«Арамшөптер басқан алқаптарды көргенде ішің ашиды»
– Қазір қоғамда жер мәселесіне қатысты түрлі пікірлер өрбіп тұрғаны белгілі. Тіпті, ортадан арандатып, ел ішін алатайдай бүлдіргісі келіп жүргендердің теріс пиғылдары да көрініс беруде. Осы орайда диқан ретіндегі пікіріңізді білсек деп едік.
– Бұған дер кезінде тосқауыл қойып, арандатуға жол бермеуіміз керек. Бұл тұрғыда тиісті мекеме мамандары ауыл-аймақтарды аралап, Жер кодексіндегі өзгерістерді түсіндіріп-ақ бағуда. Ал «Шулап жүргендер қырманда жұмыс істейтіндер емес, ауыл шаруашылығынан мүлдем хабарсыз, ол жерлердің қайда орналасқанын да білмейтіндер!» екенін Елбасының өзі тамыршыдай тап басып айтты емес пе?
Осы орайда өз басым, өмір бойы жер еміп келе жатқан диқан ретінде айтарым, жердің жекеге сатылғанын қолдаймын. Өйткені, Қазақстанда соңғы жылдары жер жетім қалды. Ал жер иесіз және бос жатпауы қажет. Бос жатқан жерден мемлекетке де, халыққа да бір тиын пайда болмайды. Қайта игерілмеген жердің азып-тозып, құнарлылығы жойылып кететінін ескеруіміз керек. Елбасының өзі жердің өзгелерге сатылмайтынын, әсіресе, шетелдік азаматтарға берілмейтінін қадап айтты ғой. Мен мұны Қазақстандағы ауыл шаруашылығын дамытудың бір тетігі деп білемін. Себебі, бос жатқан жерлер шаруа қожалықтарына, кәсіпкерлерге, қара¬пайым халыққа жалға беріліп, одан өнім өндіреді. Сондай-ақ, бұл ойдан шығарылған дүние емес. Әлемнің барлық мемлекеттерінде іске асырылып жатқан жұмыс. Мәселен, көрші Ресейдің өзі жерін 49 жылға жалға беріп отыр.
Ал бізде бұрын бидай, қызылша, басқа да дәнді дақылдар егіліп келген жердің барлығы дерлік тозған. Арамшөптер басқан алқаптарды көргенде ішің ашиды.
– Жұртшылық жерді жекеге берсе, оны иесі тіпті тоздырып жібермей ме деп қауіптенетін сияқты...
– Жоқ керісінше, жер жекеменшікте болса, оны алған шаруа оған жанашырлықпен қарайды. Өйткені, ол – өзінің жеке мүлкі. Мысалы, мен сатып алсам ол жерге өзімнің жеке мүлкім болған соң отбасыма, малыма қарағандай қараймын. Жердің тозып кетпеуін қадағалаймын, құнарлылығын арттыруға бар күшімді саламын. Өйткені, жер құнарлы болса, ертең алынатын өнім де жоғары болатынын жақсы білемін. Ал сатып алған жерін пайдаланбаған жағдайда ертең өкімет қайтып алып қояды. Бәрін жер инспекциясы бақылап отырады. Сондықтан, өз басым жердің сатылғанын қолдаймын, бұл дұрыс шешім болды деп есептеймін.
– Сіз басқаратын «Мерей» шаруа қожалығы жайында қысқаша тоқталып өтсеңіз.
– Біздің «Мерей» шаруа қожалығына тиесілі 213 гектар жайылымдық, 48 гектар егістік жеріміз бар. Шаруа қожалығымыз жерді тиімді игерудің арқасында алты отбасын асырап отыр. Одан бөлек, 5 адамға жұмыс орнын тауып беріп отырмыз. Бұйырса, Үкіметтің осынау бастамасымен жерді жекеге алып, шаруамызды одан ары ірілендіре түсу ойымызда бар.
Елбасы: «Біздің мақсат – ауыл шаруашылығымен айналысатындарға жекеменшігіне жер алу мүмкіндігін беру. Егер олар жерге иелік ететін болса, оны күтіп-баптап, қадірлейтін болады. Жер – ата-бабамыздан мұраға қалған біздің басты байлығымыз. Қазақстанның 14 мың шақырымнан астам мемлекеттік шекарасын ресімдеу үшін мен көрші елдердің басшыларымен 8 жыл бойы келіссөз жүргіздім. Осының бәрі жеріміздің тұтастығын қамтамасыз ету үшін жасалды. Мен азаматтарымыздың осы мәселені көтергеніне қуаныштымын. Егер жерге дәл осылай көңіл бөлінетін болса, бұл біздің халқымыз өз жерін қасық қаны қалғанша қорғайтынын көрсетеді», – деді емес пе? Ендеше бұл бастаманы мемлекет экономикасын күшейтіп, шаруалардың жұмысын жандандыруға бағытталған нақты қадам деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рахмет!
Санат Қырықбаев, «Мерей» шаруа қожалығының басшысы:
Сұхбаттасқан Нұрболат Әлдибеков, «Ақ жол».
Т.Рысқұлов ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді