Бағаналы орда, басты орда

Бағаналы орда, басты орда
ашық дереккөз
Бағаналы орда, басты орда

bbbfaed605dcd14da60a65d07883712cҚайырбек Асанов, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Мен бүгінгі Елордаға Астана болмай тұрған кезде де, Астана мәртебесін алғаннан кейін де бірнеше рет барғанмын. Әрине, бүгінгі өркендеген шаһар мен кешегі Ақмоланы салыстыру еш қисынға келмейді. Бұл жерде барлық жағдайды ерте болжаған, алдағы жылдардың жетістіктерін көре білген Елбасының еңбегі ерен. Астананы ауыстыру жөнінде ұсынысты Елбасы ҚР Парламент Мәжілісінде 1994 жылдары айтқанда, қолдағандар да болды. Қолдамағандар да кездесті. Алайда Елбасы сабырлылық танытып, асықпады. Астананы ауыстыру уақыт талабы екеніне баршаның көзін жеткізді. Әсіресе, мінеки, жиырма жылға жуық уақыт өткеннен кейін Президенттің сол кезде ұсынған ұсынысының дұрыс екеніне күн сайын көзіміз жетіп отыр. Мемлекеттің астанасын ауыстыру дүниежүзі елдерінің тарихында бар. Мәселен, Американы, Түркияны алсақ та болады. Америкада Вашингтон мен Нью-Йорк, Түркияда Стамбул мен Анкара қалалары астана саналады. Сол секілді Астана ауысқанымен, Алматы қаласы да өзінше қарқынмен дамып, білім мен ғылымның, руханияттың астанасы қалпында қалды. Астананың салынуы – барша қазақстандықтардың тілегі. Сондай-ақ, Астанада бізбенен тілеулес, бауырлас мемлекеттердің қолтаңбасы бар. Бірнеше мемлекеттің сәулетшілері Елорда келбетіне өздерінің ойларын, ұсыныстарын, шеберліктерін қосты. Елбасы астанаға барлық күш-жігерін, махаббатын арнады. Астана – Есіл өзенінің екі жағалауына керемет бір үйлесіммен орналасқан қала. Сұлулығына тамсана бересің. Бүгінгі таңда астананың айналасында 73 мың гектар жасыл желек ағаштар егілген. Елбасы келешекте бұл жасыл желектерді Көкшеге, Бурабайға дейін жеткізуді көздеп отыр. Мұның барлығы қуанышты жағдай. Сондықтан, бүгінгі таңда Астананың табиғаты керемет. Бұрынғыдай жел суылдамайды. Есілден майда, әдемі, әсерлі самал еседі. Бұл күнде Астана халқы 1 миллион тұрғынға жуықтады. Жылына кемі бір мәрте астанаға жолым түседі. Асықпай аралап, сұлулығына сүйсініп қараймын. Әр барғанда қаланың өрлеп, өркендей түскенін байқаймын. Келбетінің әсемдігіне таңдай қағамын. Осындай әдемі, арайлы астанамыздың бар екеніне, барша қазақстандықтардың тілегімен Елорда өркендеп, дамып келе жатқанына шүкіршілік етемін. Тәуелсіздік деген жеңіл-желпі айтылатын сөз емес. Тәуелсіздік – бағасын тілмен айтып жеткізе алмайтын ғажайып құндылығымыз. Ата-бабаларымыз армандап, қастерлеген ғажайып құндылық. Сондықтан, барша жамбылдықтарды Елорданың мерейлі күнімен құттықтап, еліміздің әр таңы тыныштықта рауандап ата беруіне тілектеспін. Тыныштық бар жерде даму бар. Өркендеу бар, өрлеу бар. Бүгінгі бірлікті, тыныштықты, татулықты ардақтап, осындай шуақты күндердің қадірін білгеніміз дұрыс. Ажарлы Астана – барлық қазақстандықтардың ортақ мақтанышы. Ол бұл күнде руханияттың да ордасына айналуда. Еліміздің әр аймағынан Елордаға барып, тамашалап қайтушылар өте көп. Еңсесі биік Елорда – менің де үлкен мақтанышым! Елорда қаламгерлердің де құтты ордасы ретінде қалыптасуда. Өркендей бер, ару Астана!

Ұқсас жаңалықтар