Кісілік пен кішілік

Кісілік пен кішілік
ашық дереккөз
Кісілік пен кішілік

Шу  ауданынан 2 Кеңес  Одағының  Батыры, 32 Еңбек  Ері  шыққан.  Аудан  орталығындағы  Батырлар  аллеясының  қос  қапталына  осы  атпал  азаматтардың  мүсіндері  биік тұғырға орнатылған. Жан-жағы жасыл желекпен көмкерілген  аллеяның editing and writing ұзындығы  орталықтан  Шу  өзеніне  дейін  жалғасып, оның  біраз бөлігіне Ленин орденімен марапатталған шулықтардың портреттері ілінген. Аллея бүгінде  мектеп бітіруші  түлектердің таң рауанын қарсы алатын ерекше демалыс орнына айналды. Ондағы субұрқақтар адамға ерекше әсер қалдырады. 

Ауданда ауған жерінде қаза болған боздақтар үшін арнайы орнатылған құлпытас та аталған аллеяға жақын жерге қойылған. Мұндай ескерткіш белгі сол кезде республика бойынша Төле би ауылында бой көтеріпті. Шулықтар бұл аллеяны «Бейсеевтің аллеясы» деп атап кеткелі қашан. Себебі, ол кісі 1986 жылы Шу аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет еткен кезде осы өңірден шыққан Кеңес Одағының Батырларына, Социалистік Еңбек Ерлеріне, Ленин ордені иегерлеріне арналған «Даңқ» аллеясының және жастар демалыс орнының негізін қалап, пайдалануға берілуіне басшылық жасағаны бар. Жалпы, орталық көшелердің жиегінен шағын арықтар қазылып, сылдырап су аққанын, Шу өзенінің жағасына да ақ қайыңдар отырғызылып, бүршік атқанын көнекөз қариялар Халилдің еңбегі деп айтып отыратын. Халил Бейсеевтің ауданға сіңірген еңбегі зор. Ол аупартком болған жылдары өрісіміз малға толды. Жайқалған астықты алқаптар даланы әнге бөледі. Қант қызылшасын өсіру қарқын алып, ауданның табысы артты. Сол кезде жиырма шақты машина күніне екі рет Шудағы зауытқа сүт таситын. Жұмыс қорытындысы пайызбен өлшенетін. Бұдан аудан көрсеткіштері жоғарыламаса, төмендеп көрген емес. Осының нәтижесінде ауыспалы Қызыл Ту да бізге бұйырған. Халил Сағымбекұлының Шу ауданының шаруашылық ісін ұршықша иіріп әкетуіне бір кездері Байзақ ауданының экономикасы шарықтап дамыған атақты «Трудовой пахарь» колхозын ұзақ жылдар бойы басқарған Еңбек Ері Александр Нахмановичтің қарамағында он шақты жыл бас инженерлік қызметті абыроймен атқаруының септігі тисе керек. Ол қандайда бір жұмысты бар ынтасымен орындайтын. Т.Рысқұлов ауданында атқару комитетінің төрағасы болған кезінде де адалдықтан аттамады. Партия оған қандай маңызды мәселені тапсырса да тиянақты, тұжырымды жүзеге асыра білді. Өндірістегі, басқарудағы еңбектерін ғылыммен ұштастырып отыратын. Оның техника ғылымдарының кандидаты атануы мүлдем кездейсоқтық емес. Оны қай қиырға салса да, еш қиынсынбайтын. Ешбір сыннан сүрінбей, сыр бермей өте білді. Осы айтулы азаматтың басшылық қырлары ауданның бірінші басшысы болған тұста қайта түлеп, ұштала түсті. Сексенінші жылдардың соңына таман ауданымызға Нұрсұлтан Назарбаев іссапармен келді. Ол кезде Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақ КСР Министрлер кеңесінің төрағасы еді. Шу қаласындағы жаңадан салынып жатқан зәулім вокзалдың құрылысына ат басын бұрып, жұмыс барысымен танысқаннан кейін, «Тасөткел» су қоймасының қай маңда орналасқанын, қандай проблемасы барын сұрайды. Сонда Халил Бейсеев: – 1971 жылы пайдалануға берілген су қоймасы күрделі жөндеуді қажет етеді. Қойманың кейбір жерлерін су шайып жатыр. Қырғыз ағайындар көктемде суды көбірек жіберсе, дамбысы қопарылып кете ме деген қауіп бар, – деп мән-жайды жасырмай баяндап береді. Сонда аудан басшысының мынадай суыт хабарынан селк етіп шошып кеткен облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Әнуар Жақыпов: – Нұреке, Халил сізге асыра сілтеп айтып отыр. Менің білуімше, ондай қауіп жоқ,– дейді. Нұрсұлтан Әбішұлы таласты тоқтатып, су қоймасын барып көріп, мәселенің мәнісіне қанығады. Осылай «Тасөткел» су қоймасына жөндеу жұмыстары Халекеңнің қайсарлығы мен қайраткерлігінің арқасында жүргізілген болатын. Лауазымы жоғары адамдардан орынсыз ескертулер алса да, турашылдығынан таймайтын. Ол қызметтен босап қаламын деп бұқпантайлаған емес. Тағы бір ерекше қасиеті – ел-жұрттан оқшауланбайтын. Жұмысқа орталық саябақ арқылы жаяу келіп, жаяу қайтатын. Аудан басшысымен кездескісі келгендер саябақта оның жолын тосып жүретінін де талай көрдік. Бәлкім, бұл оның қарапайымдылығы шығар. Кеуде керіп, жүре тыңдау сияқты бюрократтық іс-әрекет ол кісіге жат. Бір кездері Халил Сағымбекұлы Шу сайлау округі бойынша Парламент Мәжілісінің депутаттығына балама негізде үміткер болып тіркелді. Мен сенімді өкілі болдым. Екеуміз ауыл-аймақтардағы сайлаушылармен кездестік. Сонда ауылдың үлкені мен кішісінің Халекеңе деген ықыласы зор екеніне көзім жетті. Қай ауылға барсақ та, оң қабақпен қарсы алып, жылы жүзбен шығарып салды. Сондай сәттерде Халекең іштей тебіренетін. Бірде оңаша қалғанымызда: – Елден айналайын, аз ғана еңбегімді елеп, төбесіне көтерді ғой, – деп толқыған. Иә, жақсылықты жалау еткен азаматтың еңбегін елі ұмытпайды. Қазақстанның Инженерлік академиясының корреспондент мүшесі, Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының және Тараз мемлекеттік университетінің құрметті профессоры, жиырмадан астам ғылыми еңбектердің авторы, «Халықтар достығы» орденінің иегері, Жамбыл облысы және Шу, Т.Рысқұлов, Байзақ аудандарының Құрметті азаматы Халил Бейсеев – міне, осындай жан.

Ахметжан Қосақов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Шу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар