа да халыққа қажетті іс-шаралар атқарылды.
1970 жылы Сұлтан Сүлейменұлы Жиенбаев Қазақ ССР Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Ол бұл жоғары лауазымда табаны күректей 14 жыл қызмет еткен еді. Мұндағы бір атап өтерлігі, осы кезеңде ол тек сауда, жеңіл және тамақ өнеркәсібін ғана емес, қосымша түрде республикадағы қарулы күштер саласымен де тығыз байланыста болды. Ауқымды бұл саланы азық-түлікпен, басқа да қажеттілікпен қамтамасыз ету оңай шаруа емес болатын. Айта берді, сол кездегі құрылған Ортаазиялық әскери округте (САВО) де оның еңбегі зор. Бұл хақында 1978 жылғы 23 ақпанда оған полковник шені берілуіне байланысты округ командирі, генерал-полковник П.Н.Лушевтің атынан оған жолданған құттықтау хатта да түйінделген.
Өз кезінде ол бірнеше рет Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің мүшесі, ҚК Бюросына кандидат болып сайланып, СОКП ХХVI съезіне делегат ретінде қатысты. Қазақ ССР-нің Жоғарғы кеңесінің депутаты болып сайланды.
Бар саналы ғұмыры тынымсыз еңбекке толы ердің ел үшін еткен еңбегі ескерусіз де емес. Атап айтсақ, С.Жиенбаев «Октябрь революциясы», үш рет Еңбек Қызыл Ту және «Халықтар достығы» ордендерімен марапатталған. Бұған қоса, Сұлтекеңнің еңбегі бертінде «Құрмет», «Парасат» және ІІІ дәрежелі «Барыс» ордендерімен атап өтілді. Қашанда «болдым-толдым» деп кеуде соқпайтын қарапайым да кішіпейіл, кісілік қасиеті келіскен оны 1985 жылы «Республикалық тарихи және мәдени ескерткішті қорғау қоғамы» кеңесінің пленумы өздерінің төралқа төрағасы етіп сайлағаны бар. Аталған қоғамдық міндетті ол 1988 жылға дейін абыроймен атқарды. Алайда «жасым келді» деп қол қусырып отырмай, 1992 жылдың 28 желтоқсанында Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев атындағы халықаралық қор құруға мұрындық болды. Кейінірек аталған қордың бүкіл республика көлемінде қанат жаюына да барынша атсалысты. Бүгінгі таңда ағамыз ҚР Ардагерлер ұйымы Орталық кеңесінің мүшесі ретінде қоғамдық іс-шараға белсене қатысып келеді.
Сөз соңында ерекше бір атап өтерлігі, Сұлтан Сүлейменұлы Жиенбаев өзінің Құдай қосқан қосағы, республикаға еңбек сіңірген заңгер Нұрәни Гирейқызы Әбелшинамен екі ұл және бір қызын лайықты өсіріп-тәрбиелеп, солардан алты немере, төрт шөбере көріп отырған жайы бар. Айтқандайын, тұңғышы Рүстем кезінде Қазақстанның Румыниядағы елшісі болып қызмет атқарған, қазіргі таңда бизнеспен айналысуда. Ал өкінішке қарай, биология ғылымдарының кандидаты атанған сүйікті қызы Райхан 2010 жылы өмірден озса, кенжесі Ринат кәсіпкерлер қатарында.

Дастан Назаров,
тарихшы.

Алматы қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support