- Advertisement -

Ұлттық бірыңғай тестілеудің алғашқы күні қалай өтті?

105

- Advertisement -

Бұл күні тест тапсырушы түлектердің қандай күйде болғанын қайдам, ал біз ТарМУ-дың базасында орналасқан ұлттық бірыңғай тестілеу өткізу пунктінде екі жарым сағат бойы талапкерлердің аудиторияларға кіріп, орындарына отырғандарын бақылаймыз деп сілеміз қатып, әбден шаршадық. Табанымыз тызылдап, басымыз айналғанда мектеп бітіруші түлектердің жай-күйін түсініп, олардың қандай қиындықтарды бастан өткеретінін сезінгендей болдық. Тіпті, ендігі сәтте не үшін келгенімізді де ұмытып, мына «кедендік тексеру» аяқталса, ыңғайлы орын тауып, тізе бүгуді ғана ойлай бастадық. Біздің күйіміз мынадай болғанда, «үш сағаттан бері күннің астында кезегін күтіп тұрған балалардың халі нешік?» деген ой келді. Өйткені, олар университет алдына таңғы 7.00-ден жиналған болатын… Соңғы аудитория алдындағы тексеру жүріп жатқанда сағаттың тілі 10.00-ді көрсеткен.

Білім және ғылым министрлігінен келген өкілдер түлектерді есіктің алдында ұзақ бөгеді. Жеке куәліктеріндегі суреттері бойынша салыстырып қарап, ұзақ тексерді. Мемлекеттік комиссияның төрағасы, ТарМУ-дың ректоры Махметғали Сарыбеков талапкерлер аудиторияларға кіргенде мұндай рәсімнің қайта жүргізілетінін ескертіп, тексеруді жеделдетуді сұраған. Бірақ, министрліктің өкілдері бұл ескертуді елемеді.
ҰБТ-ның алғашқы күні ТарМУ базасында 741 тараздық түлек тест тапсырды. Тараз қалалық білім бөлімінің басшысы Гүлзия Зәуірбекованың сөзіне сүйенсек, бұл лекте 23 мектептің бітірушілері тест тапсырған. №1, №45 гимназияның мектеп бітірушілері алғашқы кезеңге түсіпті. Ал екінші лекте 27 білім ошағының 740 түлегі сынаққа қатысады екен. Жалпы, қала бойынша тест тапсыратын 1481 оқушының 34-і – «Алтын белгіге», 15-і – үздік аттестатқа үміткер.
– Пунктте 14 аудитория дайындалды. Оның 11-і пайдаланылады. Үшеуі резервте. Барлық аудитория талапқа сай жабдықталған. Біз өткен сенбіде тараздық бітірушілер үшін осы пунктте, өз аудиторияларында бақылау тест ұйымдастырдық. Қосымша көмекші құралдарды пайдалануға тыйым салдық. Бақылау, тексеру қатал болды. Нәтижесінде үміткерлер 70-90 балл аралығында көрсеткіш көрсеткен. Бүгінгі нәтиже одан кем болмайды деп сенеміз, – деді мемлекеттік комиссияның төрағасы, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков.
Жалпы, ұлттық бірыңғай тестілеудің алғашқы күнінде облыс бойынша 2380 мектеп бітіруші тестке қатысуы керек болатын. Облыстық білім басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, бірінші лекте 8 түлек тестке қатыспапты. Оның 5-еуі – ҰБТ-дан босатылған халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстардың жүлдегері, 2-еуі – халықаралық алмасу бағдарламасымен АҚШ-та білім алған. Ал біреуі денсаулық жағдайына байланысты тест тапсыруға келмеген.
– 2 маусым күнгі тест қорытындысы бойынша облыс түлектерінің орташа балы 79,43-ті құрады. Бірінші лекте «Алтын белгіге» үміткер 80 оқушы сынақ тапсырған еді. Соның 60 пайызы, яғни 48-і өз білімдерін дәлелдеді. 23 үздік аттестатқа үміткердің 8-інің үміті ақталды. Тараз қаласындағы Б. Момышұлы атындағы №45 классикалық гимназия бітірушісі және Жуалы ауданындағы Г.Орджоникидзе атындағы мектеп-гимназияның екі шәкірті 124 балл жинап, жоғары көрсеткіш көрсетті. Үшеуінің де Қазақстан тарихы бойынша бір-бір балы жетпей қалып отыр. Олар аппеляциялық комиссияға өтініш берді. 27 оқушы 120-дан жоғары балл, үш бітіруші 123 балл алды, – дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жәмила Бекбатырова.
Тараз қалалық білім бөлімінің басшысы Гүлзия Зәуірбекова 6 үміткердің бір-бір балы жетпей қалғанын, олар аппеляциялық комиссияға қайырылғанын айтты. Жалпы, қала бойынша бірінші лекте тест тапсырғандардың орташа көрсеткіші 87,2 балды құрапты.
ҰБТ Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының базасындағы тестілеу өткізу пунктінде 3 маусым күні өтті. Сарысу, Мойынқұм аудандарының, облыстық дарынды қыз балаларға арналған қазақ-түрік және дарынды спортшыларға арналған мектеп-интернаттарының түлектері де тестті осы күні тапсырды. Жалпы, бұл күні облыс бойынша 736 талапкер тестке қатысты. Бір түлек халықаралық олимпиаданың жүлдегері болғандықтан, ҰБТ-дан босатылды. Тағы біреуі дәл осы күні соқырішек болып ауруханаға түсіп, тестке келе алмапты.

Ардақ Үсейінова,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support