Бәрін де бірлесіп бітіруге болады

Бәрін де бірлесіп  бітіруге  болады
ашық дереккөз
Бәрін де бірлесіп бітіруге болады

Қала әкімі Нұржан Календеров №6 аймақтық округ тұрғындарымен жүздесіп, қордаланған бірқатар сауалдарға нақты жауаптар берді. 

«Қарасу» иініндегі шағын ауданның №16 көп қабатты тұрғын үйінің алдына аумақ тұрғындары көптеп жиналды. Шаһар басшысы Нұржан Календеров көпшілік қауымды билік пен бұқараны теңдей мазалап отырған сауалдардың шешімін бірлесе отырып табуға шақырды. Мұнан кейін халық та тосылып қалмай, кезек-кезегімен өздері тұратын аймақтық округтің бірқатар мәселелерін алға тартты. Әсіресе, №5 мөлтек ауданы, №16 көп қабатты тұрғын үйінің бірқатар иелері кондоминиум арқылы толық жөндеуге дайын тұрған үйдің жөндеу жұмыстары қашан қолға алынатынын сұрады. Өз кезегінде Нұржан Сәбитұлы тұрғындар тілге тиек етіп отырған мәселенің мән-жайына толық қанық екенін жеткізіп, бүгінгі таңда жөндеу жұмыстарын бастау үшін республикалық қазынадан 1 миллиард теңге бөлінуін күтіп отырғанын ашық айтты. – Сөз болып отырған үйдің шатыры мен жертөлесі сын көтермейтін жағдайда екенін жақсы білемін. Оның үстіне, тиісті құжаттарыңыз да дайын тұр. Егер үкімет бөлген қаражат қолымызға тисе, жөндеу жұмыстарын бір күнде бастап кетеміз, – деді қала әкімі көңілі алаңдаулы жұртты сабырға шақырып. Ал осы аумақ тұрғыны Н.Лес «Қарасу» сайының жағасы қамысқа, ал іші күл-қоқысқа толы екенін ашына айтып, осы ағып жатқан суы мол сайдың ішін тазалап, жаздың күні балалардың шомылатын демалыс орнына айналдыруды сұраса, тағы бір тұрғын әкімге қала халқы жиі аялап, суын ішетін «Әулие бұлақ» бастауын қоршап, жан-жағын ретке келтіріп беруін өтінді. Нұржан Календеров екі азаматтың да ұсыныс-тілектері өте орынды екенін атап өтіп, тұрғындарды толғандырып отырған өзге де мәселелер біртіндеп шешілетінін шегелеп айтты. – Бүгінгі таңда біз шағын аудандардағы барлық арықтарды назарға алып, оларға не себептен су келмей отырғанын анықтайтын боламыз. Бұл – бір. Екіншіден, қаладағы 60 пайыз балалардың ойын алаңшасын жеке кәсіпкерлердің, яғни демеушілердің көмегі негізінде салдырдық. Ал қалған 40 пайызына тағы да қаржысы бар жекелеген азаматтарды тартуға тиіспіз. Себебі, бұл алаңшаларға қала бюджетінен ақша қарастырылмаған. Осыны түсініңіздер, – деді Нұржан Сәбитұлы. Кездесу соңында №2 және №5 шағын аудандарының тұрғындары мұнда бір ғана №23 автобустың қатынайтынын, жалпы, халыққа емханалар мен ауруханаларға және қала шетіндегі базарларға жету қиындық тудыратынын тілге тиек етті. Қала басшысы азаматтарды бұл мәселенің түйіні де жуырда тарқатылатынына сендірді. Осылайша, қала әкімі Нұржан Календеров №6 аумақтық округ тұрғындарының сан қилы сауалдарына бір сағат көлемінде толықтай жауап беріп, барлық мәселені бірлесіп шешуге болатынын қадап айтты.

Наурызбек САРША, «Ақ жол».

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар