Президент қолдауымен ашылған болатын
Кардиохирург-ғалым, Қырғызстан Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Сейітхан Жошыбаевты білмейтіндер кемде-кем шығар. Халық алтын қолды дәрігер атайтын жерлесіміздің Тараздағы жекеменшік кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығының жаңа ғимаратқа көшкеніне де біраз уақыт болып қалды. Осы кезге дейін кардиоорталық облыс орталығының шет жағындағы Тұрар Рысқұлов атындағы санаторийдің екі қабатты корпусын жалға алып келген еді.
Алматыдағы А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында жүрек хирургиясы бөлімшесіне жетекшілік етіп, қолы жеңіл, білікті кардиохирург ретінде аты елге енді таныла бастаған шақта Сейітхан Жошыбаевқа белгілі бір себептермен Қырғызстанға ауысуға тура келген. Кейін сол жақта жүріп жүрекке ең алғаш ота жасаған ұстазы, академик Иса Ахунбаевтың ақыл-кеңесімен Мәскеуге аспирантураға оқуға аттанады. Мәскеуде Сейітхан аға әйгілі ғалымдардың үлгі-өнегесін, тәрбиесін көреді. Кеңес одағында, шет елдерде бірлескен оталар жасады. Осынау тәжірибе мектебінен алған тәлімі Қырғызстанда еңбек еткен жылдары көп көмектесті. 2007 жыл Сейітхан ағаның өміріне үлкен өзгерістер әкелді. Елу бір жылдан астам қырғыз елінде еңбек еткен ғалым өз Отанына оралып, туған еліне қызмет көрсетуді үнемі армандайтын. Сол бір жылдардағы орындалмай қалған арманын іске асыру, денсаулық сақтау ісінің Қазақстандағы ең зәру саласы – жүрек хирургиясына үлес қосу, оны елімізде өркендету жайы жатса да, тұрса да ойынан еш кетпей қойды. Сол ойын қағазға түсіріп, Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевқа хат жолдады. Президент көрнекті ғалым-кардиохирургтің бұл ұсыныс-тілегін қабыл алып, оның туған еліне, өскен жеріне, көне Тараз қаласына орналасуына жағдай жасады. Сөйтіп, ол 2008 жылдың басынан Әулиеата жерінде бұрын-соңды болмаған алғашқы кардиохирургиялық орталық ашып, өз шәкірттерімен бірге жүрекке ота жасау жұмысын бастап кетті. Бірте-бірте қызметкерлер қатары Астана, Мәскеу, Алматы, Бішкек, Новосібір, Шымкент, Ақтөбе, Қарағанды қалаларындағы жоғары оқу орындарын бітірген маман-дәрігерлермен толыға түскен... – Менің өз Отаныма оралған кезім, Елбасының тікелей тапсырмасымен жасалған «2007-2009 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында кардиология мен кардиохирургияны дамыту туралы» мемлекеттік бағдарламасы қабылданған жылмен тұспа-тұс келді. Халыққа көмек көрсетуді одан әрі жетілдіру мен оны дамыту тұрғысында, ең алдымен, жүрек талмасы ақауынан жиі болатын өлімнің алдын алуды және оның арасалмағын азайтуды мақсат еттік. Мен аталған бағдарламаның жауапты үйлестірушісі болдым. 2007-2009 жылдар аралығында бекітілген бағдарламаға сәйкес еліміздің барлық өңірлерінде осы заманғы техникалармен жабдықталған кардиохирургиялық бөлімшелер ашылды. Әрине, ендігі мәселе сапада еді, – дейді профессор Сейітхан Жошыбаев. Нарықтық кезеңде қазақ жеріндегі әрбір жүрек ақауына шалдыққан науқастарды, әсіресе, жасөспірімдер мен сәбилерді алысқа сабылтпай, шетел асырмай, облыс орталығында ота жасау – үлкен жетістік еді. Соның арқасында қаншама жүрек сырқаты бар жандар қыруар қаржысын шығындап шет елдерге сандалмай, өз елімізде-ақ ем қабылдай алатындай мүмкіндікке ие болды. Бұл – Президент Н.Назарбаевтың «алдымен экономика сонан соң саясат» деген ұстанымының жемісі еді. Орталықтың өз қаржысына салынған жаңа ғимараттың құрылыс жұмыстары 5 жылға созылды. Қазір еңселі емдеу мекемесінің архитектуралық үлгісі алыстан көз тартады. Мұнда 1-2 орынға арналған жайлы палаталар, ота жасайтын, заманауи қондырғысы бар жансақтау орны қарастырылған. Субұрқақты екі қысқы бақ жанға жылылық береді. Төбесі шынымен жабылған жерде келушілерге арналған күту залы бар. Облысымызға келген жұмыс сапары кезінде бұл орталыққа Елбасы арнайы атбасын бұрып, мұндағы жұмысқа оң бағасын бергені мәлім. Сол жолы медициналық мекемеге барлық құрал-жабдықтармен жабдықталған жедел-жәрдем көлігін сыйға тартқан еді. Облыстағы балалар кардиологиясы мен кардиохирургиясын толығымен өз мойындарына алған орталық науқастарды Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі негізінде ауруханаға жатқызып, емдеу бюросының порталы арқылы медициналық қызметті тегін көрсетуде. Профессордың айтуынша, орталықта жылына 250-ден 400-ге дейін ота жасалады, оның маңызды бөлігін күрделі және бірегей реконструктивті араласулар құрайды екен. Орталықта Қырғызстанда, Алматыда, Ақтөбеде, Қарағандыда, Астанада, Шымкентте, Новосібірде, Мәскеуде білім алған және Түркия, Қытай, Чехия, Польша, Германия, Латвия, АҚШ, Ұлыбритания тағы басқа елдердің клиникаларында кәсіби шеберліктерін шыңдаған мамандар жұмыс істейді. Орталықта практикалық жұмыспен қатар, жас дәрігерлерді оқыту мен жүрек ауруларына байланысты ғылыми зерттеулер көптеп жүргізіледі. Заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген мекемеде жүрек ауруларының диагностикасы, оның ішінде жүктілік кезеңінде шарананың жетілу барысын бақылау, хирургиялық ем жүргізу, коронарлы жүрек аурулары, кіші инвазивті араласулар, скринингтік тексерулер, соңғы модельдегі мультиспиральді компьютерлік томографпен азаматтардың қан айналым ауруларын анықтау тәрізді медициналық қызметтің барлық түрлері көрсетіледі. Білім, ғылым және тәжірибені біріктіріп, арнайы маманданған ірі кәсіби клиника алдағы уақытта еліміздің оңтүстік аймағында тұңғыш рет адамның маңызды мүшелерін (жүрек, бауыр, бүйрек) алмастыру оталарын жасамақшы. Ең бастысы сол, жүректеріне ота жасатқан адамдар Сейітхан Жошыбаевтың білікті кардиохирург, ең бастысы иманды жан екенін жыр қылып айтып жүр.
Наурызбек САРША, «Ақ жол».
Тараз.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді