Халықаралық қылмыскер атанған қазақстандық хакер қызға шетелдік ғалымдар араша түсті

Халықаралық қылмыскер атанған қазақстандық хакер қызға шетелдік ғалымдар араша түсті
ашық дереккөз
Халықаралық қылмыскер атанған қазақстандық хакер қызға шетелдік ғалымдар араша түсті

Халықаралық қылмыскер деп танылған қазақстандық хакер қызға шетелдік ғалымдар араша түсті. Олар бойжеткенді қорғау үшін он алты тілде ашық хат жазған деп хабарлайды NUR.KZ порталы.

"Қазақстанда туылған компьютерлік инженер Александра Эльбакян бүгінде авторлық құқықты бұзған халықаралық қылмыскер деп танылды. Оның Sci-Hub атты сайты миллиондаған ғылыми жұмыстарды әлем халқына қолжетімді етіп, америкалық белді басылымға тікелей шайқас ашты", - деп жазған worldcrunchсайты.

Ресми мәліметтерге сәйкес, 27 жастағы Александра Алматыда тұрады. Бірақ шетелдік сайттың айтуынша, ол шын мәнісінде Ресейде жасырынып жүрген көрінеді. Оның өмірі мен әр сапары бүгінде қатаң құпияда сақталып отыр екен.

2015 жылдың қазанында Нью-Йорк соты оны пираттық сайт жасағаны үшін кінәлі деп тапқан.

2011 жылы Александра Эльбакян авторлық құқығы қорғалған 50 млн мақаланы қамтитын интерактивті деректер базасын құрған. Осы базадан бүкіл әлемдегі интернет пайдаланушылар мақалалардың кез-келгенін еркін көшіріп ала алады. Бұрын бұл мақалалардың әрбірі қыруар ақшаға сатылатын, олардың құны 35 доллардан басталып, 500 долларға дейін жеткен.

Қазақстандық бойжеткен бүгінде жағдайы көңіл көншітерлік емес екенін жасырмайды.

"Мен өзіме қазіргі жүрген жерімде қауіп төніп тұр деп ойламаймын. Бірақ абай болуым керек", - дейді Александра Le Monde басылымына телефон арқылы берген сұхбатында. Ол бүгінде АҚШ-қа немесе өзге елге ғылыми конференцияға мүлдем барудан қалған.

2015 жылдың жазында ол Нью-Йорк сотынан өзіне қорған болуын және әрекетін заңды деп табуын сұрап, өтініш жазған.

Ал сол арада, бойжеткеннің ғылыми жұмыстарды тегін ететін сайт ашқанын әлем бойынша ғалымдар қуана пайдаланып жүр. Олар, тіпті ғылыми жұмыстарын жазу кезінде Александраның Sci-Hub сайтына дереккөз ретінде сілтеме жасауда.

Хорватияда тұратын ғалым Марсель Марс - өзінің ғылыми зертеуіне аталмыш сайттың зор көмек тигізгенін алға тартып, қазақстандық хакерді қорғау үшін он алты тілде ашық хат жазғандардың бірі.

Ал Берлинде тұратын өзге ғалым, профессор Ульрих Дирнагл "қазақстандық пиратқа ашық марапат жасалу керек" деп санайды.

"Ресейде жүрген бұл бойжеткен нағыз керемет жан", - дейді ол. Профессор бұдан былай барлық ғылыми жұмыстарды тегін етуді ұсынуда.

Ұқсас жаңалықтар