Қазақстанның меншігіне және басқаруына бірегей стратегиялық актив түпкілікті өтпек. Және ол нысан тек жерде ғана емес, сондай-ақ ғарышта да «орналасқан».
Кеше «Қазғарыш» отандық «KazEOSat-2» ғарыш серігі мен оның жердегі сегментін қабылдап алу бағытында арнайы мемлекеттік комиссия жұмыс жүргізіп жатқанын хабарлады. Мұны Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған тарту деп бағалауға болады. Өйткені ол, мамандардың түсіндіруінше, «қазақ жеріне және оның тұтастығына жедел мониторинг жүргізудегі Қазақстанның тәуелсіздігін қамтамасыз етеді», деп жазылған «Айқын» газетінің бүгінгі санында жарық көрген «Қазақ елінің ғарышта «екі көзі» бар» атты мақалада.
Екінің бірі біле қоймас, бірақ дәл қазір қазақ елінің ғарышта «екі көзі» бар: Жерді қашықтықтан зондтауға арналған тұңғыш қазақстандық спутник «KazEOSat-1» 2014 жылдың 30 сәуірінде франциялық Гвианадағы Куру космодромынан ұшырылған болатын, бүгінде ол қалыпты жұмыс жасауда. Сол жылдың 20 маусымында ресейлік «Ясный» ғарыш айлағынан осындай отандық екінші жер серігі - «KazEOSat-2» көк сеңгіріне жол тартты. Және бүгінге дейін жоспарлы сынақтан өтті. Ең ғажабы сол, бізден 630 шақырым биіктікте, күнмен синхронды орбитада қалықтап жүрген «KazEOSat-1» арқылы Қазақстан жер бетіндегі ұзындығы 1 метрден асатын кез келген нәрсені анық байқай алады. - Қазіргі уақытта мемлекеттік комиссия Жерді қашықтықтан зондтаудың ғарыш жүйесін қабылдап алу бойынша жұмыс жүргізуде. Комиссия құрамына Инвестициялар және даму министрлігінің Аэроғарыш комитеті («Қазғарыш»), Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитеті, сондай-ақ «Қазғарышқа» қарасты ұйымдардың, «Ғалам» бірлескен кәсіпорнының мамандары кірді, - деп мәлім етті министрліктің Аэроғарыш комитеті. Жерді қашықтықтан зондтаудың қазақстандық ғарыш жүйесі - «KazEOSat» атты екі спутниктен, Астана қаласы жанындағы ғарыш түсірілімдерін өңдеу және басқарудың жердегі нысаналы кешендерінен тұрады. «Қазғарыштың» дерегінше, отандық «KazEOSat-2»-ні британдық SSTL компаниясы жасаған. Мемлекеттік комиссия өз отырысы барысында бұл ғарыш аппаратының жұмыс істеу шарттарын және оны Қазақстан экономикасының әр саласы үшін пайдалану мүмкіндіктерін зерделеді. - Эксплуатациялауға қабылданған күннен бергі үш ай ішінде «KazEOSat-2» спутнигі штаттық режимде жұмыс жасап келеді, - деп баяндады «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы президентінің міндетін атқарушы Марат Нұрғожин. Ол комиссия мүшелеріне осы отандық жер серігінің қызметтері мен өнімдерін халықаралық және ішкі нарықта ілгерілету бағытында қандай жұмыс жүргізіліп жатқанын айтып берді. - «Қазақстан Ғарыш Сапары» мен SSTL компаниясы арасындағы уағдаластыққа сәйкес, штаттық эксплуатациялауға енгізілгеннен кейінгі бірінші жыл бойында ағылшын тарапы кепілдендірілген түрде, біздің спутниктің түсірілімдерін сатып алып тұрады. Бұл келісім бізге осы істі табысты бастауға мүмкіндік береді, - деп сендірді М.Нұрғожин. Отырыстағы талқылауларды түйін-дей келе, «Қазғарыш» төрағасының орынбасары, мемлекеттік комиссия жетекшісі Мейірбек Молдабеков табыстылық мәселесіне үлкен мән берілетіндігін баса айтты: ««KazEOSat-2» бойынша меншік құқығын және тәуекелдерді өз мойнына алғаннан кейін «Қазақстан Ғарыш Сапары» оны коммерциялық мақсаттарда тиімді пайдалануға тиіс!» деп нықтады ол. Мемкомиссияның бірінші отырысының қорытындысы бойынша меншікке қабылдап алу мәселесін қарау туралы Хаттамаға қол қойылды. Мамандардың айтуынша, «KazEOSat-1» - жоғарғы кеңістіктік көрсетілімдегі (1 метрге дейін), ал «KazEOSat-2» -орташа кеңістіктік көрсетілімдегі (6,5 метр) оптикалық-электрондық ғарыш аппараттары болып табылады. Қазақстан бүгінгі таңда осы спутниктері арқылы Жерді ғарыштан тек суретке түсіріп қана қоймай, сонымен бірге оларды өңдеп, ақырғы тұтынушыға өнім түрінде ұсыну мүмкіндігіне ие. Осы мақсатта елорда жанынан Жерді қашықтықтан зондтау спутниктерінен мәліметтерді қабылдау, өңдеу және тұтынушыларға тарату жөніндегі нысаналы кешен салынған.
Бұл ретте отандық «KazEOSat-1» жер серігін Қазақстан 2015 жылғы маусым айында штаттық эксплуатациялауға қабылдап алды. Ал «KazEOSat-2» Қазақстанның меншігіне өткен жылдың желтоқсан айында тапсырылған. Қазіргі уақытта қос ғарыш аппараты да қалыпты жұмыс жасауда және Жерге тәулік бойы мониторинг жүргізуде. Мысалға, бірінші спутник бір тәулік ішінде 220 мың шаршы шақырымға дейінгі ауданды ғарыштан түсіре алады. Ал «KazEOsat-2»-нің көрсеткіші бір тәулік ішінде 1 миллион шаршы шақырымға дейін жетеді! Егер Қазақстан территориясының жалпы ауданы шамамен 2 миллион 724,9 мың шаршы шақырымды құрайтынын ескерсек, ғарыштағы «көздеріміз» қазақ жерін екі тәулік ішінде толық сүзіп шыға алады. «Қазғарыштың» дерегінше, жер серіктері жұмысқа кіріскелі бері 150 миллион шаршы шақырымнан астам ауданда ғарыштық түсірілім жүргізіліп, өңделген. «Олардың үлкен бөлігі «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясының бірегей архивінде тұр. Бір бөлігі тапсырыс берушілерге - еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігіне, Қорғаныс министрлігіне, ІІМ Төтенше жағдайлар комитетіне және басқаларға берілді. Жерді қашықтықтан зондтау ғарыш аппараттары ел аумағына қатысты жедел мониторингтік ақпарат алудағы, сондай-ақ экономика салаларының, мемлекеттің қорғаныс қабілеттілігінің және ұлттық қауіпсіздіктің міндеттерін шешу үшін Жерді қашықтықтан зондтау деректерін алудағы Қазақстанның тәуелсіздігін қамтамасыз етеді» деп мәлімдейді Аэроғарыш комитеті. Жалпы, ғарыштық түсірілімдер өте қымбат тұрады және мұндай әрбір сурет құны бірнеше мың доллармен бағаланады. Бұрындары Қазақстан шетелден осындай өнімге тапсырыс беру үшін қыруар қаржы жұмсайтын. Қазір ол ресурстар өз бюджетімізде қалуда. Мемлекет ЖҚЗ спутниктерінен алынған мәліметтерді ормандарға, су объектілеріне, жер қойнауына мемлекеттік мониторинг жүргізу кезінде, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мен салдарларын жоюда пайдаланады.
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді