Ережеп қасиетті айлардың қайнар бастауы
Ахметжан Керімбек, облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы, «Әулиеата» мешітінің имамы.
Бисмилләһир-Рахмани-Рахим (Аса қайырымды, ерекше мейірімді Аллаһтың атымен).
Қасиетті Құранда: «Расында көктер мен жерді жаратқалы Алланың кітабындағы айлардың саны – он екі. Бұлардың төртеуі құрметті айлар. («Тәубе» сүресі, 36-аят) делінген.
«Алла Тағалам, бізді Ережеп пен Шағбан айында берекеге кенелтіп, Рамазанға аман-есен жеткізе гөр» деген дұға да ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бұл айларға ерекше көңіл бөлгенін көрсетеді (Ахмад ибн Ханбал, Мүснәд, I/259).
Алланың елшісінің (с.ғ.с.): «Ережеп – Алланың айы, Шағбан – менің айым, ал, Рамазан – үмметімнің айы» деген хадисін естігенде, сахабалар бұл айдың неліктен Алланың айы деп аталу себебін сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деп түсіндірген: «Ережеп – Алланың күнәларды кешіретін айы. Алла Тағала үшін сүйікті ай. Бұл айда ұрыс-жанжал, қантөгіс тоқтатылған. Бұл айда пайғамбарлардың тәубелері қабыл болып, әулиелер дұшпандарынан қорғалған. Бір кісі Ережеп айын оразамен өткізсе, Алла Тағаланың мынадай үш жақсылығына ие болады: өткен күнәларын кешіреді, қалған өмірінде түрлі теріс қылықтардан сақтайды, қиямет күні Алла тағала оның шөлін қандырады.
Әнас ибн Мәліктен (р.а) риуаят етілген осы хадистің жалғасы былай өрбиді.
Осы мезет бір қарт кісі орнынан түрегеліп, өзінің Ережеп айында түгелдей ораза ұстауға шамасы келмейтіндігін мұңая жеткізеді. Ол өзінің қойған сауалына «Ережеп айының басында, ортасында және соңында ауыз бекітсең, бұл айды түгелдей оразамен өткізгендей сауапқа кенелесің», – деген жауап естіп қатты қуанады.
Абдуллаһ ибн Зүбәйірден (р.а) жеткен хадис шәріпте: «Кімде-кім Ережеп айында біреудің мұқтаждығын өтесе, қиямет күні Алла Тағала оған Фирдаус жәннатынан көз жетер жеріне дейінгі арақашықтықта сарай тұрғызады. Қаперде ұстаңыздар, бұл айда Алла Тағаланың сый-құрметіне лайық болуды қаласаңыз, өзгеге сый-құрмет жасаңыздар», делінсе Әнас ибн Мәліктен Мұса ибн Имран жеткізген хадисте: «Жәннатта бір өзен бар. Ол өзеннің аты – Ережеп. Сүттен ақ, балдан тәтті. Кімде-кім ережеп айында бір күн ораза тұтса, Алла Тағала ол кісіге сол өзеннен сусындауды нәсіп етеді» деген.
Ережеп айы биыл мамыр айының 1-інде басталды. Бұл айдағы қасиетті екі түн Рағайып және Миғраж деп аталады. Айдың алғашқы, яғни, мамырдың 1-інен 2-сіне қараған түн – мұсылман қауымының қастер тұтатын – Рағайып түні (Ләйләту Рағайып) болады. «Рағайыптың» сөздік мағынасы «рағибә» сөзінің көптік мағынасын береді. Ал, рағибә «жауһар, құнды, бағалы, ихсан» мағыналарына келеді. Осыған байланысты «Ләйләту Рағайып» тіркесін «Жақсылық пен игілікке толы және аса құнды, ерекше бағалауды қажет ететін түн» деп түсінеміз. Ислам ғұламаларының айтуына қарағанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл түнді адамның жан сарайына шуақ берер амалдар жасап, нұрлы сырларға қанығып, Ұлы Жаратушыға мадақ келтіріп, шүкіршілік жасап, дұға мен кешірім тілеп, намаз оқыған.
