Белгілі жазушыларды білмейтін мұғалімдер де бар

Белгілі жазушыларды білмейтін мұғалімдер де бар
ашық дереккөз
Белгілі жазушыларды білмейтін мұғалімдер де бар

Қазір оқушылар тұрмақ, үлкендердің кітап оқудан алыстап тұрған шағы. Бала тәрбиелеудің ең күшті құралы кітап, көркем шығармалар екені шындық. Бүгінгі күнде отбасында, мектепте, тіпті жоғары оқу орындарында ұрпақ тәрбиесі неге қиындап барады? Себебі, оларды тәрбиелеушілер қазақ ақын-жазушыларының жазған еңбектерін оқып, оны тәжірбиесінде пайдаланбақ тұрмақ, қаламгердің аты-жөндерін білмей жатады. Бұл мәселенің бүгінгі таңда жиі көтерілу себебіне тоқталсақ, қазіргі қоғамдық сана болмысы жалпы ұстанымдар мен жеке адамдардың іс-әрекеті, мінез-құлық арасындағы қарама-қайшылықтар, әлеуметтік желідегі пиғылбұзар ақпараттар ағыны мен арандатушы діни ағымдардың адам санасына жасап жатқан шабуылының салдары кітапсыз қоғамға айналдыруда. Ғаламтор олардың есіл-дертін жайлаған. Бұлай дабыл қақпасқа амал жоқ. Себебі, сіз болашағыңыздың қандай болатынын нақ қазір көргіңіз келсе, оған сәуегейлік жасамай-ақ бүгінгі ұрпақтың қалай және қай бағытта өсіп келе жатқанын байқасаңыз жетіп жатыр. Қазақ халқы ежелден ұрпақ тәрбиесіне баса назар аударып, перзентін бесіктен бастап адамгершілік пен имандылыққа баулыған. Сондықтан да, кешегі ұрпақ қандай қиыншылықты бастан өткерсе де, ана сүтімен әке өнегесін бойларына сіңірген тәрбие-тәлімін жоғалтқан емес. Халықтың осы асыл қазынасын бүгінде оқушылардың бойына сіңіріп, қазақтың қайсар, ержүрек болмысы жайында мысалдармен мағлұмат беріп, тәрбиелесек, еңбегіміз далаға кетпес. Бұл әрбірден соң, ұлт болашағына деген қамқорлығымыз болмақ. Келешек жастардікі. Ал олардың бойында таным мен түсінік қалыптастыратын – үйдегі ата-ана мен мектептегі мұғалім. Мектептегі кітапханалар – нағыз рухани тәрбие мекені. Әрине, бұл айтқандарымыз теңізге тамшы тамызғандай әрекет көрінуі мүмкін. Десек те, осы тамшыны жоғалтып алмасақ екен...

Ақлима Сералиева, кітапханашы. Талас ауданы.

Ұқсас жаңалықтар