Тергеу судьясы тегеурінді болса

Тергеу судьясы тегеурінді болса
ашық дереккөз
Тергеу судьясы тегеурінді болса

азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтаудың кепілі

«100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 22-қадамында адамның және азаматтардың Конституциялық құқық шектейтін барлық тергеу қызметі жөніндегі өкілеттілікті тергеу судьясына біртіндеп беруді қамтамасыз ету арқылы сотта айыпталушы және қорғаушы арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету міндеттелген болатын. Елбасы тапсырмасы негізінде 2015 жылдың басынан бастап тергеу судьясы деген жаңа лауазым соттарға енгізілді. 2016 жылдан бастап тергеу судьясы институтының өкілеттілігі күшейтілген.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық процестік кодекстің 7-бабының 47-тармағында көрсетілгендей, тергеу судьясы – сотқа дейінгі іс жүргізу барысында осы кодексте көзделген өкілеттіктерді жүзеге асыратын бірінші сатыдағы сот судьясы. Оның өкілеттігіне осы кодексте көзделген тәртіппен қылмыстық сот ісін жүргізуде адамдар құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің сақталуына сот бақылауын жүргізу берілген. Тергеу судьясы өз өкілеттіктерін кодекстің 56-бабының қағидаларына сәйкес жүзеге асырады. Тергеу судьясы өз құзыретіне жатқызылған мәселелерді сот отырысын өткізбей, жеке-дара қарайды. Егер заңды және негізделген шешім шығару үшін маңызы бар мән-жайларды зерттеу қажет болса, тергеу судьясы тиісті тұлғалардың және прокурордың қатысуымен сот отырысын өткізу туралы қаулы шығарады. Күзетпен ұстауды санкциялау, үйқамақты санкциялау, экстрадициялық қамақты санкциялау, күзетпен ұстау, үйқамақ, экстрадициялық қамақ мерзімдерін ұзарту, кепілді қолдану, мүлікке тыйым салуды санкциялау, тез бұзылатын немесе қылмыстық істі мәні бойынша шешкенге дейін ұзақ сақталуы елеулі материалдық шығындарды қажет ететін заттай дәлелдемелерді өткізу туралы мәселені қарау, сотқа дейінгі іс жүргізу барысында жәбірленуші мен куәның айғақтарын сақтауға қою мәселелерiн қарау кезiнде сот отырысын өткiзуге мiндеттi. Сот отырысын өткiзу мiндеттi болған жағдайда, қорғаушы тарап пен прокурорға сот отырысының уақыты мен орны туралы күнi бұрын хабарланады. Сот отырысы тергеу судьясының өкімі бойынша бейнебайланыс режімінде жүргізілуі мүмкін. Сот отырысы барысында хаттама жүргізіледі. «Бұрын қарап-тексеру, тінту, алу, жеке басын тінтуді жүргізуге санкцияларды беру прокуратура органдарының құзыретінде болған. Қазір тұрғын үй-жайды қарап-тексеру онда тұратын кәмелетке толған адамдардың келiсуiмен немесе тергеу судьясының санкциясымен ғана жүргiзiледi. Егер онда тұратын адамдар кәмелетке толмағандар болса, олардың психикалық немесе өзге де ауыр науқастардан зардап шегетiнi анықталса, олар қарап-тексеруге қарсылық білдірсе, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам мәжбүрлеп қарап-тексеру туралы қаулы шығарады, оған тергеу судьясынан санкция алынуы тиiс. Санкция беруден бас тартылған жағдайда, қарап-тексеру жүргiзiлмейдi. Тараз қаласы №2 сотына 2016 жылдың 5 айында барлығы 878 санкция материалы түскен, оның 848-і қаралып (835 талап-тілек қанағаттандырылған, 13 санкция материалы бойынша қанағаттандырусыз қалдырылған), 6-ауы қайтарылған. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, санкция материалдары бойынша 2015 жылдың 5 айын 2016 жылдың дәл осы мерзімімен салыстырғанда, тергеу судьясы институтының өкілеттілігі күшеюіне байланысты 2016 жылы көп қаралғанын байқауға болады, яғни 588 санкция материалы көп қаралған, 69,3 пайызды құрайды. Қорыта келе, аталған жаңа өзгерістер мемлекеттің құқықтық саясатының тиімділігін арттыруға, заңдылықтың одан әрі нығаюына, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауға және тұтастай алғанда, еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағынан тұрақты дамуына, қазақстандық мемлекеттілікті нығайтуға мүмкіндік береді.

Мэлс Байсариев, Тараз қаласы  №2 сотының төрағасы.

Ұқсас жаңалықтар