Ал, Миғраж түнi Ережеп айының 26-сынан 27-сiне ауған түні, яғни, мамыр айының 27-сі мен 28-і аралығындағы түнге сәйкес келеді. Осы түнде Пайғамбарымыз хазiретi Мұхаммед (с.ғ.с.) Меккедегi әл-Харам мешiтiнен Құдыстағы (Иерусалим) әл-Ақса мешiтiне бiр сәтте исра жасаған (араб тiлiнде ол «түнгi сапар» деп аталады). Одан миғражға – жетi қат көкке көтерiлiп, Алла Тағаламен тiлдестi. Бес уақыт намаз осы түнде парыз етiлдi. Миғраж – Алла Тағалаға жақындаудың ең жоғарғы дәрежесi. Миғраж – пайғамбарымыз Мұхаммедтiң (с.ғ.с.) ең үлкен мұғжизаларының бiрi. Мұғжиза пайғамбарға тән. Құдiретi күштi бiр Аллаға және пайғамбарымызға (с.ғ.с.) сенген адам мұғжизаға да сенедi.
Негізі Ережеп айы Ислам діні келмей тұрып та қасиетті деп есептелген. Ислам діні бұл айға деген құрметті тіптен күшейте түсті.
Құран Кәрімдегі: «Олар сенен тыйым салынған айда соғысуға бола ма? – деп сұрайды. Сен оларға бұл айда соғысу – үлкен күнә, – де. Ал, адамдарды Құдай жолынан тайдыру, күпірлік келтіру, Мәсжид-әл-харамда (ғибадат етуге) мүмкіндік бермей, ол жерден адамдарды қуу – Құдай алдында таудай үлкен күнә. Бүлік жасау – кісі өлтіруден де ауыр қылмыс. Олар (мүшірік кәпірлер) сендерді діндеріңнен бездіргенше тоқтамай, сендермен күресе береді. Сендерден кімде-кім өз дінінен безіп, кәпір болып өлсе, оның істеген әрекеттері бұл дүниеде де, қияметте де түкке тұрмайды. Олардың орны – тозақ, онда олар мәңгі қалады» («Бақара», 2/217), – деген аят осыны аңғартады.
Қасиетті үш айда жасалған жақсылықтар мен ғибадаттарға сауап еселеніп жазылады. Ғалымдардың айтуынша, жай кезде Құранның әрбір әрпі үшін он сауап жазылса, Ережеп айында ол сауап жүзге, Шағбанда үш жүзге, ал, Рамазан айында мыңға шығады. Жұма түндерінде мыңдап, ал, Қадір түні отыз мыңға шығады. Осы тұрғыдан келгенде, сауапқа ынтық жандар үшін бұл айларды шүкіршілік, салауат айтып, жалбарына тілек тілеп, нәпіл құлшылықтармен тиімді өткізудің берері мол.
Ислам ғұлама ғалымдары бұл қасиетті айларды былайша жіктеген: «Ережеп – құрмет айы, Шағбан – қызмет айы, Рамазан – нығмет айы» және «Ережеп – ғибадат, Шағбан – тақуалық, Рамазан – осы екеуінің жемісін арттыратын ай» сондай-ақ, «Ережеп – егін салу, Шағбан – суғару, Рамазан – ору» деген екен, демек, бұл мүбәрак айларда Алла Тағалаға шүкірліктер етіп, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауаттар айтуды көбейтуіміз керек. Өйткені, жүрек тек Алланы еске алғанда ғана жай табады. Ал, дұғалар сәлем жолдау арқылы қабыл болады. Ұлы Раббымыз Режеп мүбәрак етіп, қасиетке толы Шағбан мен Рамазан айларына амандықпен жетуімізді баршамызға нәсіп етсін.
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестікке серпін берген сапарлар
- 23 қараша, 2024
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
«Таза Қазақстан – біздің қолымызда» атты дөңгелек үстел өтті
- 27 желтоқсан, 2024
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді