Баспанамен қамтитын тағы бір бағдарлама бар

Баспанамен  қамтитын тағы  бір  бағдарлама  бар
ашық дереккөз
Баспанамен қамтитын тағы бір бағдарлама бар

Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі еліміздегі «Өңірлерді дамыту – 2020» мемлекеттік бағдарламасының жалғыз операторы болғандықтан, тиісінше қаражаттар қалыптастырып, төлем қабілеттілігін тексеру арқылы бағдарламаға қатысушылардың өтінішін қабылдау және тұрғын үйлерді конкурс негізінде бөлу жұмысына қатысуға міндетті. Аталған бағдарлама елді «Жас отбасыға арналған тұрғын үй» және «Халықтың барлық санатына арналған тұрғын үй» санаттары бойынша баспанамен қамтуды көздейді. Бұқара халықтың тұрғын үйге қолжетімділігін арттыру мақсатында биылдан бастап «Өз үйім» атты тағы бір бағдарлама жүзеге асырыла бастайтын болады. Ал оның өзге бағдарламалардан артықшылығы – сатып алушыға нысанды таңдау құқығы берілетіндігі мен салымшының банк сайтындағы жеке кабинетінен дауыс жинай алатындығында болып отыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды. 

«Өз үйім» бағдарламасы арқылы баспана алу үшін таңдалған пәтер сомасының 50 пайызы жинақталуы қажет. Әйтсе де, осыған қатысты өзгертулер болуы мүмкін. Себебі, қазіргі уақытта қосымша жеңілдігі бар талаптар қарастырылуда екен. Бір айта кетерлігі, бағдарлама қатысушысы міндетті түрде банк салымшысы болуы қажет. – Бұрын баспаналы болуы үшін «Өңірлерді дамыту – 2020» мемлекеттік бағдарламасына соңғы 5 жылда өз атында үйі жоқ азаматтар қатысқан болса, «Өз үйім» бағдарламасына баспанасы бар адамдар да қатыса алады. Әйтсе де, үй сатып алу кезінде бірінші кезекте баспанасы жоқ азаматтарға басымдық беріледі,– дейді «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Евгений Шарыгин. Бұған дейін облыста жас отбасыларға жалпы 23,7 мың шаршы метрді құрайтын 390 пәтерлі 5 үй, «Халықтың барлық санатына арналған тұрғын үй» бағыты бойынша көлемі 21,3 мың шаршы метр, 269 пәтерлі 5 тұрғын үй пайдалануға берілген. Биыл «Өңірлерді дамыту – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Арай» тұрғын үй алабында 80 пәтерлі 3 үй салу және сату жоспарланып отыр екен. Ал «Өз үйім» бағдарламасы аясында елімізде 2022 жылға дейін көлемі 1,5 миллион шаршы метрден кем емес құрылыс салу қарастырылса, осы жылы 350 мың шаршы метр нысандарды ел игілігіне беру көзделуде.

Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар