«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ауылдарға табиғи газ жетті

Ауылдарға   табиғи газ жетті
ашық дереккөз
Ауылдарға табиғи газ жетті

«Көгілдір отынға» қол жеткізу шулықтардың көптен бергі арманы болатын. Күткен күн де келіп жетті. 2012 жылдың желтоқсан айында көршілес Қордай ауданының шекарасында алғаш алау жағылып, «Бұқара газды аймағы-Ташкент-Бішкек-Алматы» магистральды газ құбыры арқылы ауданның елді мекендеріне «көгілдір отын» жеткізу ісі басталды.

Биыл полиэтиленді заманауи сапалы газ құбыры 59 көше, 4170 аула бар аудан орталығы – Төле би ауылына тартылуда. Ауылды түгелдей газбен қамту ісін жергілікті кәсіпкер Н.Париев қолға алған. Құбырды жерасты арқылы жүргізу қауіпсіздік тұрғысынан да қолайлы. Мердігер алдағы уақытта осындай жолмен Алға, Сауытбек, Абай ауылдарына және Шу қаласындағы Жайсан, Жанқұлиев, Алға тұрғын жай алқаптарына құбыр тартатын болады. Аудан орталығымен қатар, биыл Бірлік, Қонаев, Жаңақоғам ауылдық округтері де газдандырылмақ. Қазірдің өзінде Бірлік ауылының – 6, Қонаев ауылының – 4 және Жаңақоғам ауылының 5 көшесіне «көгілдір отын» жеткізілген. Бұл істің игілігін ауданда алғаш Шу қаласының тұрғындары көрген болатын. Қалада 222 көше, 8987 аула бар. Яғни, 38 шкафтық тарату жүйесіне бөлінген. Күні бүгінге дейін онда 15 шкафтық тарату жүйесі іске қосылыпты. Тұрғын үйлерге газ құбырын тартумен айналысатын «ПГС Регион» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жетекшісі Марат Кенжебектің айтуынша, тұрғындардың белсенділігі әлі де көңіл көншітпейді. Дәл үйі іргесіне келіп тұрған табиғи отынды үйлеріне кіргізіп алуға асықпай жүрген тұтынушылар көп-ақ. Барлығы да қаражатқа келіп тірелетіні белгілі. Бірақ, бұл мәселенің оңтайлы шешілуі де қарастырылған. Бүгінде газға қосылу құны қалалықтар үшін 330 мың теңгені құрайды. Бұл ретте, тұрғындардың алдымен 99 мың теңгесін ғана төлеп, қалған қаражатты 11 ай ішінде бөліп төлеуіне де мүмкіндігі бар. «Алғаш жұмыс басталғанда біз арнайы бекітілген жұмыс кестесі бойынша көшелерге рет-ретімен құбыр тарта бастадық. Бірақ ешқандай да қайтарымы болмаған соң, тығырыққа тірелмес үшін, тұрғындарының сұранысы көп, белсенділігі жоғары көшелерді бірінші кезекке қоюға мәжбүр болдық. Белгілі бір көше тұрғындарының тең жартысы газға қосылуға ниет білдіргенде ғана келісімшарт жасасып, іске кірісеміз. Өзімізге тиесілі жұмыстың 50 пайызын аяқтап та үлгердік», – дейді мердігерлік ұйым жетекшісі. Жоспар бойынша, газ құбырларын тарту және құрастыру жұмыстары мұнда 2018 жылға дейін аяқталуы тиіс. Бүгінде ауданда Жаңажол, Көкқайнар, Белбасар, Еңбекші, Бірлікүстем ауылдары «көгілдір отынға» қол жеткізіп үлгерген. «КазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамы Жамбыл өндірістік филиалының Шу газ шаруашылығы мекемесінің инженері Бекжан Қалымбетов «көгілдір отынды» тұрғындарға жоспарға сәйкес жеткізу және мекеме тарапынан тұтынушылардың тиісті құжаттарын рәсімдеу, есептеуіш құралдарын орнату, пломбалау, қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқау беру сынды жұмыстар атқарылып жатқандығын айтты.

Қарлығаш ЕСБЕРГЕНОВА, «Ақ жол».

Шу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар