Аққалан Жұмаеваны сарыкемерліктер жақсы таниды. Оның қолынан шыққан ұлттық киімдердің ою-өрнегі ерекше, сапалы екеніне ауылдастардың көздері жеткелі қашан. Бұл күнде Аққалан жетекшілік ететін «Әдемі» ұлттық киім дайындау орталығына тапсырыс беретіндер қатары өскен.
Жиырма жылдан астам уақыттан бері тігіншілік кәсіпке ден қойған Аққаланның жолы Елбасының қолдауымен өмірге келген «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасы арқылы ашылды. Бұрын шеберханаға ыңғайлы орын болмай, жұмысқа көп қолайсыздық тудырып келген еді. 2013 жылы аталған бағдарлама аясында 7 миллион теңге несие алып, екі қабатты тігін шеберханасын салдырып, арманына қол жеткізді. Бұл несиеге қосылған үстеменің жартысын (7 пайызын) «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамының облыстық филиалы субсидиялап келеді. Бастысы өмірлік жолдасы Ысқақ Жұмаев ісмерлігі өңірге мәлім болған Аққаланның өнеріне қолдау көрсетеді. «Бірлік бар жерде тірлік бар» демекші, екеуінің ынтымағы, татулығының арқасында қолға алған ісі алға басуда. Осында қазақы оюлармен өрнектеліп жейде, түрлі шапан, тақия, оюлы көйлек, костюмдер тігіледі. Мұнда ұзақ жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Жұпар Қалмұратова, Амангүл Әбдірашитова, Халима Ақдәулетова, Айнұр Темірова және Орынкүл Ерниязова тігін саласының хас шеберлері, нағыз мамандары десе де болғандай. Алатын жалақылары да ойдағыдай. «Еңбегіне қарай өнбегі» деген осы, сірә. «Әдемі» тігін шеберханасының шебер тігіншілері қазақтың ою-өрнегін ерекше қадірлейді. Олардың қолынан шыққан сыңармүйіз, сыңарөкше, қошқармүйіз өрнектерімен әдіптелген киімдердің сәні де ерекше. Шеберханаға әр мереке сайын мекемелерден тапсырыс түсіп жатады. Ою-өрнегі келіскен ұлттық киім тіктіреді. Ұлыстың ұлы күні – 22 наурыз қарсаңында аталған тігін орталығының жұмысы тіпті қыз-қыз қайнайды. Ұлттық өрнектен құндылық іздегендер «Әдеміге» тапсырыс беруге құштар-ақ. Өйткені, «Әдемінің» әдемі ұлттық бұйымдарына, ұлттық киімдеріне көңілі толып, сүйсініп жүргендер жетерлік. Қыздардың қолымен әдіптелген бұйымдар көздің жауын алады. Қыздың жасауындай деген теңеу сірә осындай шеберлерге қарата айтылса керек.
Есет Досалы,
«Ақ жол».
Байзақ ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді